Мемлекеттік сатып алу және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары

Жүктеу

«Мемлекеттік сатып алу және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары» блогы бойынша өзекті сұрақтар мен жауаптар

1. Сұрақ: Мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде отандық тауар өндірушілерге қандай жеңілдіктер (артықшылықтар) қарастырылған?

Жауап: Қазақстан Республикасының Үкіметі отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұлттық режимнен алып тастауды белгілейді, яғни сатып алу тек отандық өндірушілер арасында жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір тізбесі қалыптастырылады. Бұл тізбе кезең-кезеңімен жаңартылып, мемлекеттік сатып алу веб-порталының басты бетінде орналастырылады.

  • Сондай-ақ шарт сомасының 50%-ы мөлшерінде аванс беру сияқты жекелеген қолдау шаралары көзделген. Бұл тауарларды өндіру және жеткізу үшін айналым қаражатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  • Тауарларды жеткізудің ұзартылған мерзімдері — жалпы негіздер бойынша сатып алу кезінде тауарды жеткізудің ең қысқа мерзімі 15 күнтізбелік күннен басталса, отандық тауар өндірушілер үшін ең қысқа жеткізу мерзімі 60 күнтізбелік күнді құрайды.

  • Сонымен қатар, егер әлеуетті өнім беруші қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген болса, веб-портал автоматты түрде 3 (үш) пайыз мөлшерінде шартты жеңілдік береді.

  • Сондай-ақ отандық тауар өндірушілер шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты қамтамасыз етуді және (немесе) демпингке қарсы соманы міндетті түрде енгізуден босатылады.

Аталған қолдау шаралары мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары мен тиісті сатып алу шарттары сақталған және қазақстандық тауар өндіруші мәртебесі белгіленген тәртіппен расталған жағдайда қолданылады.

2. Сұрақ: Кейбір құрылыс объектілері белгіленген мерзімде аяқталмайды. Мұндай жосықсыз мердігерлерге қатысты қандай шаралар қабылданады?

Жауап: Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес веб-порталда мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі жүргізіледі. Бұл тізілім өздерімен жасалған шарттар бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Бұл ретте департаменттер жұмыстарды орындау мерзімдерінің бұзылуын анықтаған жағдайда, мұндай өнім берушілерді аталған тізілімге енгізу жөніндегі шаралар да қолданылады.

Сонымен қатар, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарт талаптарын бұзғаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

Бұл ретте мынадай талаптар бір мезгілде сақталған жағдайда, шартты тиісінше орындамау негізі бойынша тапсырыс берушінің сотқа жүгінуі талап етілмейді: өнім беруші шартта көзделген тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеген, шарттық міндеттемелерін орындаған және тапсырыс берушіге залал келтірмеген.

Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейтінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Қағидалардың талаптарына сәйкес тапсырыс беруші мерзімі өткен әрбір күн үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өндіріп алуды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өнім беруші шарттық міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамағандықтан шарт бұзылған жағдайда, шарттың орындалуын қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету және демпингке қарсы сома өнім берушіге қайтарылмайды.

3. Сұрақ: Ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндік бермейтін тым күрделі біліктілік талаптарын белгілейді. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Жауап: Егер әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алуға қатысуды негізсіз шектейді деп есептесе, ол алдын ала талқылау кезеңінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер мен оның ережелерін түсіндіру туралы сұрау салуды жолдауға құқылы.

Ұйымдастырушы келіп түскен ескертулер мен сұрау салуларды Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен қарайды.

Заңнаманы бұзу белгілері болған жағдайда әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің немесе ұйымдастырушының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасаудың заңда көзделген тәртібін пайдалана алады.

Шағым беру мерзімдері мен тәртібі сатып алу кезеңіне байланысты болады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының қолданыстағы нормаларымен айқындалады.

4. Сұрақ: Мен кәсіпкермін, өзімнің өндірістік базам және пайдаланылмай тұрған арнайы техникам бар. Автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысқымыз келген еді. Алайда әкімдік мұндай жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алуды жарияламайды. Оның үстіне, порталда үш жыл мерзімге жасалған шарттарды анықтадық. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды бір жылдан астам мерзімге жасасу заңды ма?

Жауап: Шарттарды жасасу және орындау Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Заңның 17-бабының 3-тармағына сәйкес шарт бір қаржы жылына жасалады.

Алайда Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 562-тармағында мемлекеттік сатып алуға пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында, кейінгі жылдарға арналған бекітілген (нақтыланған) бюджетте (даму жоспарында) тиісті қаржыландыру болған жағдайда, шартты бір қаржы жылынан астам мерзімге жасасуға жол берілетіні белгіленген.

Осылайша, бюджет қаражаты болған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды үш жыл мерзімге жасасуға болады және бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларына қайшы келмейді.

5. Сұрақ: Егер мемлекеттік орган субсидияны өзі тағайындап, кейін аудит оның негізсіз берілгенін анықтаса, жауаптылық толығымен алушыға жүктеле ме, әлде бұл мемлекеттік органның қатесі болып есептеліп, қаражатты өндіріп алу оның тарапынан жүзеге асырылуы тиіс пе?

Жауап:

Негізсіз берілген субсидияны қайтару мәселесі мемлекеттік қолдаудың тиісті түрін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, субсидия беру шарттарын және оны алу мән-жайларын ескере отырып қаралады.

Мемлекеттік аудит барысында субсидияны тағайындау немесе төлеу кезінде бұзушылықтың анықталуы өздігінен барлық жауаптылықтың автоматты түрде субсидия алушыға жүктелетінін білдірмейді.

Субсидия берудің негіздерін, алушының белгіленген талаптарды сақтауын, мемлекеттік орган тарапынан бұзушылықтардың болуын және заңнамада көзделген құқықтық салдарларды анықтау қажет.

Заңды негіздер болған жағдайда уәкілетті орган бюджет қаражатын қайтаруды талап ете алады. Дау туындаған жағдайда мәселе заңнамада белгіленген тәртіппен, оның ішінде сот арқылы шешіледі.

Тиісті негіздер болған жағдайда мемлекеттік органның лауазымды адамдарының жауаптылығы жеке қаралады.

Жаңарту күні: Көру саны:61
  1. «Мемлекеттік сатып алу және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары» блогы бойынша өзекті сұрақтар мен жауаптар