
«Алматы Арена» спорт кешенінде ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылар, бапкерлер мен мамандар тарапынан оң бағасын алды.
Биылғы біріншілікке еліміздің барлық өңірінен келген 1000-ға жуық үздік балуан қатысты. Бір кілем үстінде ұлттық құраманың танымал көшбасшылары мен өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік алған жас спортшылар кездесті.
Турнирдің басты нәтижесі – бірқатар болашағы зор жас балуандар ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігіне ие болып, қазақстандық күрестің кадрлық резервін нығайтты.
Алматыдағы чемпионат тағы да отандық балуандардың жоғары деңгейін дәлелдеп, ұлттық құраманың болашақ көшбасшыларын анықтайтын маңызды алаңға айналды.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданын жұмыс сапарымен аралап, қалалық ортаны жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі аумақтарды көріктендіру жоспарлары және жобаларымен танысты.
Жұмыс сапары аясында қала әкіміне «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша Шолохов көшесін Сүйінбай дайңғылынан Ержанов көшесіне дейінгі аралықта орташа жөндеу жоспары таныстырылды. Бұл аумақта ауданның ең жүктемесі жоғары көшелерінің бірін кешенді көріктендіру көзделген. Жоба аясында жол және жүргінші инфрақұрылымын жаңарту, сыртқы жарықтандыруды жаңғырту, сәулеттік нысандар орнату, жасыл аймақты дамыту және көше жиһаздарын орналастыру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылға белгіленген.
Сондай-ақ Майборода көшесінде Сейфуллин даңғылынан Байкальская көшесіне дейін жүргіншілер аймағын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жоба тротуарларды көріктендіруді, шағын сәулет нысандарын орнатуды, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді және серуендеуге қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды қамтиды. Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен жоспарланып отыр.
Дархан Сатыбалды тұрғындардың жайлылығына бағытталған заманауи, қауіпсіз әрі көріктендірілген қалалық ортаны қалыптастырудың маңызын атап өтті. Аталған жобаларды іске асыру көлік байланысын жақсартуға, ауданның туристік тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Түрксіб ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар қала инфрақұрылымын жаңғырту және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған.
Алматы қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ерекше экологиялық-шығармашылық бастама – «Эко-шырша Алматы» атты ашық байқау жарияланды. Жоба Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып отыр. Бұл байқау қалалық ортада экологиялық сананы көтеруді, шығармашылық әлеуетті арттыруды және жаңа жылдық мерекелерді жауапкершілікпен атап өтуге бағытталған жаңа мәдени дәстүр қалыптастыруды көздейді.
Байқау экодизайн бағытындағы шығармашылықты қолдап, мегаполистің экологиялық мәдениетін арттыруды және тұрмыстық қалдықтарды қайта қолдану идеясын кеңінен насихаттауды мақсат етеді. Бұл бастаманың түпкі мәні – тұтынушылық мәдениетін қайта қарастырып, тұрмыстық қалдықтарға жаңа өмір сыйлау арқылы қоғамдағы экологиялық ойлауды дамыту. Осы мақсатта қатысушыларға қайта өңделетін материалдар мен тұрмыстық қалдықтарды пайдалана отырып, Алматының рухын, динамикасын және заманауи келбетін бейнелейтін ерекше арт-шырша жасау ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жаңа бастама Алматыда экологиялық тұрғыдан таза әрі шығармашылыққа негізделген жаңа жылдық мерекелік дәстүр қалыптастыруға бағытталған. Аталған бастама суретшілерді, дизайнерлерді және қаланың болашағына бейжай қарамайтын барлық қала тұрғындарын біріктіруді көздейді. Олардың пікірінше, ұсынылатын эко-шыршалар – жай ғана өнер туындысы емес, заманауи тұрақты қаланың қандай болуы керектігін айқындайтын маңызды манифест.
Байқауға шығармашылық пен экобелсенділікке бейім барлық азаматтар қатыса алады. Атап айтқанда, суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, қолөнершілер, шығармашылық топтар, экологиялық қауымдастықтар.
