Шетелдік қаржыландыру кезінде қандай есептер ұсынылады

Жүктеу

Ақша мен өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы есептілікті ұсыну

Ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алғаны туралы хабарлама — 017.00ф нысаны

Хабарлама субъектінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына ұсынылады.

Ұсыну мерзімі: ақша және (немесе) өзге де мүлік алынған күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде.

Бұрын алынған қаражатты алу шарттары, оның ішінде сомасы, мүліктің саны немесе міндеттемелерді орындау мерзімдері өзгерген жағдайда, хабарлама шарттар өзгерген күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Алынған ақша және (немесе) өзге де мүлік қайтарылған жағдайда, қайтарылған күннен кейінгі күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қосымша хабарлама жіберіледі.

Қосымша хабарламада негізгі хабарламаның тіркеу нөмірі көрсетіледі, ал тиісті сомалық мәндер қағидаларда белгіленген тәртіппен «минус» белгісімен көрсетіледі.

Ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы мәліметтер — 018.00ф нысаны

Мәліметтер күнтізбелік жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ұсынылады.

Ұсыну мерзімі: есепті жартыжылдықтан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей.

Осылайша:

  • бірінші жартыжылдық үшін — 15 тамыздан кешіктірмей;

  • екінші жартыжылдық үшін — келесі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей.

Көрсетілуге жататын деректер болмаған жағдайда, мәліметтер нөлдік мәндермен ұсынылады.

Мәліметтерді ұсыну белгіленген қағидаларға сәйкес алынған ақша және (немесе) өзге де мүлік толық жұмсалғанға дейін жалғасады.

Хабарлама мен мәліметтерді қалай ұсынуға болады?

Құжаттар субъектінің таңдауы бойынша мынадай тәсілдермен ұсынылады:

  1. Қағаз жеткізгіште — тиісті мемлекеттік кірістер органына.

  2. Электрондық нысанда — салық есептілігін қабылдау және өңдеу жүйесі арқылы.

Электрондық құжаттар электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландырылады.

Қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда құжаттар екі данада жасалады. Бір данасы мемлекеттік кірістер органының белгісімен өтініш берушіге қайтарылады.

Маңызды: электрондық түрде тапсырған кезде құжаттың жүйе арқылы қабылданғанына көз жеткізу қажет. Егер құжатқа «Құжат қабылданбады» мәртебесі берілсе, ол ұсынылмаған болып есептеледі.

 
Жаңарту күні: Көру саны:162
  1. Ақша мен өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы есептілікті ұсыну