
27 қыркүйекте Алматыда еліміздегі алғашқы бокс-парк – теңіз контейнерлерінен жасалған серуен аймағы жұмысын бастайды. Бұл туралы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы хабарлады.
Жаңа форматта дүкендер, кафе, спорт студиялары, кеңсе мен демалыс орындары тоғыстырылған. Кешен Төле би көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысында орналасқан, жалпы аумағы – 2,7 мың шаршы метр. Мұнда жасыл аллеялар, балалар алаңдары және мәдени іс-шараларға арналған ашық аспан астындағы амфитеатр бар.
Алматылық бокс-паркте 17 сауда-кеңсе модулі қарастырылған. Жоба қаланың іскерлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының бір бөлігі. Сарапшылардың айтуынша, бұл формат экологиялық тиімділігімен, құрылыс қарқынының жеделдігімен және кеңістікті ұйымдастырудың заманауи тәсілімен ерекшеленеді.
Жобаны «Ақ-Орда» ЖШС компаниясы жүзеге асырып отыр. Қаржыландыруды «Almaty Finance» ЖШС – «Алматы» ӘКК-нің еншілес ұйымы қолдады. «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында 500 млн теңге бөлініп, 6% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға несие берілді. Жыл сайын кешен қала бюджетіне шамамен 30 млн теңге салық түсімін әкеледі.
«Ел мен қала үшін тың форматтағы променад тұрғындарды тарта түсетін жаңа орталыққа айналады. Ол ыңғайлы қалалық орта мен заманауи сәулетті, бизнеске қолайлы жағдайларды ұштастырады. Сонымен бірге, жоба аясында қала бюджетіне жыл сайын шамамен 30 млн теңге салық түседі», – деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасы Берік Құсайынов.
Алматыда инженерлік инфрақұрылымды – су құбыры мен кәріз жүйесін, жылу және электрмен жабдықтауды, газ желілерін әрі көше жарықтандыруды жаңарту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, бүгінде «Ақсай», «Ерменсай» суқабылдау нысандары салынып, «Барлық» жобаланып жатыр. Бұл 245 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұзындығы 34,9 шақырым болатын Батыс коллекторының құрылысы аяқталуға жақын. Соның нәтижесінде Алатау және Наурызбай аудандарының 150 мың тұрғыны орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Жаңғырту жұмыстары жылу желілерін де қамтиды: биыл 37 шақырым құбыр жаңартылып, 17 коммуналдық қазандықта реконструкция жүргізілуде. Электр және газ желілері де жаңартылып жатыр, жекеменшік желілер коммуналдық кәсіпорындардың балансына өткізіліп жатыр. Әсіресе, көшенің жарықтандыруға ерекше назар аударылған: 20 мыңнан астам жаңа шам орнатылып, қала көшелерінің барлығы жарықпен қамтылады. Бұл көрсеткіш қаланың жарықтандыру деңгейін екі есеге арттырмақ.
«Жұмыс кезең-кезеңімен және тұрақты бақылаумен жүргізілуде. Мақсатымыз – коммуналдық қызметтерді тұрақты, қолжетімді әрі заманауи ету», – деді Алмасхан Сматлаев.
Жетісу ауданында Алматыдағы ең алғашқы инклюзивті балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Ол «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығының жанында, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, алаңның басты ерекшелігі – оның барлық балаға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар ұл-қыздарға да қолжетімділігінде. Мұнда балалардың еркін ойнап, дене шынықтырып әрі қоғамға бейімделуіне жағдай жасалған. Бұл бастама шын мәнінде тең әрі жайлы қалалық ортаны құру жолындағы маңызды қадам болып отыр.
Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, жаңа алаң «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бой көтерген.
– Бұрын бұл жерлерде ескі үйлер болған. Айналма жол салынғаннан кейін айналасында бос жерлерді сәтті пайдаланып, осындай халыққа пайдалы аймақтар жасадық. Бұл ойын алаңының басты ерекшелігі – оның барлық балаға қолжетімді болуы. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар да еркін ойнап, спортпен айналысып, қатарластары сияқты қоғамға бейімделе алады. Инклюзивті орта әрбір баланың дамуына жағдай жасайды.», – деді ол.
