2025 жылғы 14 мамыр - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Гарж-ле-Гонес қаласының мэрі Бенуа Жименемен кездесіп, децентрализацияланған ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Сұхбат барысында тараптар мәдениет, инновациялар және халықтар арасындағы креативті диалогтың бір түрі ретінде цифрлық өнер салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту жолдары жөнінде пікір алмасты.
Айта кететін жайт, мэр Б. Жимененің қолдауымен Гарж-ле-Гонес қаласында бірнеше жыл бойы қазақ диаспорасы үшін Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтуде. Бұл қолғабыс екі елдің мәдениеттері арасындағы өзара түсіністік пен достықтың нақты көрінісі болып табылады.
Сондай-ақ, Елші 2023 жылы ашылған жастарды шығармашылыққа және мәдениеттер арасындағы диалогқа тартуға бағытталған "Le Cube Garges" мәдени инновациялар орталығының қызметімен танысты. Орталық кітапхана, медиатека, кинотеатр, музыкалық студиялар мен технологиялық жобаларды жүзеге асыруға арналған шеберханаларды біріктіреді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, екіжақты байланыстарды жандандыру мақсатында тұрақты қарым-қатынас орнатуға уағдаласты.
Париж, 5 мамыр 2025 жылғы – ФР Ұлттық Ассамблеясында Франция парламентінің төменгі палатасының Халықаралық істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фукстың төрағалығымен «Франция мен Қазақстанның берік стратегиялық әріптестігі Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың көпірі және үдеткіші ретінде» тақырыбында конференция өтті.
«IPSE» француз талдау орталығының президенті Эммануэль Дюпюи ұйымдастырушысы және модераторы болған пікірталасқа француз депутаттары, бизнес-қоғамдастық өкілдері, талдаушылар, сарапшылар мен журналистер қатысты.
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова конференцияны ашқан сөзінде 2024 жылғы қарашада ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша нығайтылған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген қазақстан-француз ынтымақтастығының негізгі бағыттарын аудиторияға таныстырды. Қазақстандық дипломат Орталық Азия өңірінің халықаралық аренадағы стратегиялық салмағының артып келе жатқанын, сондай-ақ, біздің еліміздің өңір ішінде де, оның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында да көшбасшылық рөлін атап өтті. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушыларға ү.ж. мамырдың соңында елімізде Astana International Forum және француз компанияларының делегациясы қатысатын Қазақстан-француз бизнес-форумы өтетіні туралы жеткізілді.
Өз кезегінде, конференция спикерлері ЕО-ның ОА өңірімен қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастығының перспективалық бағыттарын талқылай отырып, осы процестердегі Қазақстанның шешуші рөлін растады. Сондай-ақ, біздің еліміздің орта держава ретіндегі геосаяси рөлінің артуы атап өтілді.
Бұған қоса, сарапшылар Астананың көпвекторлы саясатын, «Орталық Азия – Еуропа» бағытында Қазақстан мен Францияның өңіраралық алмасуы кеңеюінің ерекше байланысын және Самарқандағы «ЕО - ОА» саммитінің нәтижелерін, сондай-ақ аталған жиын барысында ҚР Президенті бастамаларын жоғары бағалады.
Париж, 2025 жылғы 22 сәуір — Париж қаласында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен Францияның 50-ден астам ірі компаниясының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан – Франция іскерлік кеңесі мен Франция кәсіпкерлер қозғалысы MEDEF International-дың қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Астанада өтетін екі ірі халықаралық іс-шараның тұсаукесері өтті:
2025 жылғы 28 мамырда өтетін “Франция күні” аясындағы Қазақстан–Франция инвестициялық форумы және
29–30 мамырға жоспарланған Астана халықаралық форумы.
Гүлсара Арыстанқұлова қатысушыларды алдағы іс-шаралардың форматы және мазмұнымен жан-жақты таныстырып, Астана халықаралық форумының рөліне ерекше тоқталды. Бұл алаң қысқа уақыт ішінде тұрақты даму, геоэкономика, климаттың өзгеруі мен технологиялық трансформация тақырыптарын талқылайтын беделді жаһандық пікірталас алаңына айналды. Форум саясаткерлерді, бизнес көшбасшыларын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін біріктіре отырып, Қазақстанды әлем аймақтарын байланыстыратын маңызды диалогтық көпір ретінде танытады.
Сондай-ақ, алдағы инвестициялық форумның 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Францияға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудағы маңызды құралы ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Бұл сапар екіжақты қатынастарды нығайтылған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріп, бірлескен экономикалық бастамаларды кеңейтуге берік негіз қалады.
