
Сайран көлі маңайын көріктендіру жобасы аясында екі понтон көпір орнатылған. Олар жағалаулар арасында қауіпсіз және ыңғайлы жүріп өтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта құрылымдар қысқы кезеңге жыл сайын жүргізілетін консервация және су деңгейінің төмендеуі себепті уақытша алынып тасталды. Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілдері айтты.
Су деңгейі келесі жылдың көктемінде қалпына келгеннен кейін понтон көпірлер қайта орнатылады. Құрылымдардың техникалық жарамдылығын сақтау мақсатында бұл жұмыс жыл сайын істеледі.
Сондай-ақ, «Сайран көлі маңайын көріктендіру» жобасы аясында су айдынында нимфея (лотос) өсімдіктері өсірілетін арнайы бассейн қалыптастыру үшін темірбетон құрылым салынған. Көлдегі судың төмендеуіне байланысты су өсімдіктерінің тамыр жүйесін жылыту жұмысы жүргізілді. Бұл қыс мезгілінде олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатындағы шара.
Егер өсімдіктер үсіп кетсе немесе жерсінбесе, оларды мердігер ұйым кепілдік міндеттемесі аясында ауыстырып береді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың шешімімен 2025 жылы 2 желтоқсанда қабылданған қаулы негізінде Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театрына «академиялық» мәртебе берілді. Бұл мәртебе бүлдіршіндердің бойына ізгіліктің дәнегін бір ғасырға жуық уақыт бойынша егіп келе жатқан өнер ордасына ұлт мәдениетінің дамуы жолындағы зор еңбегі үшін беріліп отыр.
Кішкентай көрермендерді ертегілер әлеміне жетелейтін Мемлекеттік қуыршақ театрының негізі 1935 жылы белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың бастамасымен қаланған. 90 жылдық тарихы бар өнер ордасы бүгінгі күнде көрерменнің сұранысына сай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор әр алуан бағыттағы қызықты да көңілді, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер легін ұсынып келеді.
Қазақ халқының ертегілері мен аңыздарына негізделген «Ортеке», «Наурыз құпиясы», «Ұр, тоқпақ!», «Ер Төстік», «Қаңбақ шал», «Алтын адам» сынды балаларға арналған спектакльдер ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, балаларды патриоттық, батылдық, жасампаздық секілді ізгі қасиеттерге жетелейді. Әлем әдебиетінің үздік үлгілері қатарынан табылатын ертегілер мен шығармалар негізінде сахналанған «Қасқыр мен жеті лақ», «Қызыл телпек», «Үш торай», «Қар ханшайымы», «Түйме қыз» сынды қойылымдар бүлдіршіндерге мейірімділіктің, қамқорлықтың, адамгершіліктің маңызын үйретеді. Ал ересектерге арналған «Мен кіммін..», «Шекпен», «Шал мен теңіз», «Ана – Жер ана», «Макбет. Иллюзия», «Ромео мен Джульетта» сынды спектакльдер көрерменге жан-дүниесіне үңіліп, рухани серпіліс алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қуыршақ театры үшін соңғы жылдардағы ең ірі мәдени бастамалардың бірі – жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі. Аталған жоба Алматыны халықаралық қуыршақ өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырды. Фестиваль аясында Испания, Италия, Чехия, Польша, Қытай, Үндістан, Болгария, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның таңдаулы ұжымдары бас қосып, шығармашылық тәжірибе алмасып, қуыршақ өнерінің жаңа бағыт-бағдарын бірге талқылайтын кәсіби алаң қалыптасты. Бүлдіршіндер мен ересек көрермен үшін бұл мереке нағыз рухани жаңғыру кеңістігіне айналды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қуыршақ театрының халықаралық сахнадағы белсенділігі де жыл санап артып келеді. Ұжым Франция, Канада, Болгария, Түркия сынды бірқатар елде өткен айтулы халықаралық театр фестиваліне қатысып, жүлделі орыннан көріне білді. Бұл жетістіктер қазақ қуыршақ өнерінің шетелдердегі танымалдығын арттырып қана қоймай, отандық театрдың кәсіби деңгейін жаңа биікке көтеруге ықпал етті.