Алаңның басты нышаны – ұрпақтар сабақтастығын, отбасы құндылығын және бірлікті бейнелейтін «Бақытты отбасы» мүсіні.
Ашылу салтанатына «Бақытты отбасы» орталығының өкілдерімен бірге Алматы қалалық мәслихатының депутаттары мен аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысты.
Ашылу салтанатына келген балалар ата-аналарымен келіп, әткеншек теуіп, түрлі ойын құрылғыларында ойнады. Анимациялық кейіпкерлер бүлдіршіндермен бірге ойын ұйымдастырып, қонақтар балаларға тәттілер, балмұздақтар таратты.
Көпбалалы ана Әйгерім Куватова «Балаларым шын қуанып ойнап жүр. Мұндай алаңдар көп болса, әр отбасы үшін үлкен қолдау болар еді», – деп қуанышымен бөлісті. Жансүгіров көшесінің тұрғыны Айзада Багирова да ризашылығын білдіріп: «Бұдан былай бұл жерге күнде келеміз. Балаларыма ұнап жатыр. Мұнда ойын түрлері көп екен. Қауіпсіз әрі қызықты орын болыпты», – деді.
Жаңа жобаның аясында заманауи инклюзивті спорт және ойын кешендері орнатылып, қауіпсіздік үшін 200-ден астам жарық шамы мен 12 бейнебақылау камерасы қойылды. Сондай-ақ 22 орындық пен шағын сәулеттік нысандар орналастырылған. Территория көгалдандырылып, жасыл желекті күтіп-баптау үшін скважинадан қуат алатын автоматты суару жүйесі іске қосылды.
Жаңа инклюзивті алаң – Алматының әрбір тұрғынына, әсіресе балаларға жасалған қамқорлықтың көрінісі десек болар. Бұл бастама қаладағы қолжетімді әрі тең мүмкіндіктер ортасын кеңейтіп, тұрғындардың күнделікті өмірін жандандыра түсетіні анық.
Алматыда қаланы санитарлық тазалаудың жаңа жүйесі енгізілуде. Енді әр ауданға бір мердігер бекітіледі. Ол көшелердің, тротуарлардың, арықтардың, аялдамалардың және жасыл аймақтардың тазалығына толық жауап береді. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Коммуналдық қызметкерлер саны екі есеге артып, 3175 адамға жетті. Жалақы 170 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін көтерілді. Тәулік бойы үш ауысымдық жұмыс кестесі енгізілді, 300-ден астам жаңа техника алынып жатыр.
«Бұрын бір көшеде бірнеше компания қатар жұмыс істеп, түсініспеушілік туындайтын. Енді «қасбеттен қасбетке дейін» қағидатының енгізілуі тәртіп пен үйлесімділікті жоғарылатады», – деді Алмасхан Сматлаев.
Тексерістердің нәтижесі бойынша әкімдік тек қажетті ресурстары бар бес мердігермен ғана жұмысын жалғастырады. Қалғандары ауыстырылады. Мұндай тәсіл қаланың санитарлық жағдайын едәуір жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алматыда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында және Қала күніне орай ұйымдастырылған республикалық «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы мәресіне жетті. Бұл туралы Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Халықаралық деңгейдегі WorldSkills чемпионатының талаптарына сай өткен бұл дода жас буынға қабілетін танытып қана қоймай, болашағы зор мамандықтарды игеруге жол ашты. Сайысқа елдің түкпір-түкпірінен келген 17 өңірдің 9-10 сынып оқитын 75 оқушы қатысты.
Іс-шараны ұйымдастыруға «Талап» АҚ, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Алматы қаласының Білім басқармасы атсалысты. Байқау алаңдарын қаладағы 11 мемлекеттік колледж ұсынды. Қатысушылар мына бағыттар бойынша бақ сынады: электрмонтаж жұмыстары, веб-технологиялар, мобилография, «ақылды үй» технологиялары, графикалық дизайн, аспаздық өнер, мейрамхана сервисі, наубайшылық ісі, сән өнері, шаштараз ісі, автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікке Алматы қаласы, Ақтөбе облысы және Абай облысы енді. Байқау дарынды жастарды анықтайтын, жұмысшы мамандықтың беделін көтеретін әрі мектеп оқушыларының кәсіби дағдыларын шыңдайтын ерекше алаң болды.
