Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Жиынға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндамалары тыңдалды.
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 78 көрсеткіш негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуға талдау жүргізілді. Индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескерілді. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктелді, олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларынындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.
Премьер-министр Екібастұз қаласы экономикасын көтерудің және әртараптандырудың орнықты серпінін атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды.
«Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған “жасыл” технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды.
«Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз әрине әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл ретте бизнесті қолдау жүйесінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Жүйелі трансформацияны қамтамасыз ету үшін Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетуі тиіс, Ұлытау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақтарды іске қосу бойынша жұмысты күшейтуі қажет.
Облыс әкімдіктерінің алдына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасын іске асыру үшін дайын өндірістік алаңдарды айқындау міндеті қойылды.
«Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін моноқалаларда, оның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттарды кеңінен таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Туризм және спорт, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен облыс әкімдіктері биылғы 1 желтоқсанға дейін нақты инвестициялық жобаларды ескере отырып, моноқалалардағы экономика өсімінң жаңа драйверлерін айқындау бойынша шаралар әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалалардағы техникалық мамандар тапшылығын азайту мәселесін пысықтауы керек.
Сондай-ақ Көлік министрлігіне өңір әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін ірі көлік дәліздерінің бойында орналасқан моноқалалардағы сервистік қызметті дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Биыл ақпан айында үкімет Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын бекіткен болатын. Алдағы бес жылда өңірде өңдеу өнеркәсібінде кемінде 15 жаңа өндірісті іске қосу жоспарлануда. Бұл 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Агломерациялық тәсілдің артықшылықтары туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинарда айтып берді.
- Біз не үшін Қарағанды агломерациясын құрдық? Мұнда ғылымды, біздің жетекші университеттерімізді қостық, олар бәрін негіздеді. Қазір барлық даму жоспарлары агломерацияны ескере отырып құрылған. Біріншісі - серіктес қалаларды Қарағандымен байланыстыратын қоғамдық көліктің бірыңғай жүйесі. Қазір оны моделдеп жатырмыз. Жолаушылар тасымалында бірыңғай тариф жұмыс істейді, күнделікті еңбек көші-қонын ескере отырып, электронды билет жүйесі енгізілді, - деп атап өтті өңір басшысы. - Бизнес үшін логистика ыңғайлы болуы үшін жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй де назарда.
Облыс әкімі металлургиялық кластерді дамыта бастаған Теміртауды мысал ретінде келтірді. Ол үшін жобалар пулы құрылды. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау көзделген.
Сондай-ақ зәкірлік жобаларға және шағын өнеркәсіптік аймақтар құруға баса назар аударылады.
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға көп көңіл бөлінбек: кәсіпорындарға білікті жұмыс күші қажет.
Қарағанды облысында Премьер-министрдің тапсырмасымен моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинар-кеңес өтуде. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 әкім, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың вице-министрлері қатысады. Саран кейсі Қазақстанның барлық өңірлерінің назарын аударды, ол индустриялық аймақты құрудың арқасында моноқалалар қатарынан шығып, қазір өнеркәсіптік қуатын сенімді түрде арттырып келеді. Жаңа зауыттарда қазірдің өзінде екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды, алдағы жобалар 3,5 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Қаланың өзі де өзгеруде: инфрақұрылым жаңартылып, тұрғын үй салынып жатыр.
Өңір табысты тәжірибесімен бөліседі. Қатысушылар сондай-ақ моноқалаларды тұрақты дамыту үшін жол картасын қалыптастыру, табысты шетелдік кейстерді талқылады. Ел Президентінің моноқалалар экономикасын әртараптандыру, цифрландыруды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.
- Мемлекет басшысы жаңа тәсілдерді іздеу және моноқалаларда өсудің жаңа нүктелерін дамыту міндетін қойды. Үкіметтің қолдауымен Саран индустриалды аймағы құрылды, бұл қала экономикасын әртараптандыруға септігін тигізді, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. - Бүгінде Саран - бұл моноқалалар емес, Қарағандының халық саны өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұранысы ұлғайған, заманауи инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік энергиясы бар өнеркәсіптік серіктесі.
Қарағанды облысы - ең урбанизацияланған өңір және моноқалаларды дамыту өзектілігін жоғалтпаған. Өңірде мұндай төрт қала бар: Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш, онда 340 мыңға жуық адам немесе өңір халқының үштен бірі тұрады. Моноқалалардың үлесіне облыстың өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы тиесілі.
Ермағанбет Бөлекпаев бірнеше негізгі бағыттарды атады: Қарағанды агломерациясы, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, Балқаш маңындағы туризмді дамыту.
