Қазақстанда уақытша тұруға қалай рұқсат алуға болады?
ЖүктеуУақытша тұруға рұқсат дегеніміз не?
Уақытша тұруға рұқсат (УТР) — шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген мерзім ішінде уақытша тұру құқығын растайтын құжат.
УТР қандай негіздер бойынша ресімделеді?
Рұқсат мынадай жағдайларда ресімделуі мүмкін:
-
Отбасын біріктіру үшін — Қазақстанда тұрақты тұратын адаммен заңнамада көзделген отбасылық қатынастар болған жағдайда.
-
Еңбек қызметін жүзеге асыру үшін — тиісті еңбек, азаматтық-құқықтық немесе заңнамада көзделген өзге де негіздер болған жағдайда.
-
Білім алу үшін — Қазақстанның білім беру ұйымдарына қабылданған шетел азаматтарына.
-
Емделу үшін — Қазақстанның медициналық ұйымында емделу қажет болған жағдайда.
-
Миссионерлік қызметті жүзеге асыру үшін — діни қызмет саласында қажетті құжаттар болған жағдайда.
-
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін — арнайы талаптарды сақтаған бизнес-иммигранттарға.
-
Адам саудасының құрбандары деп танылған адамдар үшін — заңнамада белгіленген тәртіппен.
-
Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін жүгінген адамдарға — Қағидаларда көзделген негіздер болған жағдайда.
УТР қандай мерзімге беріледі?
Әдетте, УТР заңды негіздер сақталған жағдайда ұзарту мүмкіндігімен бір жылға дейінгі мерзімге ресімделеді.
Жекелеген санаттар, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденттері мен олардың отбасы мүшелері үшін заңнамада арнайы шарттар мен мерзімдер көзделген.
Маңызды! УТР қолданылу мерзімі елде болу мақсатына және оны растайтын құжаттарға байланысты. Бір негіз бойынша алынған УТР басқа қызмет түрін жүзеге асыруға автоматты түрде құқық бермейді.
