Меню
Страницы
Әкім аппараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Халық үшін
Все материалы
Аймақты цифрландыру
06 октября 2026
ШҚО-дағы цифрлық технологиялар: медицина, АӨК, білім беру, экология және ТЖ саласы

Шығыс Қазақстанда 21 мыңнан астам медициналық кескін жасанды интеллект көмегімен өңделді. Сүт фермаларында робот-сауыншылар жұмыс істейді, ал су тасқыны қаупі бар аймақтардағы су деңгейі автоматтандырылған гидрологиялық бекеттер арқылы бақыланады. Цифрлық технологиялар қандай міндеттерді шешіп жатқаны және алдағы уақытта қандай жобалар іске қосылатыны ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерге денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда жасанды интеллектіні қолдануды жандандыруды тапсырды.

ШҚО-да жасанды интеллект өкпе мен сүт безі қатерлі ісігінің белгілерін анықтау мақсатында медициналық кескіндерді талдау кезінде қолданылады. Қазірдің өзінде 21 306 кескін өңделді. Мұндай құралдар дәрігерлерге қосымша назар аударуды қажет ететін өзгерістерді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

Телемедицина мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері Ана мен бала орталығында 115 телемедициналық қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар DigitalPathology платформасында 193 халықаралық консультация өткізілді.

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы төрт цифрлық жобаны іске асыруға дайындап жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін бейнетіркегіштер қарастырылған. Ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнекамералар орнатылып, олардан түсетін ақпарат нақты уақыт режимінде 102 арнасына беріледі.

«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жыл соңына дейін облыста вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштарды температураны қашықтан бақылау және пайдалану көрсеткіштерін қадағалау датчиктерімен жабдықтауды көздейтін келісімшарт жасалады.

Ауыл шаруашылығы саласында Шығыс Қазақстан облысындағы жеті тауарлы-сүт фермасына «ақылды шаруашылық» элементтері енгізілген. Кәсіпорындарда қолданылатын жабдықтар да әртүрлі: автоматтандырылған сауу қондырғылары, жем беру жүйелері және малды бақылауға арналған бағдарламалар кәдеге жаратылып жатыр.

Мәселен, «Камышинское» шаруашылығында DairyPlan бағдарламасы төрт түліктің денсаулығын, азықтандырылуын, сауылуын және көбею көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Әр сиыр бойынша жеке мәліметтер базасы жүргізіледі. 

Мұнда жем араластырғыш-таратқыш және малға жемді жақындатып беретін арнайы робот та жұмыс істейді.

«Бобровка+» ЖШС мен «Украинка» шаруашылығында робот-сауыншылар қолданылады. Цифрлық жүйелер фермерлерге жұмысты тиімді ұйымдастыруға, табынның өнімділігін бақылауға және ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Аймақтық талдау орталығында бұрын жекелеген тізілімдер мен есептерде сақталған ақпараттар бір жүйеге біріктірілуде. Осы мақсатта 108 тізілім мен 238 есептік нысан цифрландырылды.

Жүйеге қазірдің өзінде 25 экологиялық бекет біріктірілген. Су тасқыны мониторингі 26 автоматтандырылған гидрологиялық бекет пен 49 тәуекел аймағын қамтиды. Мамандар 109 және 112 нөмірлеріне келіп түскен өтініштерді де талдайды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады және тәуекелдерді анықтау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізуде.

Цифрлық құралдарды педагогтер де меңгеріп жатыр. Білім беру ұйымдары арасында ChatGPT Edu-дың 2 233 лицензиясы бөлініп, қазірдің өзінде 1 100-ден астам педагог оны жұмыс барысында қолдана бастады. Мұғалімдер жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану бойынша оқытылуда. Бұдан бөлек, тағы 150 маман Tomorrow School платформасында білім алып жатыр.

«Цифрлық мүмкіндіктерді өңірдің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік саласына белсендірек енгізу қажет. Алдағы жұмысты деректердің дұрыстығына, ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуға және жаңа шешімдердің тұрғындарымызға беретін нақты пайдасына бағыттау маңызды», - деді Нұрымбет Сақтағанов әкімдіктің жауапты басқармалар басшыларына.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Пресс-релиздар
06 октября 2026
ШҚО Алтай ауданына жаңа әкім тағайындалды

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Алтай ауданының әкімі лауазымына Тұраров Еркін Тұрарұлы тағайындалды. Ол 1986 жылдың 1 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген.

2008 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Сәулет өнері» мамандығы бойынша, 2020 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін «Экономика» мамандығы бойынша, 2025 жылы Халықаралық көлік-гуманитарлық университетін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Жалпы еңбек өтілі - 18 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі өтілі 15 жылды құрайды.

