1. Cұрақ: Мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде отандық тауар өндірушілерге қандай жеңілдіктер (артықшылықтар) қарастырылған?
Жауап: Үкімет тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұлттық режимінен алу шаралары енгізілген. Яғни, белгілі бір тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесі қалыптастырылып, оларды сатып алу тек отандық өндірушілер арасында жүзеге асырылады. Бұл тізбе жыл сайын жаңартылып, мемлекеттік сатып алу веб-порталының басты бетінде жарияланады. Сондай-ақ, келесі қолдау шаралары қарастырылған:
– шарт сомасының 50%-ына дейін аванс төлеу, бұл өндірушінің айналым қаражатын қамтамасыз етеді;
– жеткізу мерзімдерінің ұлғаюы: жалпы негізде ең аз мерзім 15 күн болса, отандық өндірушілер үшін — кемінде 60 күн;
– егер әлеуетті жеткізуші қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген болса, веб-портал автоматты түрде 3% шартты жеңілдік береді;
– отандық тауар өндірушілер шартты орындауды қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету және (немесе) демпингке қарсы соманы енгізу міндетінен босатылады.
2. Сұрақ: Кейбір құрылыс нысандары уақытында аяқталмай жатады. Осындай жауапсыз мердігерлерге қатысты қандай шаралар қабылданады?
Жауап: «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес, веб-порталда мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі жүргізіледі, ол өздерімен жасалған шарттар бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Бұл ретте Департаменттер тарапынан мерзімдердің бұзылуы анықталған жағдайда, осындай өнім берушілерді аталған тізілімге енгізу шаралары да қолданылады.
Сонымен қатар, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарт талаптарын бұзу фактісі белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті.
Айта кету қажет, жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және өнім берушілер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 24 ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Сонымен қатар, Қағидалардың талаптарына сәйкес, тапсырыс беруші мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін айыппұл өндіріп алуды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, шартты орындауды қамтамасыз ету сомасы, авансты қамтамасыз ету, демпингке қарсы сома өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған жағдайда шарт бұзылған кезде өнім берушіге қайтарылмайды.
3. Сұрақ: Ұйымдастырушылар тарапынан мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндік бермейтін тым күрделі біліктілік талаптары қойылады. Мұндай жағдайларда не істеуге болады?
Жауап: Комитеттің аумақтық департаменттері мемлекеттік сатып алу саласында тұрақты түрде камералдық бақылау жүргізеді. Бақылау барысында конкурс құжаттамасындағы артық және негізсіз біліктілік талаптары конкурс жарияланғанға дейін алып тасталынады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 169-тармағына сәйкес конкурс құжаттамасын алдын ала талқылау тәртібі қарастырылған. Осы кезеңде барлық әлеуетті өнім берушілер веб-портал арқылы конкурс құжаттамасындағы талаптарға қатысты түсіндіру сұрауларын жолдай алады. Ұйымдастырушы мұндай сұрауларға міндетті түрде жауап беруі тиіс.
Осыған байланысты, егер сіз біліктілік талаптары тым жоғары қойылған және заңнама талаптарына сәйкес емес деп есептесеңіз, веб-портал арқылы тиісті сұрау немесе ескерту жолдауыңыз қажет.
Бұдан бөлек, алдын ала талқылау кезеңінде уәкілетті органға шағым жолдап, тиісті шара қабылдауды сұрауға да мүмкіндігіңіз бар.
Бұл ретте, конкурс қорытындысы жарияланғаннан кейін конкурсқа қатыспаған әлеуетті өнім берушілердің конкурс құжаттамасының талаптарына қатысты шағымдары уәкілетті орган тарапынан қаралмайтынын атап өткен жөн.
4. Сұрақ: Мен кәсіпкермін және менің арнайы техникасы бар жеке өндірістік базам бар, алайда қазіргі уақытта ол пайдаланылмай тұр. Біз автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысқымыз келген, бірақ әкімдік мұндай жұмыстар бойынша сатып алуды жарияламайды. Сонымен қатар, порталдан 3 жыл мерзімге жасалған шарттарды анықтадық. Мемлекеттік сатып алу шарттарын бір жылдан артық мерзімге жасасу заңды ма?
Жауап: Мемлекеттік сатып алу шарттарын жасау және орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына, азаматтық заңнамаға және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, шарт әдетте 1 қаржы жылына жасалады.
Дегенмен, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінің 562-тармағында мемлекеттік сатып алуға пайдаланылатын қаражатты оңтайлы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін, келесі жылдарға бекітілген бюджетте тиісті қаржыландыру болған жағдайда, 1 қаржы жылынан асатын мерзімге келісімшарт жасасуға рұқсат етілетіні белгіленген.
Осыған байланысты, бюджет қаражаты қарастырылған жағдайда мемлекеттік сатып алу шарттарын 3 жыл мерзімге жасасуға болады және бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына қайшы келмейді.
5. Сұрақ: Егер мемлекеттік органның өзі субсидияны тағайындап, кейін аудит оның негізсіз берілгенін анықтаса, мұндай жағдайда жауапкершілік толықтай алушыға жүктеледі ме әлде мемлекеттік органның қателігі деп саналып, қаражатты өндіру мемлекеттік орган тарапынан жүргізіледі ме?
Жауап: Жалпы қағида бойынша бюджет қаражаты негізсіз төленсе, ол қайтарылуға жатады. Осы орайда, Сіз түпкілікті бюджет қаражатын алушы ретінде, субсидияға бөлінген қаражатты қайтаруға міндеттісіз. Ерікті түрде қайтармасаңыз, бұл сот тәртібінде қаралады. Бұл жағдайда өтінімді қабылдаған және мақұлдаған мемлекеттік орган да жауапкершілікке тартылады, оның ішінде заңсыз әрекеттердің белгілері болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік те бар.