2026–2027 оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес пилоттық режимде жүзеге асырылады.
Түркістан облысында 1-сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылғы 29 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі.
Қабылдау процесі «OQU» ұлттық білім беру платформасы арқылы іске асырылады және «Электрондық үкімет» (egov.kz) веб-порталымен интеграцияланған.
Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланы 1-сыныпқа қабылдау туралы өтінімді egov.kz веб-порталы арқылы береді.
Өтінімде баланың тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі. Мектепті таңдау және қабылдау ерекшеліктері Ақпараттық жүйе баланың тұрғылықты мекенжайына сәйкес қызмет көрсету аумағын (шағын учаскені) автоматты түрде анықтайды.
Әрбір мектеп Ұлттық білім беру деректер қорында (НОБД) бекітілген лимитке сәйкес ғана білім алушыларды қабылдайды.
Маңызды ерекшелік:
Түркістан облысында қабылдау «3+1» қағидаты бойынша жүзеге асырылады:
- қабылданатын орындардың 75 пайызы қызмет көрсету аумағында (шағын учаскеде) тұратын балаларға арналған;
- қабылданатын орындардың 25 пайызы ата-аналардың таңдауы бойынша берілген өтініштер негізінде толтырылады.
Мектептер белгіленген лимиттен артық білім алушыларды қабылдай алмайды.
Өтінім автоматты түрде «OQU» ұлттық білім беру платформасына түседі.
Білім беру ұйымы өтінімді қарап, қолданыстағы тәртіпке сәйкес қабылдау туралы шешім қабылдайды.
Егер бала мектепалды даярлық сыныбын осы білім беру ұйымында аяқтап, оқуын сол мектепте жалғастыратын болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде 1-сыныпқа қабылдау автоматты түрде жүзеге асырылады.