Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ)
Жүктеу«Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ)» блогы бойынша өзекті сұрақтар мен жауаптар
1. Мен оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істеймін және ҚҚС төлеуші болып табылмаймын. 2026 жылы ЭШФ жазып беруім қажет пе?
Жауап:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер болып табылмайды.
Бұл ретте ҚҚС төлеу міндетінің болмауы электрондық шот-фактураларды жазып беру міндетінен автоматты түрде босатпайды.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 208-бабына сәйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шот-фактураларды жазып беруге міндетті.
Атап айтқанда, бақылау-касса машинасының чектерімен расталатын немесе заңнамада көзделген төлем құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғалармен жасалатын жекелеген операциялар үшін ерекшеліктер көзделген.
ЭШФ жазып беру міндеті операцияның сипатын, сатып алушының санатын және заңнамада белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып айқындалады.
Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 208-бабы.
2. Бейрезиденттен қызметтер сатып алған кезде өз атына ЭШФ жазып беру не үшін қажет?
Жауап:
Бейрезиденттен жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер сатып алынған кезде, егер бейрезидент үшін ҚҚС төлеу міндеттемесі туындаса, ҚҚС төлеуші өз атына электрондық шот-фактура жазып береді.
ЭШФ бейрезидент үшін ҚҚС бюджетке төленгеннен кейін, бірақ төлем жасалған күннен кейінгі бес күнтізбелік күннен кешіктірілмей жазып беріледі.
Бейрезидент үшін төленген ҚҚС сомасы Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен жазып берілген ЭШФ негізінде, оның жазып берілген күні бойынша есепке жатқызылады.
ЭШФ электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі (ЭШФ АЖ) арқылы жазып беріледі.
3. Егер ұйым тауарларды өткізіп, қызметтерді тек жеке тұлғаларға көрсетсе, ЭШФ жазып беру қажет пе?
Жауап:
Жеке тұлғаларға тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету кезінде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген жағдайларда шот-фактура жазып берілмеуі мүмкін.
Атап айтқанда, бақылау-касса машинасының чегін бере отырып, электрондық ақшаны немесе электрондық төлем құралдарын пайдалану арқылы есеп айырысу жүзеге асырылатын жекелеген операцияларға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке, отбасылық, тұрмыстық және өзге де мақсаттарда пайдалануға арналған тауарларды өткізуге қатысты ерекшеліктер көзделген.
Бұл ретте ЭШФ ресімдеуге арнайы талаптар белгіленген тауарлардың жекелеген санаттарын өткізу ерекшеліктерін ескеру қажет.
Қағидаларда белгіленген жағдайларда тауардың әрбір түрі бойынша бір күндегі жалпы айналымға ЭШФ ресімдеуге жол беріледі.
Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасының Салық кодексі және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 629 бұйрығымен бекітілген, 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 646 бұйрықпен енгізілген өзгерістер ескерілген Шот-фактураны жазып беру қағидалары.
4. Қандай жағдайларда ЭШФ жазып беру тоқтатыла тұрады?
Жауап:
Электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұруды мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 88-бабында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.
Мұндай негіздерге, атап айтқанда, мемлекеттік кірістер органдарының хабарламаларын орындамаудың жекелеген жағдайлары, салықтық әкімшілендірудің белгіленген талаптарын бұзу, сондай-ақ аталған бапта тікелей көзделген өзге де мән-жайлар жатады.
ЭШФ жазып беруді тоқтата тұру туралы шешім салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылданады.
Тоқтата тұру себептері жойылғаннан кейін ЭШФ жазып беру заңнамада көзделген тәртіппен қайта басталады.
Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 88-бабы.