«Бұрын жастар негізінен экономист не заңгер мамандығына қызығатын. Ал қазір «аспаздық іс», «графикалық дизайн», «мобилография» бағыттарына сұраныс артты. Бұл бізді қатты қуантады. Мұндай байқаулар оқушылардың болашақ мамандығын тезірек таңдауға көмектеседі», - дейді Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінің директоры Айгүл Мұқажанова.
Чемпионат аясында қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен «Менің болашақ мамандығым» жәрмеңкесі өтті. Онда 2200-ден астам алматылық мектеп оқушысы колледждермен, білім беру бағдарламаларымен танысып, үздік мамандар өткізген шеберлік дәрістеріне қатысты.
«JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы Алматының білім беру мен кәсіби дайындық саласындағы инновациялар мен көшбасшылық бастамалардың орталығы ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС жылу және ыстық су үшін берешегін өсімпұлсыз өтегісі келетін тұтынушыларға арналған «Қарызды төле – өсімпұлды алып тастаймыз!» акциясының жалғасып жатқанын хабарлайды. Науқан мерзімі шектеулі екенін еске саламыз, ол 2025 жылы 31 желтоқсанда аяқталады.
Акция басталған күннен бері 760-қа жуық борышкер осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.
Акция аясында азаматтар өсімпұлдан арылып қана қоймай, мүліктеріне салынған шектеулер мен тыйымдарды алып тастауға, банктік шоттарын бұғаттан шеше алады.
Акцияға қатысу үшін қажетті құжаттар туралы ақпаратты борышкер мына байланыс арналары арқылы ала алады:
• анықтама қызметі: 341-07-77,
• WhatsApp: +7 (701) 027-11-20 (тек хабарлама қабылдайды),
• e-mail: info@alts.kz,
• немесе тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарына тікелей жүгіну арқылы.
Тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс деректері:
* «Батыс» ТҚКО (Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарына қызмет көрсетеді) – «Ақсай-4» шағынауданы, 51-Б, тел.: 341-05-30, 341-05-31, WhatsApp: +7 (701) 300-70-69, e-mail: batys@alts.kz;
* «Орталық» ТҚКО (Алмалы және Бостандық аудандарына қызмет көрсетеді) – Шафик Чокин көшесі, 221-В, тел.: 341-05-28, 341-05-29, WhatsApp: +7 (701) 300-70-65, e-mail: ortalyc@alts.kz;
* «Шығыс» ТҚКО (Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарына қызмет көрсетеді) – Төлебаев көшесі, 26, тел.: 341-05-32, WhatsApp: +7 (701) 300-70-54, e-mail: shygis@alts.kz.
Ескерте кетейік, өсімпұл жылу мен ыстық су үшін берешек толық өтелген жағдайда ғана кешіріледі. Қарызын өтемеген тұтынушылар жылу жүйесінен ажыратылып, берешек сот арқылы өндіріледі.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС
Медеу ауданындағы №166 бөбекжай-балабақшада кешенді жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңартылған білім ошағы Алматының Қала күніне орай ашылды. Бұл туралы Медеу ауданы әкімінің аппараты хабарлады.
Жаңарту аясында балабақша ғимараты толық жөнделіп, сырты боялды. Ауласы абаттандырылып, асфальт төселді. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін жаңа тротуар жолдары салынды, ойын алаңдардағы шатырлар жаңартылды. Ішкі бөлмелерде еден жабыны ауыстырылып, қабырғалар әктеліп, боялды.
Аудандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаның басты мақсаты тәрбиеленушілер үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасау. №166 бөбекжай-балабақшаға жүргізілген жөндеудің арқасында балалар енді ыңғайлы, қауіпсіз әрі заманауи талапқа сай ортада уақыт өткізеді. Ал ата-аналар балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына сенім арта алады.
Медеу ауданы әкімдігінде атап өткендей, жаңартылған мекеме балаларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын жақсартады.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 1950-жылдары салынған Яблочков көшесіндегі ескі үйлерді аралап көрді. Тұрғындар қайта жаңарту мен көшіру жұмыстарын жеделдетуді сұрады.
Қала басшысы ескі үйлерді сүру кезінде ең бастысы, адамдардың баспанасыз қалмауын қамтамасыз ету екенін айтты. Барлық шешім тек заң аясында қабылданатынын жеткізді.
«Барлық шешім заңды болуға керек. Ертең прокуратура дау тудырмас үшін хаттамаларды тексереміз. Ең маңыздысы, тұрғындарға ыңғайлы әрі бізге жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретін шешім табу керек», — деді әкім.
Жетісу ауданындағы Яблочков көшесінде орналасқан №1 және №3 үйлер – 1953-1954 жылдары салынған екі қабатты қаңқалы-қамысты ғимараттар. Барлығы 16 пәтер бар. Үйлердің жағдайы нашар: қабырғасында сызат пайда болған, сылақ үгітіліп түскен. Іргетасы шөгіп, төбе мен қабырға арасында саңылаулар пайда болып, еден қисайып кеткен, шатырдан тамшы ағады. 70 жылдан астам уақы бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген.
«ҚазҚҒЗИ» АҚ 2017-2018 жылдары жүргізген тұрғын үй қорының техникалық түгендеуі бойынша Яблочков көшесіндегі №1 және №3 үйлер ескі деп танылған. Оларды сүріп, тұрғындарды көшіру қажет. Осы аумақтың Шамиева көшесінде тағы екі ескі үй бар.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, қазір көшірудің түрлі нұсқасы қарастырылып жатыр. Тұрғындар жаңа пәтердің Алматының қай ауданынан берілетіні маңызды емес екенін айтты. Мәселен, Наурызбай ауданында қоныстана беруге болатын дайын пәтерлер бар.
Әкімнің айтуынша, ескі үйлердің тұрғындарын көшіру - маңызды әлеуметтік міндет, оны қала тұрғындарының мүддесін сақтай отырып, заңдылық пен ашықтық негізінде шешу қажет.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданындағы «Dragon City» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар жерасты тұрағын заңсыз қайта сату, қазандықтың жұмысы және жерасты үй-жайында трансформаторлы қосалқы станцияны орналастыру сияқты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Тұрғындар бастапқы жоба бойынша пәтерлер паркингпен бірге сатылғанын айтты. Кейінірек шарттар өзгеріп, көлік орындарының құны 3-тен 10 миллион теңгеге дейін өскен, содан кейін үй-жайлар толығымен коммерцияға айналған. Тұрғындардың пікірінше, бұл бастапқыда ойластырылған сызба болған.
Дархан Сатыбалды жауапты органдарға осындай шешімдердің қалай қабылданғанын, кім рұқсат беріп, құжаттарға кім қол қойғанын анықтауды тапсырды. Ол бұдан былай бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын айтты.
«Іс-қимыл алгоритмі Экономикалық тергеу департаментімен, прокуратура, ТЖ және басқа да қызметтермен бірлесіп әзірленетін болады. Қажет болса, трансформаторлық қосалқы станцияны ауыстырамыз. Ең бастысы - кешеннің 2 жарым мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігі мен өміріне төнетін кез келген қатердің алдын алу», - деді әкім.
Қала басшысы жылыту маусымында қазандыққа қызмет көрсетуді ведомстволық бағынысты ұйым өз мойнына алатынын атап өтті. Ол қыста үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін, ал келесі жылы нысан бюджет есебінен жаңғыртылатынын айтты.
Әкім трансформаторлы қосалқы станцияны жерасты үй-жайына орналастыруға қатысты алдымен қауіпсіздік шараларын пысықтауды тапсырды.
Тұрғындар абаттандыру мәселелерін де көтерді. Әкімнің тапсырмасы бойынша ауданда жол белгілері, «көрінбейтін полицейлер» және бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұдан басқа, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тетігі арқылы балалар ойын алаңын салу мәселесі де қаралады.