БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы Жылу-электр орталығының жұмысымен танысты

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы Жылу-электр орталығының жұмысымен танысты

 

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы Жылу-электр орталығына барды. Өңір басшысы стратегиялық нысанның материалдық-техникалық базасын жаңғырту аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Мемлекет басшысы өңірлердегі жылу электр орталықтарының үздіксіз жұмыс істеуін қадағалап, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға баса назар аударуды тапсырған болатын. Осы ретте, тұрғындардың  қыс мезгілінде тұрақты негізде жылумен қамтамасыз етілуі маңызды.  Бүгін мұнда облыстық мәслихат депутаттарымен бірге келіп, жылу электр орталығына қатысты мәселелерді талқылап жатырмыз. 2035 жылға дейін Жылу-электр орталығын дамыту жөніндегі жоспармен таныстық. Жаңғырту жұмыстарына баса мән береміз. Жылыту маусымы кезінде өңір тұрғындары ешқандай қиындық көрмеуі тиіс»- деді Нариман Төреғалиев.

Электр және жылу энергиясын өндіру, тарату, жеткізу қызметін жабдықтаушы мекеменің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде. 

ЖЭО электрлік қуаты- 48,5 МВт, жылу қуаты-сағатына 811 Гкалды құрайды. Кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Жайықжылуқуат» АҚ арқылы қала тұрғындары орталықтандырылған жылуға қосылған. Сондай-ақ Жылу-электр орталығы бюджеттік мекемелер, коммерциялық нысандарды да  жылумен қамтып отыр.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев орталықтың тұрақты әрі қалыпты режимде жұмыс істеуін қадағалауды тапсырды.

 

                                                                        Облыс әкімінің баспасөз қызметі