Қарағанды облысы өңір экономикасының одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз ететін үш негізгі бағытқа – металлургия, алюминий өндірісі және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріп отыр. Биылғы сегіз айда облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%-ға өсіп, 3,7 трлн теңгеден асты. Сонымен қатар өңірде қосылған құны жоғары өнім шығару көлемі артып, жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде.

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін беру кезінде облыстық мәслихат сессиясында мәлімдеді.
– Биылғы сегіз айда облыстың экономикалық өсімі сақталды. Алайда біздің негізгі міндетіміз – өсімді сапалы әрі тұрақты деңгейде қалыптастыру. Ол үшін үш маңызды міндетті шешуіміз қажет. Олар – жаңа өнеркәсіп салаларын дамыту және инвестиция тарту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Қазір аталған өндірістік алаңдарда жүк көліктерін, тік жікті құбырларды, оқшаулағыш материалдар мен клинкерлік плиткаларды шығаратын, сондай-ақ мыс өндіру және байытумен айналысатын жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.

Ермағанбет Бөлекпаев алдағы уақытта өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай арттыратын төрт ірі жобаны атап өтті. Олардың қатарында Балқашта салынатын жаңа мыс балқыту зауыты, Ақтоғай ауданында мыс және молибден концентраттарын өндіретін тау-кен байыту кешені бар. Шет ауданында кен өндіру мен оны байытудан бастап, жоғары өңделген өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын тау-кен металлургия кешені жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, Qarmet компаниясы 1,6 трлн теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Бағдарлама аясында жаңа кокс батареяларын, құю-прокат кешенін және сортты прокат станын салу жоспарланған.
– Біз бұл жобаларды жекелеген инвестициялық бастамалар ретінде ғана қарастырмаймыз. Олардың іске асырылуы алдағы уақытта облыстың бүкіл экономикасына елеулі мультипликативтік әсер береді. Атап айтқанда, қызмет көрсету, логистика, жөндеу, сервистік қызмет, құрылыс, өндіріс және басқа да сабақтас салаларға қосымша сұраныс қалыптасады. Біздің негізгі бағдарымыз – индустриялық серпіліс. Қазірдің өзінде осы өсімнің берік негізін қалыптастырып жатырмыз. Ірі жобалар жекелеген кәсіпорындардың ғана емес, тұтас өңір экономикасының дамуына серпін беретін драйверге айналуы үшін қажетті жағдай жасалуда, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы экономиканың басқа да бағыттарындағы жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Коммуналдық және жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Әлеуметтік салаға да айрықша мән берілуде. Облыс бюджетінің шамамен жартысы осы саланы ұстауға және дамытуға бағытталған.
Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тиімдірек жүзеге асыруға және ықтимал тәуекелдерді жоюға бағытталған шаралар талқыланды. Өңірлік комиссияның отырысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті.

Отырысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықпен жұмыс болды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу барысын талқылады. Бұл ретте құқықтық сауаттылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптастыруға, жастар мен басқа да әлеуметтік топтарды алдын алу жұмыстарына тартуға бағытталған жобалар туралы сөз болды.
Мемлекеттік сатып алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мұнда заң талаптарын сақтау ғана емес, проблемалық тұстарды дер кезінде анықтау да маңызды. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Жандос Сәрсен мәлім етті. Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жүргізу тәртібіне енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндірді.

— Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жай ғана анықтап қою жеткіліксіз. Оның не себепті туындағанын түсініп, себебін жою және мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету қажет. Алдын алу жұмысы заң талаптарын, қызметтік әдеп нормаларын және белгіленген шектеулерді күнделікті сақтаудан басталады. Азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімі әрбір мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне байланысты, — деді Жандос Сәрсен.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ТББ-4 жобасын («Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» типтік базалық бағыты) іске асыру мәселелері де талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты ведомстволарға анықталған тәуекелдерді жою жұмыстарын жалғастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша әзірленген ұсынымдарды орындау тапсырылды.
2026 жылы Қарағанды облысында 18 жаңа өрт сөндіру бекетін құрып, қолданыстағы 14 бекетке жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта төрт нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
«Ауылқұтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымдарын дамыту және ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейту мәселелері Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жұмыс кездесуі барысында талқыланды.
Жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 32 елді мекенде тұратын 14 мыңнан астам адам қосымша өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етіледі.
Ақтөбеде Қазақстанның 17 облысынан 2500-ге жуық жас спортшының басын қосқан ауқымды республикалық жарыс – ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде Қарағанды облысының намысын 118 спортшы қорғауда.

Олар асық ату, бес асық, 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзалдан сынға түсуде.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жарысқа қатысушылардың іссапар шығындары қамтамасыз етіліп, сондай-ақ Ойындардың ашылу салтанатына қатысу үшін бірыңғай спорттық киіммен қамтылды.

Жарыстар 16-23 қыркүйек аралығында өтеді.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары – бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және өңірлердегі болашағы зор жас атлеттерді анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Қатысушылар үшін бұл – республикалық деңгейде өз қабілетін танытып, басқа облыстардан келген құрдастарымен бәсекеде күш сынап, спорттық тәжірибе жинақтауға берілген мүмкіндік.

Жарыстар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Шахтинск қаласында «Үздік аула» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. Жоба тұрғындардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, аулаларды абаттандыру жұмыстарына қала тұрғындарын белсенді тартуға бағытталған алаңдардың біріне айналды.

Байқауға дайындық көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын ортақ іске жұмылдырды.

Олар аулаларды бірге ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді, гүлзарлар мен жасыл желек аймақтарын безендірді, аулалардың тазалығын сақтауға атсалысып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосты.

Байқау қорытындысын шығару кезінде аулалардың жалпы жағдайы, абаттандырылу деңгейі, тазалығы және тұрғындардың ауланы көркейту жұмыстарына қатысу белсенділігі ескерілді.

Байқау нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді. Бірінші орынды Индустриялық көшесі, 77-үйдің ауласы иеленді. Жеңімпаздарға 250 мың теңгеге сертификат табысталды.

– Ауламыздың таза, жинақы әрі барлық тұрғынға жайлы болғанын қалаймыз. Еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны біз үшін ерекше қуаныш. Ауланы абаттандыру жұмыстарына тұрғындардың өздері белсенді атсалысады: бірі тазалық жұмыстарына көмектессе, енді бірі көгалдандырумен айналысады, тәртіпті сақтауға үлес қосып, өз ұсыныстарын айтады. Соның арқасында арамызда ауызбіршілік қалыптасып, көршілердің арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс. Жеңісіміз алдағы уақытта да ауланың тазалығы мен тәртібін сақтап, оны одан әрі көркейтуге жаңа серпін береді деп сенемін, – деді МИБ төрайымы Оксана Памаранова.
Екінші орын Жеңістің 40 жылдығы көшесі, 63А-үйдің ауласына бұйырды. Оған 150 мың теңгеге сертификат берілді.
Үшінші орын Молодежная көшесі, 81-мекенжайындағы аулаға берілді. Оның тұрғындары 100 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Байқау қалалық ортаны абаттандыру жұмыстары көп жағдайда тұрғындардың өз бастамасынан басталатынын көрсетті. Бірлескен еңбек аулаларды таза әрі жайлы етуге ғана емес, көршілер арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтып, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыруға да ықпал етеді.

Бұл бастама тазалық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және тұрғындардың аумақтарды абаттандыру ісіне белсенді қатысуына бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының міндеттерімен үндеседі.
Қарағанды облысында биыл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 108 жоба іске асырылады. Коммуналдық желілердің 438 шақырымын қайта жаңғыртып, жаңадан салу жоспарланған.
Жұмыстардың негізгі бөлігі сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне тиесілі – 237,3 шақырым. Тағы 149,6 шақырым электрмен жабдықтау желілерін, 51,3 шақырым жылумен жабдықтау желілерін құрайды.
Жобалар бірден бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. 14 нысан энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасына енгізілген. 33 жоба бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, тағы 61 жоба табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары аясында іске асырылуда.