Еңбек жолын «Промстрой» ЖШС жобалау тобында сәулетші тағылымдамашы болып бастады. Өскемен қаласының құрылыс бөлімінде қызметтік сатының барлық деңгейінен өтті. Сондай-ақ «KazInvestStroy» ЖШС-ны басқарды.

2017-2022 жылдары Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы лауазымдарын атқарды. 2022-2024 жылдары Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2024 жылдан бастап осы уақытқа дейін ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарды.

Енді бүгіннен бастап Алтай ауданының әкімі лауазымын атқарады. Еркін Тұраровтың Алтай ауданының әкімі қызметіне тағайындалуы - оның кәсіби қызметіндегі жаңа кезең. Аудан әкімі ретінде оған өңірді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру және аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмысты жалғастыру міндеті жүктеледі.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Білім беру
Пресс-релиздар
05 октября 2026
Шығыс Қазақстанда үздік мұғалімдер марапатталды

5 қазан - Мұғалімдер күніне орай ШҚО филармониясында білім саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.

«Ұстаз - білім мен тәрбиенің бастауы, ұлт болашағын қалыптастыратын аса жауапты мамандық иесі. Бүгінде білім мен ғылымды дамыту, педагог мәртебесін арттыру - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мықты мұғалім - сапалы ұлттың тірегі» деп атап өткендей, еліміздің ертеңі ең алдымен білімді, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге тікелей байланысты. Қадірлі ұстаздар, еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі мерейлеріңізді үстем етсін!», - деді аймақ басшысы.

Қонақтарға арналып оқушылар мен колледж студенттерінің шығармашылық жұмыстарының көрмесі қойылды.

Сондай-ақ Өскемен қаласының кітапханалары мен кітап дүкендері ұсынған оқу және көркем әдебиет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Фойеде «Біздің құттықтауларымызды қабыл алыңыздар» бейнероликтер байқауының үздік жұмыстары көрсетілді.

Салтанатты жиынның басты бөлігі - ұстаз еңбегін бағалап, үздіктерді марапаттау рәсімі болды.

Білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен кәсіби қызметі үшін педагогтерге мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды.

Атап айтқанда, 3 педагог «Құрмет» орденімен, 4 ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 3 мұғалім «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар ұстазға Ы. Алтынсарин төсбелгісі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.

Жиында 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік білім бөлімі мен колледж де анықталды. «Жалпы орта білім бойынша үздік білім бөлімі - 2026» атағына Глубокое аудандық білім бөлімі ие болса, Өскемен жоғары политехникалық колледжі жылдың үздік колледжі атанды.

Ары қарай шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан мектептерінде 11 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Өңірде білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және олардың еңбегін қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Туризм
05 октября 2026
ШҚО-да «Шығыс Салбурыны-2026» аясында құсбегілік бойынша І Азия кубогі өтеді

9–10 қазан күндері Ұлан ауданы, Бозанбай ауылындағы «Бүркіт төбеде» қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін дәріптейтін «Шығыс Салбурыны – 2026» І Азия кубогі өтеді.

Айтулы халықаралық додаға 9 елдің бүркітшілері қатысып, бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгімен бақ сынайды.

Көрермендер назарына ұлттық спорттың бірегей түрлері - тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және «Толағай» жарысы ұсынылады.

Мерекелік кеште танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Ұлттық рух пен дәстүрді дәріптейтін, спорт пен өнер тоғысатын айтулы шараға баршаңызды отбасыларыңызбен бірге келіп, тамашалауға шақырамыз.

#ШығысСалбурын2026 #АзияКубогі #ҰланАуданы #Бозанбай #Құсбегілік

Білім беру
Пресс-релиздар
05 октября 2026
ШҚО-да мұғалімдердің кәсіби даярлығына ерекше назар аударылады

Бүгін Қазақстан мұғалімдері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Шығыс Қазақстанда педагогтер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

Мұғалімнің жұмысы тек сабақ өткізумен шектелмейді. Ол баланың қабілетін байқап, бойындағы сенімін оятып, білімге деген қызығушылығын қалыптастырады. Сондықтан ұстаздың өзіне қолайлы еңбек жағдайын жасау - білім беру сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қазіргі мектепке тек білікті мұғалім ғана емес, заманауи білім беру ортасында жұмыс істей алатын кәсіби маман қажет. Осы мақсатта өңірде педагогтерді қолдауға, ауыл мектептеріне кадр тартуға, олардың біліктілігін арттыруға және мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға басымдық берілуде.

Ауылға барған ұстазға қолдау

Білікті мамандарды ауылдарға тарту - білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Шығыс Қазақстанда бұл мәселені шешуге «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы ықпал етіп отыр.

Бағдарлама аясында ауылға барған педагогтер мен басқа да сұранысқа ие мамандарға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 500 АЕК-ке дейін бюджеттік несие қарастырылған. Несие 15 жылға жылдық 0,01% мөлшерлемемен беріледі.