90-шы жылдардың күйреуінен бастап қазіргі экономикалық табыстарға дейінгі егжей-тегжейлі экскурсты Саран әкімі Дарын Бұлқайыр жасады.
Оның айтуынша, 2019 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп көлемі қалада 5,6 есеге өсті, ал өңдеу секторының үлесі 92%-ға жетті. Ірі өндірістердің іске қосылуы шағын және орта бизнестің дамуына әсер етті. Нәтижесінде бюджетке салық түсімдері үш есеге ұлғайды.
Тұрақты жұмыс тек жергілікті тұрғындар үшін ғана қамтылып қоймай, енді Саранға жұмыс іздегендер басқа қалалардан да келіп жатыр. Сондықтан тұрғын үйге деген сұраныс жоғарылады - қалада иесіз қалған бос 22 көпқабатты үй бюджет қаражатына да, жеке инвестициялар есебінен де қалпына келтірілді.
- 2023 жылдың қарашасында Саранды моноқалалар тізімінен шығару - жай ғана формальдылық емес. Бұл біздің қаламыздың тұрақты және ең бастысы - әлеуетті болғанын мойындау. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 208 млрд теңгені құрап, шамамен 4%-ға өседі деп күтілуде. 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қаланың табысы өседі, бұл қосымша қаражатты инфрақұрылымды, тұрғын үй жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Дарын Бұлқайыр.
Белгілі болғандай, моноқаланың өлшемшарттары: жалпы экономиканың қала құраушы кәсіпорынға тәуелділігі - оларға барлық өнеркәсіптік көлемнің 20%-дан астамы тиесілі және қала халқының 20%-дан астамы еңбек етеді.
- Бұрын моноқалалар 27 болса, қазір 20 болды. Сарань солардың қатарынан шықты, себебі экономика әртараптандырылған. Бұл дегеніңіз көптеген ірі өндірістер, түрлі бағыттар және әлемдік бағалардың құбылмалылығына тәуелділік жоқ дегенді білдіреді, - деп атап өтті Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов. - Моноқалаларда ортақ проблемалар бар: инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі, экономиканың шикізат өндіруге тәуелділігі. Өз алаңын ашып, тәжірибесімен бөліскені үшін Қарағанды облысына алғыс айтамыз. Біз моноқалаларға талдау жасап, трансформациялау шараларын ұсынып отырмыз.
ҚР сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қаланы басқарудағы ақылды технологиялар мен сандық шешімдерді таныстырды. Оның айтуынша, өңірлерде 14 Smart City жобасы іске асырылды.
Сондай-ақ халықаралық сарапшылар да сөз сөйледі.
Одан кейін семинар-кеңеске қатысушылар Саранның бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралады.
Қарағандыда «Жастар» спорт кешенінде Ауған соғысының ардагерлері арасында волейболдан IX республикалық турнир өтуде. Қазақстанның түрлі облыстарынан 11 команда қатысады. Бас жүлде - Қарағанды облысы әкімінің кубогы.
- Біз өз қаламызда жауынгерлік жолдастарымызды қабылдап жатқанымызға қуаныштымыз. Жарыс екі күнге созылады. Бұл тек спорт қана емес, сонымен қатар, қарым-қатынас, естелік болады, - дейді «Қарағанды облысының Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері одағы» ҚБ төрағасы Серғали Тоқтабеков.
Павлодар облысы командасының капитаны Мырзабек Абраев сауда компаниясында менеджер болып жұмыс істейді. Ол осы турнирге алғаш ұйымдастырылғаннан бері жыл сайын қатысады.
- Бұл жарыстар бізді біріктіреді. Бұл жерде біз әлі қатардан қалмай келе жатқанымызды дәлелдейміз. Жиналып, еске аламыз - бұл біз үшін қымбат сәттер, - деді ауған ардагері.
Жеңімпаздар бүгін белгілі болады. Марапаттар номинациялар бойынша үздік волейболшыларға да беріледі.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Иллюстрация ЖИ арқылы құрастырылған
Қарағандыда қазақ тілін үйренуге арналған жаңа жоба - ахуалдық лагерь іске қосылуда. Бір апта аралығында қатысушылар тілдік ортаға шомады - бұл ең тиімді әдістердің бірі. Қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүргізілетін болады. Оқыту тегін.
Жобаның бастамашысы - Қарағанды әкімдігінің қолдауымен «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы.
Лагерь Үштөбе ауылындағы Baiterek Resort демалыс базасының аумағында ұйымдастырылады. Үш ауысым жоспарланған: 23-29 маусым, 30-6 маусым және 7-13 шілде. Сабақтар күн сайын сағат 08:00-18:00 аралығында өтеді.
Әр топқа 15 адамнан жиналады.
Қосымша ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: 8 776 516 40 92.
Сабақтың әр күні жеке тақырыпқа арналады. Тәжірибелі оқытушылар нақты жағдайларды үлгілейді.
- Мысалы, бір күн дүкенге бару жағдайын елестетеміз. Біреулер сатып алушы, ал біреулер сатушы болады. Қатысушыларға диалог жүргізуге, қазақ тілінде затбелгі оқуға үйретеді, - дейді «Шырақ» орталығының директоры Әсия Смықова.
Қатысушыларға мазмұнды бағдарлама, ойын сабақтары, теориялық блоктар және ең бастысы толық тілдік ортаға еніп, оны үйрену әдістері ұсынылады.
«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы Қарағанды облысында үлкен сұранысқа ие. Бұл ауыл тұрғындарының бизнес-идеяларын қолдау ғана емес, табыс көзін тұрақты түрде арттыру және жақсы өзгерістерге арналған платформа. Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылында тұратын фермер Нұрым Мұхамедиев қымыз өндіру дәстүріне негізделген іс ашты.
Ол «Сарытерек SAQ NS» кешенін құрды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеке жинақ ақшасына ферма салып, қажетті жабдықтар, екі трактор мен жүз жылқы сатып алды.
Кәсіпорын тәулігіне 100 литр қымыз өндіреді. Сондай-ақ, Нұрым Мұхамедиев нарыққа айына 15 тоннадан жылқы етін жеткізеді.
Кешенде барлығы сегіз адам қызмет етеді.
- Адамдар туған ауылына жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан басқа, табиғи қымыз тұрақты жеткізіліп тұрады, бұл жергілікті тұрғындар үшін сапалы өнімдерге қолжетімділікті жақсартты. Жалпы алғанда, ауыл тұрғындары табиғи қымызға жақсы қызығушылық танытты - өнім сұранысқа ие. Көбі өз ісін дамыту туралы ойлана бастады, менің ойымша, басқаларды іс-қимылға шабыттандыру - бұл ең басты нәтиже, - дейді кәсіпкер.
Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу отбасының өмірін жақсартты деп мойындайды. Біріншіден, тұрақты табыс көзі пайда болды, екіншіден, бүкіл отбасы ортақ іске бірігіп, жұмылды.
Кәсіпкер алдағы уақытта мал басы мен қымыз және ет өндіру көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, Нұрым Мұхамедиев өз өнімдерімен жақын аудандардың нарығына шығуды жоспарлап отыр.
Қарағандыда газдандыру жалғасуда. Жақын арада қалада 10 мыңға жуық жеке тұрғын үйді газға қосу мүмкіндігі пайда болады.
– Биыл төртінші және бесінші кешендерді іске қосамыз, – дейді қала құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Қамалиев. – Төртіншісі бойынша шамамен екі мың, бесіншісі бойынша тағы екі мың абонент күтеміз. Жобалық құжаттама түзетілгеннен кейін алтыншы кешен алты мыңға дейін үйді қамти алады. Біз кезең-кезеңмен жұмыс істеп, бір учаскені аяқтап, келесі учаскеге көшеміз. Тұрғындардан сабырлық сақтауды сұраймыз.
Қарағандыны газдандыру жобасы республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Мердігер – «МБК Құрылыс» ЖШС. Компанияның құрылыс жөніндегі директоры Абай Әлкеевтің айтуынша, барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде.
– Төртінші кешенде (Михайловка – Федоровка) жұмыстың 60% -дан астамы орындалды. Бесінші орында – 95%, қазір іске қосу-баптау және сығымдау жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Абай Әлкеев. – Біз отандық өндірушілерді қолдауға тырысамыз. Материалдардың негізгі бөлігі Қарағандыдан сатып алынады - негізінен болат және полиэтилен құбырлар. Мұнда шығарылмайтын жабдықтарды Орал мен Шымкенттен сатып аламыз. Болат құбырлар жоғары қысымды магистральдық құбырларды төсеу кезінде пайдаланылады.
Құбырларды төсеу жер үсті әдісімен де, жол төсеміне зақым келтірмеу үшін көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен де жүргізіледі. Мердігерде барлық қажетті техника бар. Төртінші іске қосу кешеніндегі (Федоровка – Большая Михайловка) жұмыстар жыл соңында аяқталады деп жоспарлануда. Бесінші кешенді – Ескі әуежай ауданын мердігер тамыз айының соңында тапсыруға ниетті. Ал алтыншы кешенде («Күнгей» және «Таугүл») ауқымды жұмыстар күзге жақын басталады: газдандыру басталғалы 1500-ге жуық жаңа үй пайда болғандықтан, жобалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде.
Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы үйлерді орталық газбен жабдықтауға қосу мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді.
