Қазақстанда босқын мәртебесін қалай алуға болады
ЖүктеуӨтінімді қарау рәсімі
Өтінішхат тіркелгеннен кейін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган (ЖАО) құжаттарды, мәліметтерді және өтініш беру мән-жайларын тексереді.
Өтінішхат қалай қаралады?
1-қадам. Электрондық істі қалыптастыру
Өтініш беруші жүгінген күні «Қандас» автоматтандырылған цифрлық жүйесінде пана іздеген адамның электрондық ісі қалыптастырылады.
2-қадам. Сауалнама жүргізу
Өтінішхат тіркелгеннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіден сауалнама алынып, есепке алу карточкасы ресімделеді.
3-қадам. Мәліметтерді тексеру
Өтінішхат тіркелген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде ішкі істер органдарының есептері және құқық қорғау және арнаулы органдардың ақпараттық жүйелері бойынша тексеру жүргізіледі.
4-қадам. Әңгімелесу және медициналық куәландыру
Өтініш берушімен жеке әңгімелесу жүргізіледі. Оның барысында өтініш беру мән-жайлары және қудалауға ұшырау қаупінен қауіптену негіздері нақтыланады.
Қажет болған жағдайда аудармашының қатысуы қамтамасыз етіледі.
Өтініш берушіге Қағидаларда көзделген тәртіппен міндетті медициналық қарап-тексеруден өтуге жолдама беріледі.
Медициналық қарап-тексеруден өту мерзімі әңгімелесу жүргізіліп, сауалнама парағы ресімделгеннен кейін он жұмыс күнін құрайды.
5-қадам. Қосымша тексеру
Уәкілетті қызметкер ұсынылған құжаттарды, әңгімелесу нәтижелерін және өтініш берушінің шыққан елі туралы мәліметтерді талдайды.
Қажет болған жағдайда қосымша әңгімелесулер өткізіледі, мемлекеттік органдарға сұрау салулар жіберіледі және ұсынылған дәлелдемелер тексеріледі.
Отбасын біріктіру туралы өтінішхатты қарау кезінде отбасылық қатынастарды растайтын құжаттар тексеріледі. Тиісті адамдармен әңгімелесулер бөлек жүргізіледі.
6-қадам. Комиссияның қарауы
Тексеру аяқталғаннан кейін материалдар босқын мәртебесін беру, ұзарту, тоқтату және одан айыру мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына беріледі.
Қарау нәтижелері негізінде мәртебе беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылданады.
7-қадам. Нәтижені алу
Қабылданған шешім туралы өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде босқын куәлігін немесе дәлелді бас тартуды беру арқылы хабарланады.
Өтінішхат қанша уақыт қаралады?
Міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өткен жағдайда шешім қабылдаудың жалпы мерзімі өтінішхат тіркелген күннен бастап үш айды құрайды.
Егер қосымша тексеру қажет болса, Қазақстан Республикасының «Босқындар туралы» Заңына сәйкес түпкілікті шешім қабылдау бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін.
Мәртебе қандай мерзімге беріледі?
Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі.
Егер мәртебе беруге негіз болған мән-жайлар сақталса, оның қолданылу мерзімі белгіленген тәртіппен ұзартылуы мүмкін.
Цифрлық форматта қарау қалай жүзеге асырылады?
Электрондық іс «Қандас» автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылады және өңделеді.
Бұл ретте өтінішхат жеке өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы беріледі. Қолданыстағы Қағидаларда eGov.kz порталы арқылы өтінішхат берудің барлық адамдарға қолжетімді әмбебап мүмкіндігі көзделмеген.
Маңызды! Өтініш беруші рәсімде көзделген әңгімелесулерге және медициналық қарап-тексеруге келуге, шынайы мәліметтер беруге және өтінішхатты қарауға әсер ететін мән-жайлар туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Қағидаларда белгіленген жағдайларда өтінішхатты қарау тоқтатылуы мүмкін.
