Ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасының іске қосылуы

Ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасының іске қосылуы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасының басталғанын және байланыс операторлары үшін үлестік гранттар алуға ашық конкурс басталғанын хабарлайды.

Конкурс жобаны жүзеге асыру аясында өткізіледі және ауылдық жерлерде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын Интернет желісімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба жергілікті Интернетке қолжетімділік желісі жоқ 1 123 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) салуды қарастырады.

Жобаны іске асыру 445 мыңнан астам үй шаруашылығын қосуға және шамамен 2,3 миллион адамды жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында байланыс операторларына ауылдық жерлерде телекоммуникациялық желілерді салуға жұмсалған расталатын күрделі шығындардың 50%-ына дейінгі мөлшерде қайтарымсыз үлестік гранттар беріледі. Құрылыс операторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл ретте салынған инфрақұрылым олардың теңгерімінде (балансында) қалады.

Қатысушыларды іріктеу тең қолжетімділік, ашықтық және есептілік принциптерін сақтай отырып, Ашық конкурс негізінде жүзеге асырылады.

Жоба туралы толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/telecom/projects/details/3834?lang=kk

Конкурс туралы ақпарат:

https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/documents/details/968690?lang=kk