Мұндай қолдау ауылға маман тартумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат - жас маманның сол жерде тұрақтап, кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік жасау.

Заманауи мектеп - жаңа мүмкіндік

Мұғалімнің кәсіби әлеуетін толық іске асыруы үшін оның жұмыс істейтін ортасы да заманауи болуы керек. Биыл облыстағы 25 мектепте 35 заманауи пәндік кабинет іске қосылды. Жаңа кабинеттер педагогтерге тәжірибелік және зертханалық сабақтарды тиімді өткізуге, заманауи оқыту технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл - ең алдымен оқушы үшін жасалған жағдай. Бірақ оның игілігін ұстаз да көреді. Себебі қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кабинет мұғалімнің сабақты тек теориялық тұрғыда емес, тәжірибе арқылы ұйымдастыруына жол ашады.

Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымы жаңа мектептер салу арқылы да кеңейіп отыр.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстанда 3 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның үшеуі Өскеменде, біреуі Риддерде, екеуі Глубокое ауданында және біреуі Шемонаиха ауданында орналасқан.

Мұғалімдердің біліктілігі артуда

Бүгінгі педагог үшін бір рет алған диплом жеткіліксіз. Білім беру әдістемесі, технологиялар, оқыту тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан мұғалімнің кәсіби дамуы үздіксіз болуы керек.

2026 жылы облыстың 3 мыңнан астам мұғалімін біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. 1 қазандағы жағдай бойынша оның 2 245-і оқуын сәтті аяқтады. Бұл - ұстаздардың жаңа әдістемелерді меңгеріп қана қоймай, оларды сабақ барысында қолдануына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Қазіргі мектепте әр баланың білім алуға құқығы бірдей. Сондықтан ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс істейтін педагогтердің кәсіби дайындығына да ерекше мән беріледі. 2026 жылы осы бағыттағы педагогтердің біліктілігін арттыру үшін 500 ұстаз арнайы оқытудан өтті.

Курстар барысында мұғалімдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін, бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу және психологиялық-педагогикалық қолдау әдістерін меңгерді.

Бұл жерде мәселе тек жаңа білім алуда емес. Ең бастысы, әр оқушының мүмкіндігіне қарай білім алуына жағдай жасайтын мұғалімнің кәсіби құзыретін күшейту.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

 

Туризм
Пресс-релиздар
04 октября 2026
Мұзтау етегіне шекара бекетінің модулі орнатылды

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Алтай тауының ең биік шыңы Мұзтау етегінде шекара бекетінің модулі салынды. Енді онда 4 щекарашы кезекшілік етеді.

Ауданға жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов модульге барып көрді.

Бұл Ресей елімен шекаралас аумақ. Осында Мұзтау шыңын бағындырғысы келген талай шетелдік турист келеді. Сондықтан шекара бекетінің модулін салудың маңызы зор.
Онда бірнеше бөлме орналасқан. Іште шекарашылардың жұмысына қажетті барлық жағдай жасалған. Енді олар бұл жерде жыл сайын жаз айының басынан қыркүйекке дейін кезекшілік ететін болады.

«Мұзтау - еліміздің шығысындағы стратегиялық маңызы бар әрі табиғаты ерекше аймақтардың бірі. Мұнда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, туристік бағыт та қарқынды дамып келеді. Сондықтан шекарашылардың қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау - басты міндеттердің бірі. Жаңа модуль осы міндетті орындауға мүмкіндік береді. Осында қызмет ететін шекарашыларға қажетті жағдай жасалған», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Көлiк және байланыс
Пресс-релиздар
04 октября 2026
ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңартылған учаскесі ашылды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің автожол желісін дамыту тапсырмасына орай Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары жолының 437-450 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді.

Жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары жүзеге асырды.

Жолдың жаңартылған бөлігінің ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылды. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС атқарды. Ұзындығы 13 шақырым болатын жолға жаңа асфальт төселді. Сонымен қатар 17 су өткізу науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Жолдың тиісті инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы да ретке келтірілді.

– Бұл жоба ең алдымен, өңір жұртшылығы үшін маңызды. Жаңартылған учаске жол бойындағы елді мекендер тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл бағыт Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін де маңызды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Жаңартылған жол учаскесі жол жүру уақытын қысқартуға және көлік құралдарының тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары көлік дәліздерінің бірі саналады.

Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше маңызды. Аймақтың табиғи көрікті жерлеріне келетін туристер санының артуы жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды да күшейтіп отыр.

 Облыс әкімі жолды жаңғыртумен қатар, оны алдағы уақытта тиісті деңгейде күтіп ұстаудың және сапасын ұзақ жылдар бойы сақтаудың маңызын атап өтті.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

 

Тұрғын үй, көркейту және ТҮКШ
Пресс-релиздар
03 октября 2026
Өскеменде Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жолайрықтың соңғы арқалығы орнатылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың құрылыс барысын бақылады.