Жұмыстар тек коммуналдық желілерді қамтымайды, энергетика нысандарын да жаңғырту көзделген. Өңірде қазандықтар, турбиналар және басқа да жабдықтар жөнделіп жатыр. Qarmet-тің ЖЭО-2-де жаңа қазандық іске қосылса, Топар МАЭС-інде турбина ауыстырылды.
Сонымен қатар жаңа энергетикалық қуаттар құрылып жатыр. Қарағандыда ЖЭО-3-тің энергоблогын, Балқаш ЖЭО-да жаңа қазандық салу жұмыстары жалғасуда. Екі жобаны да 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран қалаларында және облыс аудандарында жүргізілуде. Мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана емес, желілердің ең тозған учаскелерін қайта жаңғырту да көзделген.

– Бүгінде алдағы жылыту маусымына дайындыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Негізгі жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Біздің міндетіміз – қыс мезгілінде тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйелердің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, – деді Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов.
Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Өңірдің міндеті – желілерді қайта жаңғырту көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету.

– Коммуналдық инфрақұрылым сенімді жұмыс істемейінше, өңірдің дамуы, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру туралы айту мүмкін емес. Сондықтан бүгін біз желілерді жөндеумен ғана шектелмей, Қарағанды облысының болашақтағы дамуына негіз қалап жатырмыз, – деп атап өтті Азамат Тайжанов.
Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс пен Көгілдір тоғандар ықшамаудандарының аралығында жаңа қалалық аудан қалыптасып келеді. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік, спорттық және көлік инфрақұрылымы дамып, аумағы шамамен 200 гектарды құрайтын экопарк құрылып жатыр.

Қазірдің өзінде жаңа аудан аумағында 26 көпқабатты үй бой көтерді. Алдағы уақытта мұнда 55-ке дейін тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Жаңа нысандар 7 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бес мектеп, жеті балабақша және аурухана кешенін салу көзделген.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – спорт инфрақұрылымын қалыптастыру. Спорт кластеріне 74 гектар аумақ бөлінген. Мұнда жалпы саны тоғыз нысан орналасады. Қазірдің өзінде «Шахтер» футбол академиясының құрылысы басталды. Нысанды Freedom Holding Corp Қарағанды облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында салып жатыр.

Кластер аумағында УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай келетін стадион да бой көтереді.

Сонымен қатар спорт кластерінің құрамына оннан астам олимпиадалық спорт түріне арналған әмбебап спорт аренасы, жеңіл атлетика манежі және ұзындығы 400 метрлік жүгіру жолы, екі хоккей корты мен үш ойын залы бар мұз аренасы кіреді.

Мұнда спорт мектебі, интернат және колледж де орналасады. Кластерде бір мезгілде 500-ден астам спортшы білім алып, жаттығып, тұра алады.

Жобаның тағы бір ауқымды бөлігі – жасыл аймақ.

Шамамен 200 гектар аумақта экопарк жасақталып жатыр.

Салыстыру үшін айтар болсақ, Қарағандының Орталық паркінің аумағы шамамен 150 гектар.

Бүгінде мұнда 4 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Жас көшеттерді суару үшін тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

— Жаңа аудан үшін тұрғын үй құрылысының ауқымды жасыл аймақпен үйлесім табуының маңызы зор. Алдағы үш-бес жылда бұл аумақ толыққанды экологиялық кеңістікке айналады, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Қазір Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын, ұзындығы шамамен 6 шақырым болатын жаңа төрт жолақты магистральдің құрылысы басталды. Жол бойына жарықтандыру желісі тартылып, тротуарлар, автотұрақтар мен веложолдар қарастырылады.
Жаңа магистраль қаланың екі ірі тұрғын ауданы арасындағы көлік қатынасын жақсартып, олардың арасындағы байланысты күшейтеді. Майқұдықта шамамен 176 мың адам тұрса, Оңтүстік-Шығыстағы тұрғындар саны 120 мыңға жуықтайды.