– Бастапқы жарнасыз бес жылға бөліп төлеу қарастырылған, – деп атап өтті Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы директорының орынбасары Әлібек Әденов. – Қосылу сомасы бүгінгі таңда миллион теңгеден аспайды, ал ай сайынғы төлем – орта есеппен 18 500 теңгеге дейін. Мердігер төлемді қабылдау актісіне үй иесінің өзі қол қойғаннан кейін ғана алады, бұл сапалы орнатуға кепілдік береді.
Әлібек Әденовтың айтуынша, биыл бағдарлама бойынша 300-ден астам үй қосылған, жылыту маусымының басына қарай бұл көрсеткіш артады. Келесі жылы кемінде 500 отбасын қамту жоспарланып отыр.
Гүлзия Бошанованың отбасы – бағдарламаны пайдаланғандардың бірі.
– Өткен жылы қосылу бізге 860 мың теңгеге түсті, – дейді үй қожайыны. – Айына 14 500 төлейміз. Бір жылда 76 мың теңгеге газ жұмсадық – бұл көмірден әлдеқайда тиімді. Ал ең бастысы – үйде таза және қауіпсіз: егер бірдеңе дұрыс болмаса, газдың шығуын сезгіш құрал бірден тоқтатады.
Газдандырудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін Қарағандыда екінші кезекке – ТБӨ, Фин және Пришахтинск ауылдарына көшу жоспарлануда. Жоба 246 көше мен 15 мыңнан астам үйді қамтиды.
Қазақстан құрамасы Қытайда өткен Әлем кубогында сенсация тудырды. Бұл Қарағанды облысының спортшыларының еңбегі.
13-15 маусым аралығында Сиань қаласында көркем (синхронды) жүзуден Әлем кубогының суперфиналы өтті. Жарысқа 16 елден 125 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасына 14 жүзуші енді.
Бұған дейін бірінші кезең Францияда, екіншісі Египетте, ал үшіншісі Канадада өткен болатын.
"Әлем кубогының төрт кезеңінің қорытындысы бойынша әйелдер дуэтінде біздің қыздарымыз Ясмин Тұяқова, Арина Пушкина және Даяна Жаманчалова күміс медальға ие болды. Техникалық, еркін және акробатикалық бағдарламалар бойынша топтық өнер көрсетуде Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Ксения Макарова, Арина Мясникова және Ясмин Тұяқова қола жүлдеге ие болды", - деп хабарлады Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Қарағандылық ескекшілер Тайландтан жеті медаль: үш алтын, үш күміс және бір қола алып келді. Байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионатында 15 елдің 300-ге жуық спортшысы бақ сынасты. Континенттік біріншілік 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтті.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Оған қарағандылықтардың елеулі үлесі бар.
Алтын медальді Денис Кленин (к1, 1000 м) жеңіп алды. Дмитрий Холмогоров тұғырдың ең жоғарғы сатысына екі рет көтерілді (микс, 500 м; к2, 500 м).
Сонымен қатар, Кленин мен Холмогоров бірлесе екінші орынды (к4, 500 м) иеленді.
Вероника Трапезниковада екі күміс (к2, 500 м; к4, 500 м). Ульяна Иванова қола жүлдеге ие болды (с2, 500 м).
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Қарағандыда еліміздің түрлі облыстарынан келген құтқарушылар сайысқа түсті. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің базасында «Аман қалу жолы» құтқару көпсайысы бойынша үш күндік турнир өтті. Додаға болашақ мамандар мен кәсіби құтқару бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Студенттер үшін техногендік ортадағы апаттық-құтқару жұмыстары, жергілікті жердегі іздестіру-құтқару операциялары және дене дайындығы бойынша қашықтықтар ұйымдастырылды. Мамандар суға батып бара жатқан адамды құтқару элементтерімен және күрделі дене жаттығуларымен жүзуден қосымша жарысты.
- Күн сайын әр команда сегіз сағаттан жұмыс істеді. Кейбіреулер үшін бұл өте қиын болды. Әсіресе, Теміртаудағы Қызыл жартас сияқты күрделі жерлерде жұмыс істеу қиынға соқты. Бұл жерде қатысушылардан картаны дұрыс оқи білу және жергілікті жерді бағдарлай білу талап етілді, - дейді ҚЖПК ТЖ қорғау бөлімінің меңгерушісі Индира Рымбекова. - Бірақ барлығы тапсырмаларды орындап, өздерінің үздік нәтижелерін көрсетті.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда Қазақстан мен Ресей өкілдері азаматтық қорғау саласындағы білім беру бағдарламаларын дамыту әлеуетін талқылады.
Нәтижесінде алаң иелерінің командасы бірінші орынды иеленді. Кәсіби мамандар арасында Қарағанды облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының командасы ең мықты деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.