Елші өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарын ұсынды. Ол инвестициялық ахуалдың тұрақтылығын, институционалдық реформалардың сабақтастығын және еліміздің ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде өңдеуші өнеркәсіп, стратегиялық маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу, денсаулық сақтау және фармацевтика, сондай-ақ туризм аталды.
Ашық пікірталас барысында француз іскерлік ортасының өкілдері Қазақстанмен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделілік танытып, бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты нақты сұрақтар қойды.
Кездесу қорытындысы бойынша француз компаниялары Астанада өтетін алдағы іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екендерін растап, Қазақстанмен экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.
Париж, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Франциядағы
Елшілігінің қолдауымен Қарағанды халықаралық әуежайының Басқарма
төрағасы Руслан Ғаббасов бастаған әуежай басшылығы мен әлемдегі ірі
контейнерлік тасымалдаушылардың бірі болып табылатын француздық CMA
CGM көлік-логистика тобының өкілдері арасында онлайн-келіссөздер өтті.
Кездесу барысында тараптар жүк әуе тасымалы саласындағы
ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде Қарағанды әуежайын
Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде пайдалану мүмкіндігін
талқылады.
Бұдан басқа, инфрақұрылым, қызмет көрсету шарттары, өңірдің
логистикалық әлеуеті және коммерциялық ынтымақтастық шарттары
мәселелері қозғалды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылықтарын білдіріп, ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement - Compagnie Générale Maritime) –
1978 жылы Францияда негізі қаланған, әлемдегі ең ірі теңіз тасымалдау және
контейнерлік операторлардың бірі. Компания әлем бойынша көлемі жағынан үшінші
контейнер иесі болып саналады.
2024 жылы компанияның айналымы 55,5 млрд АҚШ долл. құрады.
2006 жылдан бастап Алматы қаласында компанияның Орталық Азия бойынша
өңірлік штабы қызмет етуде.
Париж, 2025 жылғы 15 сәуір - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты, сондай-ақ Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тең төрағасы Лоран Сен-Мартенмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы күшейтілген стратегиялық әріптестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Француз министрі 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Парижге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелерін жоғары бағалап, еліміздің Орталық Азиядағы Франция үшін жетекші әрі сенімді серіктес ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру мен жаңа екіжақты бизнес-бастамаларды ілгерілетуге қызығушылық білдірді.
Өз кезегінде Елші Г. Арыстанқұлова Қазақстанның Франциямен стратегиялық әріптестікті жан-жақты нығайтуға ниетті екенін білдіріп, сирек металдар, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Аталған бағыттарда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға Қазақстан Үкіметі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіні де расталды.
Кездесу қорытындысында Лоран Сен-Мартен ү.ж. мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына және оның аясында ұйымдастырылатын Қазақстан-Франция инвестициялық форумына қатысатынын хабарлады. Сондай-ақ, бұл іс-шараларға француз іскерлік топтарының өкілдері де келетінін, олардың қатысуы екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашатынын атап өтті.
Париж, 2025 жылғы 5 сәуір - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі мен «QazElles» қауымдастығы Шымкент қаласы әкімдігі мен Париждің 17-ші округінің мэриясының қолдауымен француз астанасында Наурыз мерекесіне орай «Village kazakh» іс-шарасын ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова, Париждің 17-ші округінің мэрі Ж. Булар және оның орынбасарлары, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігінің Туризм басқармасының басшысы Б.Адилханов қатысты.
Наурыз мерекесі аясында «Qagan» этно-ансамблі қазақ халық музыкасын орындады, ал «Яссы» би ансамблінің қойылымдары көрермендерді қазақ мәдениетінің атмосферасына сіңірді. «Ұршық» қауымдастығының қолөнершілері өздерінің ерекше бұйымдарын көрсетті. Осылайша, іс-шара қонақтары киіз бұйымдарын жасау шеберлігін тамашалап, қолмен жасалған қазақ зергерлік әшекейлерімен таныса алды.
Сондай-ақ, қатысушылар Терн алаңында орнатылған қазақтың киіз үйімен танысу мүмкіндігіне ие болды, ол барлық назардың орталығына айналды.
Осы алаңда екінші рет өткізілген бұл іс-шара Париж тұрғындары мен астананың қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, еліміздің мәдениеті мен ерекше дәстүрлері туралы ұмытылмас әсер қалдырды. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы іс-шара 2024 жылдың мамыр айында өткізіліп, нағыз мәдени оқиғаға айналып, қазақ өнері мен қонақжайлылығының сан қырын көпшілікке танытты.