— Жаңа магистраль екі аудан арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, оған іргелес аумақтардың дамуына тың серпін береді, – деді Мейрам Кожухов.

Қосымша білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Майқұдықта екі корпустан тұратын Оқушылар сарайы салынып жатыр. Оның бір корпусында робототехниканы қоса алғанда, техникалық бағыттағы үйірмелер, екіншісінде спорт секциялары орналасады.
Оңтүстік-Шығыста, Байкен Әшімов көшесі ауданында тағы бір жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Оның аумағы 50 мың шаршы метрден асады. Мұнда жарықтандыру жүйесі орнатылып, жаңбыр суын ағызатын жүйе жасалды және асфальт төселді.
Қарағанды облысының тұрғындары күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен өнімді тікелей шаруалардың өзінен нарықтағы құнынан 10–15 пайызға төмен бағамен сатып ала алады. Дәстүрлі жәрмеңкелердің алғашқысы Қарағандыда 3 қазанда өтеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жәрмеңкелерге өңірдің жеті ауданынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысады. Тұтынушыларға ұсынылатын өнімдердің бағасы орташа нарықтық құнынан 10–15 пайызға төмен болады.
Алғашқы жәрмеңкеге Қарағандыға 450 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі және 9 тонна балық өнімдері бар. Сондай-ақ сауда сөрелеріне 170 мыңға жуық тауық жұмыртқасы мен өзге де 20 тонна өнім қойылады.
Қарағандыдағы келесі жәрмеңкелер 10, 17 және 31 қазанда ұйымдастырылады. Ал 7 қарашада осындай сауда-саттық Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш және Приозерск қалаларында өтеді.
Қарағанды облысының спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бес медаль еншіледі. Болат Сапар самбодан чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ұлттық ойын – көкбөріден Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Мирас Тақауиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал ордо (асық ату) сайысында Бақытжан Тілеуғабылов, самбодан Жандос Бейсенбаев және тоғызқұмалақтың бір түрі саналатын овари ойынында Ансаған Қожанәсіп қола медаль жеңіп алды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған спортшылармен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесті. Өңір басшысы спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, оларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қарағандылық спортшылар қайсарлық пен табандылық танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Бұл нәтиже – спортшылардың жеке жетістігі ғана емес, олардың жаттықтырушыларының, спорттың дамуына қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтың және жанкүйерлердің ортақ еңбегінің жемісі. Ұлттық спорт түрлері өңірімізде әрдайым басым бағыттардың бірі болып келді және өзінің маңызын жойған емес, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі спортшыларға алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жеңістер тіледі.
Болат Сапар жеңісінің құрметіне Мемлекет басшысы табыстаған «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.
– Спортпен айналысқаныма 16 жыл болды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатыстым. Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды. Барлық қарсыластарым мықты әрі лайықты спортшылар, дегенмен алтын медаль жеңіп алу маған бұйырды. Президент марапатты табыстаған сәтте ерекше толқыдым. Еңбегімді осылай жоғары бағалағандарыңызға рақмет. Келесі жарысым – әлем чемпионаты. Онда да алтын медаль жеңіп алғым келеді, – деді Болат Сапар.

Көкбөріден Қазақстан ұлттық құрамасының сапына Қарағанды облысының өкілі алғаш рет енді. Мирас Тақауиев ел құрамасының сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.
– Бала кезімнен жылқыға әуеспін, көкпармен айналысқаныма бес жылдай болды. Бұл спорт түрінде көп нәрсе аттың шымырлығы мен күшіне, төзімділігіне байланысты. Осы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орын алдық, финалда Қырғызстан құрамасына есе жібердік. Келесі жолы алтын медаль алуға бар күшімізді саламыз, – дейді күміс жүлдегер.

