«URALSK GREEN FORUM — 2026» ІС-ШАРАСЫ ЭКОЛОГИЯДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ БЕТБҰРЫСТАРҒА АРНАЛДЫ

«Uralsk Green Forum» және «Цифрлық мониторинг» жазуы бар көк түсті баннер.

 

Орал қаласында БҚО әкімдігінің қолдауымен «КПО Б.В» компаниясы «Uralsk Green Forum — 2026» іс-шарасын ұйымдастырды. IX өңірлік экологиялық форум гибридті форматта өтіп, оған ҚР Экология және табиғи ресурстар, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Энергетика, Су ресурстары және ирригация министрліктері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, мұнай-газ компаниялары мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жетекшілері, гидрометеорологтар, IT-әзірлемелер саласындағы сарапшылар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі іс-шара осы міндеттерді орындауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі, атап айтқанда экологиялық басқаруды цифрландыру саласында тәжірибе алмасу үшін сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым және қоғам өкілдерін бір алаңға біріктіруді көздейді. Форумда еліміздің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының тұрақты даму басымдықтарын ескере отырып, қоршаған ортаны мониторингтеу, экологиялық тәуекелдерді болжау және табиғи ресурстарды ұтымды басқару үшін жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдануға баса назар аударылды.

Пленарлық отырыста Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Асхат Қожұмов «Мониторингтен алдын ала бақылауға дейін: экологиялық деректер шешім қабылдауға қалай көмектеседі?», ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономика жөніндегі кеңестің мүшесі, «Green Academy» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина «Орталық Азиядағы 6.8-бап бойынша алғашқы цифрлық платформа» тақырыбында баяндамалар жасады. БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен өңірде Smart Ecology жобасы нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 

Диалог алаңына қатысушылар тұрақты даму жолындағы жасанды интеллект мүмкіндіктері және бизнес пен мемлекеттің экологиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдарын жан-жақты талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумдар алмасты.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі