«Qazaq Astyq Group» ЖШС тазартылған май өндіретін жаңа желіні іске қоспақ. Өндіріс қуаттылығы жылына 72 мың тонна дайын өнімді құрайды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге.
Бұл шешім компанияның өндірістік қуатын кеңейтуге және өсімдік майларына деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Сұраныс тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да өсіп келеді.
Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 1200 тонна күнбағыс, рапс немесе зығыр тұқымын өңдеп, 522 тонна өсімдік майын, 430 тоннадан астам шрот және 36 тонна түйіршіктелген қабық өндіреді.
Шикізаттың негізгі жеткізушілері – отандық және ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілері.
Зауыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығында сатылып қана қоймай, ТМД елдері мен басқа да мемлекеттерге экспортталады. Оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Үндістан, Италия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эстония және басқа елдер бар.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Жер ресурстарын басқару департаментінің (ҚР АШМ ЖРБК) талабын қанағаттандырып, ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған 39,3 мың га ауыл шаруашылығы жерін мәжбүрлеп қайтару туралы шешім қабылдады.
Тексеру нәтижесінде Ерейментау ауданының Сілеті, Ақсуат және Қойтас ауылдық округтеріндегі, оның ішінде 4 747 га егістік пен 34 425 га жайылымдық жер мақсатты түрде пайдаланылмағаны анықталды. Жер иесіне заңбұзушылықтарды жою үшін бір жыл уақыт берілгеніне қарамастан, ол қажетті шараларды қабылдамаған.
Апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдырды. Енді бұл жерлер тиімді пайдаланушыларға беріледі, ал олардың игерілуіне бақылау жалғасады.
2025 жылғы қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Ресей Федерациясының министрі Оксана Лут арасындағы келіссөздер барысында Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мәселелері шешілді. Россельхознадзор тарапынан шектеулердің алынып тасталуына қатысты сұраққа жауап бере отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров Ресей тарапынан транзитке қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Ресейге бидай, жасымық және майлы дақылдарды импорттауға уақытша шектеулер қойылған. Алайда, бұл өнім түрлері бойынша Ресей өз қажеттіліктерін толық қамтамасыз еткендіктен, ресейлік нарық қазақстандық өндірушілер үшін мақсатты нарық болып табылмайды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті мен Россельхознадзор өкілдерінің қатысуымен жағдайды реттеу бойынша келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының маңыздылығын арттыру және жұмысшы мамандықтарды танымал ету мақсатында фестиваль өтуде.
Фестивальдің басты нысандарының бірі – Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырған аграршылар көшесі. Серіктестер қатарында «Ecoculture-Eurasia» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ», «Евразия Агро Семей» ЖШС, Qazsut Сүт палатасы, Westfalie, Қазақстанның Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы, Қазақстан Құс өсірушілер одағы және Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бар.
Аграршылар көшесінде егіншілік, мал шаруашылығы және механизаторлар павильондары орнатылып, саланың жетістіктері көрсетілді.
Келушілер заманауи аграрлық технологиялармен танысып, трактор жүргізу симуляторын сынақтан өткізіп, инновациялық сауу жабдығын көріп, жылыжай кешеніне 3D-тур жасай алады және басқа да қызықты тәжірибелерге қатыса алады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҰАҒББО және Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ бірлесіп «АӨК мамандары: мемлекет, бизнес және білім рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырды. Онда саланы кадрлық қамтамасыз ету мәселелері, ауыл шаруашылығының дамуындағы заманауи үрдістер, цифрлық технологиялар мен болашақ мамандарының АӨК тиімділігін арттырудағы рөлі талқыланды.
Аграрлық өндірісті жедел индустрияландырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл техникалық жабдықталуды арттыру, ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу, ғылыми қолдау мен инновациялық әзірлемелерді күшейту, сондай-ақ нақты сектордың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау жүйесін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өз жұмысын жалғастырып, келушілерге болашағы зор мамандықтар мен әртүрлі саладағы, соның ішінде ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар туралы көбірек білуге бірегей мүмкіндік ұсынып отыр.
Абжанов Жексен Олжабайұлы 57 жаста, «Болат» шаруа қожалығының жұмысшысы, Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Шақат ауылы.
Еңбек жолын 1984 жылы Лебяжі ауданының XXIII партия съезі атындағы совхозында механизатор болып бастаған. Кеңес әскері қатарында қызмет еткеннен кейін совхозда, орман шаруашылығында еңбек етті.
2012 жылдан бастап шаруа қожалығында жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта 1450 бас қазақтың ақбас сиыры бар. Қарауындағы мал басының тәуліктік орташа салмақ қосуы 900 грамм, ал 100 сиырға шаққандағы жылдық төл алу көрсеткіші 95 бұзауды құрайды.
Жексен Олжабайұлы – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман, ұжым арасында үлкен құрметке ие. Тәжірибелі тәлімгер ретінде жас мамандармен кәсіби және өмірлік тәжірибесімен бөліседі.
2024 жылы «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Орталық Азияда «Бір денсаулық» тұжырымдамасына негізделген пандемияға дайындық пен оған қарсы әрекет етуге бағытталған «Пандемиялармен күрес қоры (Қазақстан)» жобасы аясында, Пандемиялар қорының қаржылық қолдауымен, ФАО Қазақстан «Қазақстанда антимикробтық препараттарға төзімділікті тежеу: жетістіктер, сын-қатерлер және саларалық ынтымақтастықтың келесі қадамдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға ФАО, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР ДСМ КСЭК өкілдері мен кәсіби қауымдастық мүшелері қатарынан 30-дан астам маман қатысты. Оның басты мақсаты – ветеринария саласында антимикробтық препараттарға төзімділікті эпидемиологиялық қадағалау бойынша пилоттық бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу болды.
Антимикробтық препараттарға төзімділік (АПТ) – адам денсаулығы, жануарлар және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен жаһандық қатерлердің бірі. Қазақстанда бұл мәселе стратегиялық маңызды деп танылған, оны 2023–2027 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында антимикробтық препараттарға төзімділікті тежеу шаралары» жол картасының қабылдануы растайды.
Жоба ветеринария саласындағы эпидемиологиялық қадағалау бойынша пилоттық бағдарлама болып табылады және «Бір денсаулық» тұжырымдамасы аясында АПТ-мен күресудің кешенді тәсілін қамтамасыз етудің маңызды қадамы саналады.
Талқылау барысында қатысушылар пилоттық бағдарламаны енгізу үшін басым аймақтарды іріктеу критерийлерін айқындады, оған қолданыстағы инфрақұрылым мен эпидемиологиялық жағдай ескерілді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен жергілікті ерекшеліктерге сүйене отырып, мониторингке жататын негізгі патогендер тізімі келісілді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау секторындағы қолданыстағы эпидемиологиялық қадағалау жүйесімен пилоттық бағдарламаны ықпалдастыру механизмдері қарастырылды.
«Антимикробтық препараттарға төзімділікті бақылауда саларалық өзара әрекеттестіктің маңыздылығы және ветеринария саласы мен денсаулық сақтау жүйесі арасындағы үйлестіру механизмдерін айқындау қажеттілігі өте өзекті», – деп атап өтті ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегенов.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар АПТ-ны тиімді бақылау үшін саларалық ынтымақтастық пен деректер алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жақын арада пилоттық бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу аяқталып, басым назар аударуды қажет ететін патогендердің түпкілікті тізімі бекітілетін болады.
Саланы дамытуға қатысты бизнес өкілдерімен талқылау аясында Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров етті мал шаруашылығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жеңілдетілген қаржыландыру, саланы дамытуға арналған фискалдық құралдар, сондай-ақ тірі мал нарығын реттеудің артықшылықтары мен кемшіліктері талқыланды.
ҚР АШМ мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты селекциялық-асылдандыру жұмыстарына берілетін субсидияларды басқа қолдау құралдарымен алмастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына мал өткізуді субсидиялау нормативтерін өзгерту және саланы жеңілдетілген қаржыландырумен қамту мәселелері қарастырылып жатыр.
Етті мал шаруашылығы, аграрлық сектордың басқа да салалары сияқты, қолжетімді айналым қаражатына мұқтаж. Сондықтан биыл министрлік 15 ай мерзімге 5% жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, инвестициялық мақсаттағы несиелерді де жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша қаржыландыру мүмкіндігі талқылануда.
Тағы бір маңызды мәселе – фискалдық шаралар.
«Қазіргі уақытта белсенді талқыланып жатқан ҚҚС (Қосылған құн салығы) мәселесінен бөлек, фискалдық құралдардың ауыл шаруашылығы өнімдері нарығының “көлеңкеден шығуына” ықпал ететінін ескеру қажет. Әсіресе, дайындау кәсіпорындары үшін салықтық ынталандырулар артықшылыққа айналып, жүн, тері, жеміс-көкөніс өнімдерін жинау мен өңдеуге серпін бере алады», – деп түсіндірді «MB4» ЖШС директоры Азамат Шалмағамбетов.
Министр салықтық өзгерістерді мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауды «көлеңкеден шығару» шараларын ынталандыру – басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі – ет, әсіресе сиыр еті бағасының өсуі болды.
«Бұған дейін енгізілген әкімшілік тыйымдар мен шектеулер салаға кері әсерін тигізді. Тыйымдар мен квоталау салдарынан мал шаруашылығының рентабельділігі төмендеп, кей фермерлер мал өсіруді тоқтатуда», – деді «Ангус Қазақстан» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов.
«Ет бағасының өсуі ең алдымен алыпсатарлардың белсенділігімен байланысты. Олар түрлі жолдармен малды сыртқа шығарып отыр. Біз әкімшілік тыйымдардың саланың дамуына кедергі келтіретінін түсінеміз. Бірақ ІҚМ (ірі қара мал) нарығын ашу үшін ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Шешу жолдарын бірге талқылаймыз, сіздердің ұсыныстарыңыз қарастырылады», – деді А. Сапаров.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР АШМ жанынан құрылған етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс тобы аясында бизнес өкілдерімен кеңейтілген талқылаулар өткізіледі.
Eurasian Milk зауыты өндіріс орындарын жаңартуды жоспарлап отыр. Құны 120 млн теңге болатын жобаны іске асыру сүтті қайта өңдеу көлемін екі есеге арттыруға және шығарылатын өнім ассортиментін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын тәулігіне 300 тоннаға дейін сүт өңдей алатын болады, бұл жылына 100 мың тоннадан асады. Жоғары өңделген дайын өнім өндірісі де өседі, жылына 45 мың тоннадан асады.
Ассортиментті кеңейту зауытты дамытудың негізгі бағыты болады.
Алдағы айларда компания қатты және жартылай қатты ірімшіктер, қаймақ және сүзбе өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Бұл инновациялар өнімнің қосымша құнын арттыруға және Eurasian Milk-тің нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның ең жақын жоспарларының бірі-қоюландырылған сүт өндіруге арналған жаңа желіні орнату. Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы сомасы 50 млн долларды құрайды және болашақта ол 70 млн долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл компанияның өз өнімдерінің сапасын дамыту және жақсарту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстың дәлелі болса, сондай-ақ, тұтынушыларға және жалпы аймақтың экономикасына оң әсер етеді.
ҚР АШМ қолдауымен озық жоғары сапалы тұқымдар орталығы құрылуда.
Жоба 2026 жылы Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты базасында жүзеге асырылады.
Орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары білікті мамандармен жасақталады. Оның негізгі міндеті – өнімділік пен экологиялық қауіпсіздікке қатер төндіретін патогендерге қарсы күрес жүргізу.
Орталық тұқым шаруашылықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, әртүрлі дақыл тұқымдарының сынамаларын талдаудан өткізеді. Жобаның басты мақсаты – 2030 жылға қарай отандық тұқым үлесін 80%-ға дейін жеткізу.
Фитоэкспертизаның инновациялық әдістерін қолдану және тұқымдарды сауықтыру өнімділікті арттырып қана қоймай, егіннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мамандардың бағалауы бойынша, тұқымдық қорды сауықтыру өсімдік ауруларымен күрестегі негізгі фактор болып табылады, себебі олардың 70%-ы тұқым арқылы таралады. Орталықтың жұмысы нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі кемінде 40%-ға артуы мүмкін деп күтілуде.
Фестиваль болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға жақсы алаң болды. Жобаның мақсаты-жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, экономикада сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу, жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту, жұмыс берушілердің жұмысшы мамандықтарын даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейту.
Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы министрлігі ҰАҒББО және С. Сейфуллин атындағы ҚАЗУ-мен бірлесіп «АӨК үшін кадрлар: мемлекеттің, бизнестің және білім берудің рөлі» атты панельдік отырыс ұйымдастырды.
Қатысушыларға Ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі үрдістері, алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі заманауи технологиялар мен болашақ мамандарының рөлі туралы айтылды.
АӨК салаларының техникалық жарақтандырылуын арттыру, ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтау, ғылыми қамтамасыз етуді күшейту және инновациялық әзірлемелерді енгізу, нақты сектордың қажеттіліктеріне сәйкес кадрлық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру жөнінде шаралар кешенін қабылдау арқылы аграрлық өндірісті индустрияландыруды жеделдету қажеттігі атап өтілді.
Айта кетейік, бүгінде агроөнеркәсіптік кешенде 300 мыңнан астам өндіруші жұмыс істейді, олар 1,1 млн.адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, оның ішінде 595 мың жұмысшы мамандығы.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі 5 күнге жоспарланған.
Қатысушылар түрлі семинарларға, мастер-кластарға, кәсіптер шеруіне, бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, стартаптарды таныстыра алады.