Әрбір жеңістің артында спортшының табанды еңбегімен қатар, оны баптап, шеберлігін шыңдаған жаттықтырушысының күнделікті еңбегі де жатыр.

Қарағанды облысының самбодан аға жаттықтырушысы Дәурен Адамбаев қараша айында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына дайындықтың басталғанын хабарлады. Әлем біріншілігінде Қарағанды облысының намысын төрт спортшы қорғамақ.

Қарағанды облысының ауылдық жерлеріне жас дәрігерлердің қызығушылығы артып келеді. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданына алты жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың бесеуі – жалпы практика дәрігері болса, біреуі – акушер-гинеколог.

Ауданға келген мамандарға жұмыс орнымен қатар баспана мәселесін шешуге де қолдау көрсетіледі. Қарқаралы қаласында медицина қызметкерлеріне арналған 25 қызметтік пәтері бар тұрғын үй жөндеуден өткізілген. Дәрігерлер мұнда тек коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Бұдан бөлек, жеке баспанасын сатып алуға ниетті мамандар үшін жеңілдетілген несие беру тетігі қарастырылған.

– 2023 жылдан бері ауданымызға жас мамандар белсенді түрде келе бастады. Жалпы практика және бейінді дәрігерлерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, орта буын медицина қызметкерлеріне 1,5 млн теңгеден төленеді, – дейді Қарқаралы аудандық ауруханасының директоры Нұрболат Баймұрынов.
Досымжан Асылбек 2021 жылы Қарағанды медицина университетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша тәмамдаған. Интернатурадан кейін оториноларингология мамандығы бойынша резидентурада білім алған.
Бүгінде жас маман аудандық ауруханада ЛОР дәрігері болып еңбек етеді. Сонымен қатар Томар ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері ретінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Досымжан Шымкент қаласында дүниеге келген. Соған қарамастан ол кәсіби жолын Қарқаралы ауданында бастап, ауыл медицинасында еңбек етуді таңдаған.
– Ауданға жұмыс істеуге баруды таңдаған себебім – дәрігер медициналық көмекке қолжетімділік әрдайым бірдей бола бермейтін жерлерде аса қажет екенін түсіндім. Жақсы практикалық тәжірибе жинақтап, адамдарға пайдамды тигізгім келді, – дейді Досымжан.
Томар ауылында 1100-ден астам адам тұрады. Жаңа ғимаратқа орналасқан жергілікті амбулаторияда пациенттерді қабылдауға қажетті медициналық құрал-жабдықтың барлығы қарастырылған.
– Ауылдағы жұмыс қаламен салыстырғанда өзгеше. Мұнда дәрігер өз бетінше шешім қабылдай алатын, әртүрлі жағдайға бейімделетін әмбебап маман болуы керек. Бірақ дәл осы орта мол тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға және үнемі ізденуге мүмкіндік береді, – дейді жас маман.
Жас дәрігер Аружан Тәліпбай да Шымкент қаласының тумасы. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін біраз уақыт Қарағандыда жұмыс істеген. Кейін ауыл медицинасында еңбек етіп көруге бел буған.
Қазір Аружан Аманжолов ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері болып қызмет атқарады.
– Алғашында сәл қиын болды. Себебі жауапкершілік жоғары, жаңа міндеттер де аз емес. Алайда уақыт өте келе ортаға үйренісіп, тәжірибе жинақтай бастайсың. Соның арқасында өзіңе деген сенімің де арта түседі, – дейді ол.

Аманжолов ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жаңа ғимаратта орналасқан. Оның қызмет көрсету аумағына Сарыобалы, Ақтерек, Ақбай, Белдеутас, Қызылбай және Қасым Аманжолов елді мекендеріндегі фельдшерлік-акушерлік пункттер кіреді.