Әрбір қатысушы биіктігі 2-2,5 метр аралығындағы, тек тұрмыстық қалдықтар, қайта өңделетін материалдар, екінші реттік шикізат қолданылған арт-шырша жобасын дайындауы тиіс. Материалды таңдауда еркіндік берілгенімен, экологиялық қауіпсіздік және қайта пайдалануға жарамдылық басты критерийлер болып есептеледі.
Қатысушыларды ынталандыру мақсатында байқау аясында қаржылай қолдау қарастырылған:
● Алғашқы іріктеуден өткен 15 финалистке өз жобасын жүзеге асыру үшін 100 000 теңге көлемінде грант беріледі;
● Финалдық кезеңде үздік деп танылған авторлар
✔ I орын – 400 000 теңге
✔ II орын – 300 000 теңге
✔ III орын – 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтарға ие болады.
Сонымен қатар, 6 авторға әрқайсысына 100 000 теңге көлемінде арнайы ынталандыру сыйлығы болады.
Бұл сыйлықтар жас таланттарды қолдауға, экодизайн саласында жаңа идеялардың пайда болуына және шығармашылық бәсекелестікті арттыруға бағытталған.
Байқау қорытындысы бойынша ең үздік эко-шыршалар қалалық фестивальдің арт-аллеясында көпшілік назарына ұсынылады. Фестиваль кезінде қала тұрғындары мен қонақтары ерекше өнер туындыларымен танысып қана қоймай, экологиялық мәдениетке қатысты пайдалы ақпарат алып, тұрақты даму идеяларына жақындай түседі.
Шығармаларды бағалаумен арнайы шығармашылық индустрия өкілдерінен, экодизайн саласының мамандарынан, экологтардан, серіктес ұйымдардың өкілдерінен және танымал дизайнерлерден құрылған кәсіби қазылар алқасы айналысады.
Олар жұмыстарды композиция, идеяның жаңашылдығы, қолданылған материалдардың экологиялық сипаты, көркемдік шешімі және қалалық кеңістікке сәйкестігі бойынша бағалайды.
Бұл бастама қаланың шығармашылық әлеуетін ашуға, жас таланттарды қолдауға, сондай-ақ Алматыны Қазақстандағы жасыл инновациялар орталығына айналдыруға бағытталған қадамдардың бірі.
Байқауға өтінімдер 18 желтоқсанға дейін қабылданады. Толық ақпарат пен байқауға қатысу ережелерімен төменде көрсетілген сілтеме арқылы танысуға болады.
https://docs.google.com/document/d/1jeMoWCcg3PBdnnzLdPSH5jRQbu_88czB/edit?usp=drivesdk&ouid=110611780211072053156&rtpof=true&sd=true
Байланыс нөмірі: 87751021313 – А. Жантурина
Алматы қаласының Әуезов ауданында нашақорлыққа қарсы акция ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ полиция мен прокуратура өкілдері қатысты.
Акция барысында нашақорлықты насихаттайтын жазбалар өшірілді. Қатысушыларға есірткі қолдану және оны насихаттау қылмыс болып саналатыны түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында нашақорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру және ауданда қауіпсіз орта қамтамасыз ету.
Алматыда қала Мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулер мәселесі қаралды.
Отырысқа қатысушыларға Бас жоспарды түзету жобасы бойынша толыққанды таныстырылым ұсынылып, барлық бағыт бойынша жан-жақты әрі нақты ақпарат берілді.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов бұл кездесу құжаттың негізгі ережелерін алдын ала талқылауға, ескертулер мен ұсыныстарды ескеруге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұсыныстар жобаны кең көлемде қоғамдық талқылауға шығаруда маңызды рөл атқарады.
«Жобаның қоғамдық талқылауы биыл 24–26 желтоқсан аралығында өтеді. Біздің ортақ міндетіміз — қала дамуының мүддесі мен стратегиялық бағыттарын айқын көрсететін, жан-жақты әрі сапалы пысықталған құжатты ұсыну. Алдымызда ұсынылған жобаны талқылаудың барынша ашық, инклюзивті және кәсіби үдерісін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде қалалық Мәслихаттың құрылыс, сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Дәурен Маралов Бас жоспарды түзету қала дамуының жоғары қарқыны жағдайында теңгерімді дамуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекет басшысының тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасын ескеру үшін қажет екенін айтты.
«Халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір күшейтуді талап етеді. 2030 жылға дейін 107,5 мың оқушы орны, 101,5 мың балабақша орны, 1,2 млн шаршы метр медициналық нысандар, сондай-ақ мәдениет, сауда және өрт қауіпсіздігі объектілерінің дамыған желісін салу қажет. Полиорталықтарды дамыту ерекше маңызға ие. Бұл маятниктік көші-қонды азайтып, экономикалық белсенділікті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда күн сайын орталыққа шамамен 600 мың сапар жасалады. Полиорталықтарды қалыптастыру көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, өмір сапасын арттыруға жол ашады. Осы тұрғыда Бас жоспарды түзету — формальдылық емес, қала үшін аса қажетті қадам. Бұл жұмысты қолдаймын және оны қаланың болашағы үшін стратегиялық маңызы бар деп есептеймін», — деді Дәурен Маралов.
Қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Махамбет Хасенов те өз сөзінде Бас жоспарды түзету жобасын қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, құжат мегаполистің негізгі экологиялық міндеттеріне толық жауап береді.
«Түзету жасыл аймақтардың аумағын үш еседен аса ұлғайтып, 3 800 гектарға дейін жеткізуді көздейді. Бұл жаңа орман мен саябақтар салуды, өзен аңғарларын қорғауды және қаланың біртұтас экологиялық құрылымын қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар құрылыс тығыздығын төмендетуге ерекше көңіл бөлінген: бұрынғы гектарына 330 адам нормативінің орнына шамамен 260 адам деңгейі қарастырылып отыр. Бұл инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуінің алдын алып, көлікке түсетін қысымды азайтып, шағынклиматты жақсартуға мүмкіндік береді. Аталған жайттардың барлығы жобаның уақытылы, негізді әрі алматылықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді», — деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері Бас жоспарды түзету жобасын қолдады. Қоғам өкілдері ұсынған барлық ескерту мен ұсыныс жүйеленіп, құжатты одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.
4–9 желтоқсан аралығында Алматының ADD аренасында 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті. Турнирге аймақтық іріктеу жарыстарында топ жарған, Қазақстанның ең үздік жас боксшылары қатысып, чемпион атағы мен жасөспірімдер ұлттық құрамасына іріктеу жолдамасын сарапқа салды.
Жарыс боксшылардың халықаралық деңгейдегі ірi старттарға дайындығындағы маңызды кезең болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша 14 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Барлық салмақ бойынша жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысы бірінші орын алды. Команда 7 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 1 күміс және 2 қола.
Екінші орын Шымкент командасына бұйырды — 6 медаль (3 алтын, 2 күміс, 1 қола).
Үздік үштікті Алматы қаласының құрамасы түйіндеді. Команда тұрақты нәтиже көрсетіп, 9 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 5 қола.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік күні және Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығы қарсаңында 1986 жылғы желтоқсаншылармен кездесті. Әкім Алматының қоғамдық өміріне белсене үлес қосып жүрген желтоқсаншылардың патриоттық ұстанымын, азаматтық позициясын және ұлттық құндылықтарға беріктігін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушыларды толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріліп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, кешенді еске алу іс-шараларының жоспары әзірленетін болады. Әсіресе ұлттық рухты нығайтуға және жастарды тәрбиелеуге бағытталған танымдық әрі патриоттық бастамаларға басымдық беріледі.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап жүргені және азаматтық қоғамды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін желтоқсаншыларға алғыс білдірді. Әкім атап өткендей, қала әкімдігі, Мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйымдар жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру және қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздік күніне орай Республика алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне және Желтоқсан көшесіндегі «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қою рәсімдері өтеді.
Алматыда 2025 жылы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған мәдени бастамалардың саны айтарлықтай артты. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасы мәлімдеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры жанындағы көру және есту қабілеті бұзылған азаматтардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімі шығармашылық белсенділікті қолдауға және қала тұрғындарының мәдени өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталған 132 іс-шара өткізді.
