Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Түркия Республикасы Қазақстан Республикасының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өсті. Сонымен қатар, Қазақстанның Түркияға экспорты 17,7%-ға артып, 3,9 млрд АҚШ долларына жетті. Нәтижесінде оң сауда балансының көлемі 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Екіжақты сауда өсімінің негізгі драйвері қазақстандық өнімдердің Түркия нарығына жеткізілімдерінің артуы болды. Атап айтқанда, мыс және мыс катодтарының экспорты 23,6%-ға, шикі мұнай экспорты 23,7%-ға өсті, өңделмеген алюминий жеткізілімдері 6,2 есеге, кептірілген бұршақ дақылдары 2 есеге, ал пропилен полимерлері 2,4 есеге артты. Түркияға экспортталатын негізгі тауарлар қатарында мыс және мыс катодтары (1,7 млрд АҚШ долл.), шикі мұнай (1,5 млрд АҚШ долл.), өңделмеген алюминий (160,6 млн АҚШ долл.), кептірілген бұршақ дақылдары (155,2 млн АҚШ долл.), мұнай өнімдері (136,7 млн АҚШ долл.) және пропилен полимерлері (72 млн АҚШ долл.) бар.

Инвестициялық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық табысты дамуда. 2005 жыл - 2023 жылдың - 6 айы  аралығында Қазақстан экономикасына Түркиядан 4,9 млрд. долл. шамасында тікелей инвестициялар тартылған. Өз кезегінде, Қазақстан Түркия экономикасына 2005 жылдан қазірге дейін 1,1 млрд. долл. шамасында инвестиция салған.

Түркиядан соңғы 18 жылда тартылған инвестицияның 51,4%, яғни жартысынан астамы соңғы 6 жылғы (2018-2022 жж.) тиесілі.  

2005-2010 жылдарда тартылған түркиялық инвестициялардың орташа жылдық көлемі 159,3 млн. долл. құраса, аталған көрсеткіш 2011-2016 жылдарда 216,8 млн. долл., ал 2017-2022 жылдарда 397,3 млн. долл. дейін артты. Яғни Түркиядан Қазақстанға тартылып жатқан инвестициялар көлемі тұрақты өсім көрсетуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары аясында (2022 жылғы 10-11 мамыр) Мемлекет Басшысының қатысуымен 40 ең ірі түрік холдингтері мен іскер топтарының басшыларымен арнайы жиын ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға қатысқан түрлі секторларда жетекші позицияларға ие түрік бизнесі өкілдерінің жалпы жылдық капитал айналымы 95 млрд. долл. құрайды. Жиын шенберінде Мемлекет Басшысы «Koс Holding», «TAV Havalimanları Holding», «Yildirim Holding», «Goknur Gida» және «Sembol» іскерлік топтарымен екіжақты кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, Президент түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанда іске асырып жатқан және перспективалық ірі жалпы 16 инвестициялық жобамен танысты.

Мемлекет Басшысының аталған сапары барысында екі ел кәсіпкерлері арасында құны 1,4 млрд. долл. құрайтын 20 инвестициялық келісімдер мен 10 өзара түсіністік туралы Меморандумдарға қол қойылды.

Үкіметаралық экономикалық комиссия

Екі жақты экономикалық қарым-қатынастарды ілгерлетудің тиімді тетігі болып Қазақстан мен Түркия арасындағы Үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық комиссиясы (ҮЭК) саналады.

ҮЭК-ның тең төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайылов және Түркия Республикасының Вице-Президенті Д.Йылмаз.

2022 жылғы 4 наурызда Астана қаласында Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында бірлескен Үкіметаралық экономикалық комиссиясының  12-ші отырысы өтті.

Тараптар ҮЭК жұмысы қорытындысы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жоспарын бекітті.

 


 

Жарияланған күні

30 наурыз 2020

Жаңарту күні

11 қыркүйек 2026