Алдағы уақытта да Мемлекеттік қуыршақ театры көркемдік ізденісті тоқтатпай, тың режиссерлік шешімдермен ерекшеленетін жаңа спектакльдерді сахналауды, халықаралық жобалар аясын кеңейтуді және көрерменмен байланысты одан әрі нығайтуды мақсат етіп отыр.
90 жылға жуық үздіксіз шығармашылық ізденіс, ұлттың руханиятына адал қызмет, халықаралық деңгейдегі белсенділік және көрермен сенімі – Мемлекеттік қуыршақ театрының қазіргі таңдағы биік тұғырының айқын көрінісі. «Академиялық» мәртебе – осы жолдан таймай, өнерге деген жауапкершілік пен талғам биігін сақтап келе жатқан ұжым еңбегінің заңды жалғасы.
Сағат 13:10-дағы жағдай бойынша: Полиция департаментінің патрульдік көліктері мен өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары қала аумағын аралап тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Гидробекет бақылаушылары және инженерлік-техникалық мамандар алгоритмге сәйкес өзен арналарын және нысандарын тексеруді жалғастыруда.
ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арналарының, гидротехникалық құрылымдардың, сондай-ақ көшкін және сел қаупі бар аймақтарды бақылауға алған.
Сонымен қатар, тұрғындарды қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының зақымданғаны-зақымданбағанын анықтау үшін визуалды тексеріс қолға алынды. Қазіргі уақытта аталған нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр.
Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Алматы қаласы ТЖД
Алматының санитарлық қызметі қатты отынмен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарына 12 жоспардан тыс тексеріс жүргізді. 10 экологиялық құқықбұзушылық анықталды. 7 нұсқама беріліп, екі факті бойынша материалдар сотқа жолданды. Барлығы 1 887 360 теңге көлемінде 8 әкімшілік шара қолданылғанын Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады.
«Eco Almaty» ЖШС мамандарының айтуынша, мұндай нысандар шамадан тыс түтін мен иіс шығарып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Кәуапхана иелерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмысы жүргізіледі: қатты отынды пайдалануға тыйым салынған, ал газбен жұмыс істейтін жабдықтарда міндетті түрде сүзгілер орнатылуға тиіс. Eco Almaty тарапынан бақылау атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, санитарлық талаптар мен қаланы көріктендіру ережелерінің сақталуын бақылау аясында Экология және қоршаған орта басқармасы мен Алматы Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын қолданыстағы шектеулер туралы кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Алматының Жетісу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы биыл тұрғындардан қатты отынды пайдаланып, айналаға қою түтін тарататын кәуапханаларға қатысты бірнеше шағым түскенін хабарлады.
Шағымдардың бірі Назарбаев көшесі, 28А мекенжайындағы нысанға қатысты болды. Тұрғынның айтуынша, онда антисанитарлық жағдай орнап, мангалдан түтіннің тым көп шыққан. Жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында «Аяна» ЖК нысанында жұмыс туралы тиісті хабарлама берілмеген, қатты отын жағатын мангал қолданылған, қоқыс контейнері мен дератизация шаралары болмаған, нысан ішінде ұшатын жәндіктер анықталды дегендей бірқатар санитарлық талаптың бұзылғаны анықталды.Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге 68 810 теңге айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда қайталама тексеріс барысында талаптардың орындалмағаны анықталып, сот нысан иесіне қосымша 393 200 теңге айыппұл тағайындады.
Сонымен қатар, Серіков көшесі, 41 мекенжайындағы «Алтын қазан» кафесіне («Құлагер» ЖШС) қатысты да бірнеше шағым түскен. Тексеру барысында мангалдың қатты отынмен жұмыс істейтіні және тұрғын үйлермен жапсарлас салынғаны, бұл санитарлық талаптарға қайшы екені әрі тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны анықталды. Дәмхана басшысына 314 560 теңге айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда қайта тексергенде мангалдың әлі де алынбағаны анықталып, сот қосымша 275 240 теңге айыппұл тағайындады.
Кейін осы нысан бойынша тағы бір шағым түсіп, мангалдан шыққан түтін мен күйе қайтадан тіркелді. Тексеру нәтижесінде бұзушылықтар тағы расталды. «Құлагер» ЖШС-не 314 560 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, материалдар мангалды пайдалануға тыйым салу мәселесін сотта қарастыру үшін жолданды. Сот қатты отын жағатын мангалды пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдады.
Ауданның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Өйткені қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар шамадан тыс түтін шығарып, ауа сапасын нашарлатады және санитарлық нормаларды өрескел бұзады
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде барып, ЖОО-ның қазіргі ғылыми әзірлемелерімен, инфрақұрылымымен және инновациялық мүмкіндіктерімен танысты.
Қала әкімінің орынбасары жоғары технологиялық жобалар мен инновациялық әзірлемелер ұсынатын Farabi Hub инновациялық орталығында болды. Бүгінде хаб ірі инвестициялық компаниялармен, ғылыми-зерттеу институттарымен және жетекші шетелдік университеттермен тығыз әріптестік орнатқан. Заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханаларда түрлі бағыт бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленіп жатыр. Орталықтың негізгі мақсаты – ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми идеялары мен жобаларын экономикаға енгізуді жеделдету және инновацияларды коммерцияландыру үдерісін күшейту.
Бұдан кейін Абзал Нүкенов Өндірістік робототехника және инженерлік құзыреттер орталығында болды. Мұнда немістің жоғары сапалы KUKA роботтары орнатылған. ҚазҰУ робототехниканы жүйелі дамытып, бұл салада еліміздегі жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналып келеді. Университет мамандары зияткерлік жүйелер, ұшқышсыз ұшу аппараттары және автоматтандырылған өндірістік шешімдер бағытында зерттеу жүргізіп отыр.
Әкімнің орынбасары халықаралық деңгейде жұмыс істейтін «Цифрлық технологиялар және робототехника» институтының және Робототехника орталығының қызметімен де танысты. 600 шаршы метр аумақта заманауи өндірістік технологиялар мен жасанды интеллект негізінде құрылған бес инновациялық платформа жұмыс істейді. Мұнда студенттер цифрлық өндіріс үдерістерін, күрделі автоматтандырылған жүйелерді меңгеріп, озық технологиялар саласында тәжірибелік дағдыларды меңгереді.
ЖОО-нын аралаған Нүкенов университет базасында орнатылған суперкомпьютердің жұмысымен танысты. Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу жүйелерінің бірі саналатын бұл суперкомпьютер еліміздің ғылыми инфрақұрылымын күшейтіп, ІТ және жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Оның есептеу қуаты 2000 терафлопс, ал архитектурасы 400-ден астам Intel Xeon 6330N серверлік процессорларынан тұрады.
Сонымен қатар, Абзал Нүкенов география және табиғатты пайдалану факультетіне барып, ҚазҰУ ғалымдарының табиғатты қорғау, топырақ құнарлылығын арттыру, құрғақшылықтың алдын алу және су сапасын жақсартуға бағытталған ғылыми жобаларымен танысты.
Қала әкімінің орынбасары университеттің техникалық базасының жоғары деңгейін атап, Алматы жастарына сапалы білім беруде заманауи ғылыми орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол университет ұжымына ғылыми және инновациялық жобаларды жүзеге асыруда табыс тілеп, қала әкімдігі білім, ғылым және білікті маман даярлау бағытындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Заместитель акима Алматы Бейбут Шаханов провел встречу с жителями Алатауского района, поднимающими вопрос размера компенсации за земельные участки и дома, выкупаемые для государственных нужд под пробивку улицы Тлендиева.
В ходе встречи заместитель акима Алматы совместно с представителями городских управлений заслушал обращения горожан и дал разъяснения правовых норм в данной сфере.
«Город активно развивается, что требует строительства новых социальных объектов — школ, поликлиник, спортивных и культурных центров, а также развития транспортной инфраструктуры: новых станций метро, пробивки магистральных улиц. Для реализации этих проектов требуется трансформация сложившихся районов и присоединённых территорий с частной застройкой. Соответственно, город вынужден выкупать земельные участки. Выкуп производится по рыночной стоимости на основании независимой оценки и акимат не может влиять на ее результаты», - отметил Бейбут Шаханов.
Пришедшие на встречу жители мкр. Ожет выразили несогласие с оценочной стоимостью имущества. Также у большинства отсутствуют правоустанавливающие документы на земельные участки либо на строения.
«На сегодня остается порядка 30 собственников, имеющих проблемы с правоустанавливающими документами на жилье и земельные участки. Профильным управлениям необходимо в индивидуальном порядке рассмотреть каждый вопрос, дать соответствующие разъяснения и при необходимости оказать содействие в легализации в рамках действующего законодательства», - отметил Бейбут Шаханов.
По итогам встречи заместитель акима города поручил управлению земельных отношений совместно с районным акиматом на постоянной основе проводить разъяснительную работу среди граждан, а также организовать встречу с представителями оценочной компании, которые смогут подробно рассказать о критериях оценки имущества.
Следует отметить, что Генеральным планом Алматы до 2040 года в целях повышения транспортной связанности и совершенствования улично-дорожной сети предусмотрена пробивка улицы Тлендиева от проспекта Рыскулова до границы города.
Проект пробивки улицы Тлендиева разделен на 2 очереди:
1-я очередь от пр. Рыскулова до ул. Сабатаева протяжённостью 5,8 км. По проекту под выкуп попадают 123 земельных участка.
2-я очередь от ул. Сабатаева до границы города протяженностью 4,9 км. По проекту под выкуп попадают 344 земельных участка.
На сегодня выкуплено 70 участков. Напомним, выкуп земельных участков для государственных нужд производится по рыночной стоимости независимо от оснований возникновения прав на участок.
2025 жылы 10 айда қаланың комьюнити орталықтарында 2 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, олар 535 мың жасөспірім мен жас азаматты қамтыды. Бұл туралы Алматы қаласының жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Бүгінде әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен қаланың 11 комьюнити-орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда жастарға психологиялық және заңгерлік көмек, жұмысқа орналасу, кәсіби бағдар және кәсіпкерлік бойынша кеңес беру қызметтері тегін көрсетіледі. Сондай-ақ, олар бастамасы мен жобасын дамыту үшін коворкинг-аймақтарын пайдалана алады.
Осы кезең ішінде 16 мыңнан астам жас, атап айтсақ, шамамен 10 мыңы жұмысқа орналасу мәселесі бойынша, 6 мыңы психологиялық және құқықтық қолдау бағытында кеңес алған. Жыл соңына дейін тағы бес комьюнити орталықты іске қосу жоспарланған.
Бұған қоса, қала бойынша 100 демалыс орталығы жұмыс істейді, онда жастар шығармашылық және спорттық үйірмеге, шеберхана мен секцияға қатыса алады. Жыл басынан бері жоспарланған 20 нысанның 14-інде жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қалған орталықтарды жаңарту жыл соңына дейін толық аяқталмақ.
Алматыда бұқаралық спортты дамытуға, аула бастамаларын қолдауға, қала тұрғындарын спорт пен белсенді өмір салтына кеңінен тартуға бағытталған «Спорт – Достық алаңы» қалалық жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Жоба түрлі алаңды қамтып, флешмоб, турнир, отбасылық жарыс пен әлеуметтік-спорттық іс-шараларды біріктіреді. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері айтты.
Өткен демалыс күндері іс-шара бірнеше ауданда бір уақытта ұйымдастырылды. Медеу ауданында жоба аясында және «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен бірлесіп ірі спорттық флешмоб өтті. Жастар, оқушылар, студенттер, ардагерлер мен еріктілер – жалпы саны 700-ден астам қала тұрғыны спорттық ойындарға, би флешмобтарына және белсенді бағдарламаға қатысып, іс-шара ерекше атмосферада өтті.
Алмалы ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар арасында волейбол турнирі өтті. Бес команда эмоцияға толы кездесу өткізіп, жеңімпаздарға кубок, медаль және алғыс хат табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ұрпақ сабақтастығын нығайтып, жастардың спортқа деген жылы шырайын қалыптастырады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ганди атындағы саябақта отбасылық спорт эстафетасы өтті. Ата-аналар мен балалар бір команда болып өнер көрсетіп, ұйымшылдық пен командалық рух танытты. Жарыста Асқаровтар отбасы жеңімпаз атанды. Барлық қатысушыға алғыс хат пен естелік сыйлық берілді.
Әуезов ауданында асық ату, дартс, шахмат, арқан тартыс және волейбол ойындарын қамтыған кең көлемді спартакиада ұйымдастырылды. Іс-шара тұрғындар арасындағы достықты нығайтып, жағымды спорттық көңіл-күй қалыптастыруға ықпал етті.
Алатау ауданының, Нұркент шағынауданында ашық футбол жаттығуы өтті. Кәсіби жаттықтырушылар флешмоб өткізіп, ойын элементтерін үйретіп, командалық тапсырмалар ұйымдастырды. Бұл жасөспірімдерді белсенді демалыс пен салауатты өмір салтына тартуға мүмкіндік берді.
«Спорт – Достық алаңы» жобасы әр аудан тұрғындарын біріктіріп, уақытты тиімді өткізуге, дене шынықтыруға және спорттық мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасайды. Бағдарлама жас алматылықтардың бойына сенімділік, тәртіп, шыдамдылық және дәстүрге құрмет сезімін дарытады», – деді қалалық Спорт басқармасының өкілдері.
Алматы Доха қаласында (Катар мемлекеті) өткен өңірдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі — Qatar Travel Mart 2025 көрмесіне қатысуын аяқтады. Іс-шараға 60-тан астам елден туризм индустриясының кәсіби өкілдері қатысты. Көрме халықаралық байланысты нығайтуға, қаланың туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Алматы төрт маусым бойы саяхаттауға қолайлы бағыт ретінде ұсынылды: тұмса табиғат, белсенді демалысқа арналған заманауи мүмкіндік, wellness-бағыттар, гастрономиялық ұсыныстар және іскерлік іс-шараларға арналған дамыған инфрақұрылым кеңінен көрсетілді.
Көрме аясында Алматы делегациясы B2B форматында 150-ден астам келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде өңірдің жетекші туроператорлары және әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастық жөнінде алдын ала уағдаластық жасалды. Келіссөз қорытындысы бойынша 36 келісімге қол қойылып, олардың жүзеге асуы Алматыға түрлі елдерден 5 000-нан астам турист тартуға мүмкіндік береді.
«Бұл өңірден келетін туристер үшін ең басты қызығушылық – табиғат. Алматы тауы, көлі, жасыл саябақтары және жазғы салқын климаты арқылы осы талапқа толық сай келеді. Араб елдерінен қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз және оны одан әрі күшейтуге ниеттіміз», — деді Алматы қаласының Туризм басқармасы Туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбіхан.
Көрмедегі бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде роуд-шоу ұйымдастырылды. Қазақстанның бес туроператоры Парсы шығанағы нарығына арналған туристік өнімдерін таныстырды. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Дохадағы Бас консулдығының өкілі құттықтау сөз сөйледі. Роуд-шоуға Орталық Азия елдерінің елшіліктері, жергілікті туристік компаниялар, БАҚ және серіктес ұйымдардан 130-дан астам қонақ қатысты. Бұл кездесу форматы әлеуетті клиенттермен тікелей байланыс орнатуға және Алматының туристік мүмкіндіктеріне қызығушылықты арттыруға жағдай жасады.
QTM 2025 көрмесіне қатысу Алматы қаласын шетелдік нарықтарда ілгерілетуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болды. Келесі кезеңде серіктестік байланысты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және Парсы шығанағы елдерінің туристері арасында Алматыны жайлы, қауіпсіз әрі табиғи тартымды бағыт ретінде тұрақты қызығушылықты қалыптастыру жұмысы жалғасады.