Бөлім жанында бірнеше шығармашылық ұжым жұмысын жалғастыруда: «Атамұра» халық аспаптар ансамблі, «Армандастар», «Ән-жүрек» және «Дос» вокалды-аспапты ансамбльдері. Жыл бойы олар «Ақ қайың», «Спутник», «Көктем» шипажайларында және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған Республикалық госпитальде концерттер қойды.
Зағип жандарға арналған мәдениет үйінде Қадір Мырзалиевтің 90 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың туған күніне, Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына және Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық және ағартушылық іс-шаралар өтті. Сондай-ақ Арнұр Әлімхановты еске алу кеші ұйымдастырылды.
22 қазанда көру қабілеті бұзылған дуэттер арасында өткен «Екі жұлдыз» II халықаралық ән фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 10 дуэт қатысты.
Жыл бойы концерттер, байқаулар, кинокөрсетілімдер, шебер сабақтары ұйымдастырылып, түрлі үйірмелер мен шығармашылық студиялар жұмыс істеді. Коррекциялық мектеп оқушыларын қалалық, республикалық және халықаралық байқауларға дайындау жүргізілді. Сонымен қатар ым тілі және ағылшын тілі курстары қолжетімді болды.
Маңызды оқиғалардың бірі – қала күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс вальсі» X республикалық би фестивалі болды. Фестиваль еліміздің тоғыз өңірінен келген би ұжымдарын біріктіріп, Шәкірттердің Инновациялық шығармашылық орталығында өтті.
Алматылық қатысушылар халықаралық деңгейде де табысқа жетті. Минск қаласында өткен есту қабілеті бұзылған ардагерлердің өнер фестивалінде Әлім Меңдібаев бас жүлде иеленді. Өзбекстандағы Азия чемпионатында Н.А. Жуковская екі бірінші орынды жеңіп алды. Ал дойбы-64 бойынша Әлем кубогінде Ә.Ж. Меңдібаев рапидте жеңімпаз атанып, классикалық бағдарламада үшінші орынға ие болды.
Алматыда инклюзивті бағдарламаларды дамыту жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қаланың мәдени өміріне кеңінен қатысу мүмкіндігін арттыру.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үйлер мен бірнеше мектеп құрылысының барысымен танысты.
Наурызбай ауданында 340 орындық мектеп-интернаттың құрылысы жүріп жатыр. Жобада оқу және әкімшілік кабинеттер, асхана, бассейні бар спорт залдары, оқу залы бар кітапхана және жатын бөлмелері қарастырылған 7 блок бар.
Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары, аумақты көгалдандыру және технологиялық жабдықтарды жеткізу жалғасуда. Нысанның дайындық деңгейі – 90%. Алайда жұмыс кестесінен 3 айға кейін қалу бар.
Әкім бұл мектептің ерекше маңызын атап өтті, себебі мұнда әлеуметтік осал санаттағы балалар оқып, тұрады.
«Нысан биыл аяқталуы және сапасы талапқа сай болуға тиіс. Әйтпесе, біз сот тәртібімен шара қабылдауға мәжбүр боламыз. Жалпы, қала кәсіби құзыреті, заманауи техникасы және білікті мамандары бар компаниялармен жұмыс істеуге мүдделі. Ал шарттық мерзім мен құрылыс нормаларын бұзатын мердігерлер жаңа жобаларға жіберілмейді», — деді Дархан Сатыбалды.
Одан кейін қала әкімі Бостандық ауданындағы №73 мектеп-гимназиясына салынып жатқан қосымша ғимараттың жұмысын көрді. Құрылыс бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жеке қаражат есебінен жүргізілуде.
Ауданы 6,6 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта оқу кабинеттері, зертханалар және спорт залы қарастырылған. Бұл оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етеді. Құрылысты келер жылдың қаңтар айының соңында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында әкім Қалқаман-2 шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болды. Жоба аясында қаладағы кезекте тұрған азаматтарға арналған 594 пәтер салынуда. Жұмысты биыл аяқтау жоспарланған. Кейін пәтерлер одан әрі бөлу үшін Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының балансына беріледі.