Жоба қаладағы көлік қозғалысын реттеуге және жол өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Жобаға сәйкес, диаметрі 165 метр болатын айналма жолайрық салынып, Сәтбаев даңғылының жол бөлігі кеңейтіледі. Сондай-ақ Жібек жолы көшесі алты жолаққа дейін ұлғайтылып, Есенберлин даңғылынан қосымша кірме жол қарастырылған. Сәтбаев даңғылында көліктердің кері бұрылуына мүмкіндік беретін арнайы жол учаскесі де ұйымдастырылады.

«Бүгін жолайрықтың соңғы арқалығы орнатылды. Енді оның үстіне 20-30 см аралығында бетон жабындысы салынады. Одан соң су өткізбейтін қабат пен екі қабат асфальт төселеді. Бұл жұмыстарды 25 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Осындай жолайрық мегаполис қалалардың бір көрінісі іспеттес. Болашағы жарқын Өскеменде бой көтеретін жолайрық халықтың жұмысына және үйіне кептеліссіз жетуіне мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Нысанда жол инфрақұрылымын салу, инженерлік коммуникацияларды қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Құрылысқа қажетті материалдар толық көлемде сатып алынған. Оның бір бөлігі учаскеге жеткізіліп, қалғаны сақтау қоймаларында орналасқан. Құрылыс сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, жұмыстар жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалуда.

Одан кейін Нұрымбет Сақтағанов Өскеменнің сол жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобасымен танысты.

Жоба аясында байдарка мен каноэде жарыстар өткізуге арналған ескек есу арнасының арнайы учаскесін жасау көзделген. Су айдынының ұзындығы 1200 метр, ені 80-110 метр, тереңдігі 2,5 метрді құрайды. Жоба тек спорттық инфрақұрылыммен шектелмейді. Су айдынының жағалауын абаттандырып, тұрғындар мен қала қонақтарының демалуына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделген.

Атап айтқанда, жағалауда концерт алаңы, балалар ойын алаңы және жағажай волейболына арналған спорт алаңын салу көзделген. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған Арбат ұйымдастырылады.

 Осылайша, Өскеменнің сол жағалауында көлік инфрақұрылымымен қатар, спорттық және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған жобалар да жүзеге асырылмақ.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

 

Ауыл шаруашылығы
03 октября 2026
Астанада «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде

Елордада Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктірген «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Жәрмеңкеге Өскемен қаласы мен өңірдің 11 ауданынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындар қатысуда. Сонымен қатар іс-шара Ақтөбе облысының өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылуда.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына 50-ден астам түрлі тауар ұсынылды. Сауда сөрелерінен ет пен сүт өнімдерін, шұжық, балық, бал, өсімдік майы, жарма, қымыз және ұлттық тағамдарды табуға болады. Жергілікті өндірушілердің табиғи әрі сапалы өнімдері келушілердің қызығушылығын тудыруда.

Жәрмеңкеге жалпы көлемі 150,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның жалпы құны - 525,6 млн теңге. Өнімдер нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағамен сатылуда. Бұл астаналықтарға қажетті азық-түлікті тікелей өндірушілерден тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.

Сауда алаңында Шығыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, жәрмеңкенің көркін қыздыруда.

«Дала дәмі» жәрмеңкесі ертең, 4 қазанда да жалғасады. Сауда орындары сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өнімдермен танысып, тиімді бағамен сауда жасауға шақырамыз.

Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шара Астана қаласындағы Қарқаралы көшесі, 1 мекенжайында орналасқан ипподром аумағында ұйымдастырылды.

02 октября 2026
Катонқарағай ауданының мәдени күндері: концерт, көрме, жәрмеңке

Бүгін Катонқарағай ауданының өнерпаздары мен шеберлері облыс орталығында өз өнерлерін ұсынды. Туған жер туралы әндер шырқалып, күй шертілді. Бишілер өнер көрсетіп, «Алтын домбыра» балалар оркестрі сахнаға шықты.

Қолданбалы өнер көрмесінде шеберлер дәстүрлі ою-өрнектер мен ұлттық қолөнер әдістерін заманауи бұйымдарда қалай үйлестіретінін көрсетті. Концерт пен көрмені ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов тамашалады.

Ал ертең сағат 8:00-ден бастап «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында Катонқарағай ауданының тауар өндірушілер жәрмеңкесі ашылады. Жәрмеңкеден жергілікті өнімдерді сатып алып, өзіміздің шаруаларды қолдай аласыздар.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Социальные сети
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі
Ютуб канал акимата Восточно-Казахстанской области
akimatvko
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері