GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Агенттік туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Әкім аппараты
Все материалы
19 октября 2026
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІН ІРІКТЕУ КОНКУРСЫН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (бұдан әрі — Агенттік) 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 28 наурыздағы № 112 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу конкурсын өткізетінін хабарлайды.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері қатыса алады.

Құжаттар 2026 жылғы 19–23 қазан аралығында қабылданады.

Жұмыс тобының сандық құрамы 6 адамды құрайды, оның ішінде 2 адам — мемлекеттік органның өкілдері, 4 адам — коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және Қазақстан Республикасының азаматтары.

Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың кандидатураны Жұмыс тобының құрамына ұсыну туралы өтініші (Үлгілік ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша);

кандидаттың кәсіби және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер, оның ішінде өмірбаяндық деректері;

соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;

психикалық, мінез-құлықтық бұзылыстарының (ауруларының), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты бұзылыстарының (ауруларының) бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;

кандидаттың дербес деректерін жинауға, өңдеуге, таратуға және жариялауға келісімі;

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі;

байланыс телефондары (ұялы және қызметтік).

Жұмыс тобының отырыстарына дауыс беру құқығынсыз байқаушылар қатыса алатынын хабарлаймыз. Байқаушылар Қазақстан Республикасының азаматтары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері бола алады.

Жұмыс тобының отырысына байқаушы ретінде қатысу үшін ниет білдірген тұлға мемлекеттік органға немесе электрондық поштаға Үлгілік ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша байқаушы ретінде қатысу туралы өтініш ұсынады.

Кандидат пен байқаушының кәсіби және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер қоса берілген нысан бойынша ұсынылады.

Құжаттар z.nurgozhina@azrk.gov.kz электрондық поштасына жолданады.

Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-34-37, 8 702 782 15 09.

 Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге 1-қосымша

Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге 2-қосымша

Өмірбаян деректері көрсетіле отырып, кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер

14 октября 2026
БҚДА РАДИОЖИІЛІК СПЕКТРІН БӨЛУ ТЕТІГІН ОДАН ӘРІ ЖЕТІЛДІРУ ЖӨНІНДЕГІ РЕТТЕУШІНІҢ ПІКІРІН ҰСЫНДЫ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі радиожиілік спектрін бөлудің ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестікті дамытуға әсерін ескере отырып, оны бөлу тетігін одан әрі жетілдіру жөніндегі реттеушінің пікірін дайындады.

Құжатта Қазақстанда 2022 жылы 5G желілеріне арналған жиіліктерді бөлу нәтижелері, сондай-ақ шектеулі мемлекеттік ресурсты пайдалану тиімділігін арттыру және нарық қатысушыларының радиожиілік спектріне қол жеткізу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады.

Ұсынылып отырған шаралардың қатарында аукциондық лоттарды қалыптастыру тәсілдерін жетілдіру, көпраундты аукциондарды қолдану, жиіліктердің бір қатысушының қолында шоғырлануына негізделген шектеулер белгілеу, олардың бастапқы құнын айқындау тәсілдерін қайта қарау және тәуелсіз операторлардың нарыққа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту бар.

Реттеушінің пікірінше, радиожиілік спектрін бөлу тетігін жетілдіру кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдермен қатар, бәсекелестік ортаға, инвестициялық белсенділікке және телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуына ұзақ мерзімді әсері де ескерілуі тиіс.

Толығырақ «Радиожиілік спектрін бөлу тетігін одан әрі жетілдіру туралы» құжаттан танысуға болады.

Радиожиілік спектрін бөлу тетігін одан әрі жетілдіру туралы

14 октября 2026
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ КОМПАНИЯЛАР КАРТЕЛЬДІК СӨЗ БАЙЛАСҚАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы және Астана қаласы бойынша департаменттері автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі мемлекеттік сатып алулар саласында бірлескен тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеп-тексеру барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысушылар – «Бірлік Жол Строй» ЖШС мен «NNC Group» ЖШС арасында картельдік келісім жасасу фактісі анықталды. Аталған қатысушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына қайшы келеді.

Тергеп-тексеру нәтижелеріне қатысушылар әкімшілік іс жүргізу аясында сот тәртібімен шағымданды. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар компаниялардың шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Кейіннен «NNC Group» ЖШС-нің шағымы бойынша кассациялық сот алқасы сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберді.

Істі қайта қарау барысында соттар тергеп-тексеру объектісінің уәждерін негізсіз деп танып, Департаменттің ұстанымын қолдады. Екі жылға жуық уақытқа созылған сот талқылауларының қорытындысы бойынша Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен Департамент жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері заңды деп танылды. Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енді.

«NNC Group» ЖШС-не қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша компания әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен серіктестікке *92 млн теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет кірісіне 403 млн теңгеден астам монополиялық табыс өндірілді*. Серіктестіктің апелляциялық шағымы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2026 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылды.

«Бірлік Жол Строй» ЖШС-не қатысты іс Астана қаласында, яғни заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша қаралды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен компания ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Серіктестікке табысының 3%-ы мөлшерінде айыппұл салынып, монополиялық табысы тәркіленді. Қазіргі уақытта компания әкімшілік айыппұлды толық көлемде төледі.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу нарығында адал бәсекелестік қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.

13 октября 2026
БҚДА INDRIVE СЕРВИСІНЕ ЖОЛ ЖҮРУ ҚҰНЫНЫҢ ӨСУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЕСКЕРТУ ЖОЛДАДЫ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына және тұтынушылардың құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады.

Бұған 2026 жылғы 11 қазанда «Яндекс Go» сервисінің уақытша қолжетімсіз болуына байланысты жол жүру құнының едәуір өскені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламалар негіз болды.

Пайдаланушылардың такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысуы нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен.

inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді.

inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес, жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендетіп, сондай-ақ баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.

Сонымен қатар Агенттік Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығының жоғары шоғырлану деңгейімен сипатталатынын атап өтті. Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін ерекше маңызға ие.

Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен өзге де күтпеген мән-жайлар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін.

Осыған байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес, монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы жазбаша алдын ала ескерту жолдады.

Агенттік бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін және оның ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға әрі такси агрегаторлары қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді.

Халықаралық қатынас
Халықаралық ынтымақтастық басқармасы
30 сентября 2026
БҚДА МЕН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРЫНДАРДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ЖОБАСЫН БАСТАДЫ

 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Еуропа және Орталық Азия бойынша практика бағытының өңірлік жетекшісі Сесиль Тиоро Нианг бастаған Дүниежүзілік банк делегациясымен кездесті.

Тараптар мемлекет қатысатын кәсіпорындарды басқару және иелену саласындағы реформалар бойынша техникалық көмек көрсету жобасын практикалық іске асыру мәселелерін талқылады.

Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды.

Бірінші бағыт – мемлекеттік кәсіпорындар портфелін оңтайландыру. Ол мемлекеттік қатысудың экономикалық орындылығына қарай кәсіпорындарды жіктеуді, мемлекеттік компаниялардың бірыңғай ресми тізілімін қалыптастыруды, сондай-ақ қоғам үшін маңызды қызметтерді есепке алу және олардың шығындарын өтеу қағидаттарын енгізуді көздейді.

Екінші бағыт – иелену функциясын күшейту. Ол мемлекеттік мониторинг жүйесінің тиімділігін жетілдіруге, шоғырландырылған есептілікті енгізуге және директорлар кеңесінің мүшелерін меритократия қағидаттары негізінде іріктеуге бағытталған.

Үшінші бағыт Ұлыбританияның бейінді ұйымдарының қолдауымен тәжірибе алмасуды, сараптамалық әлеуетті дамытуды және құзыреттерді беруді көздейді.

Агенттік басшысы жобаны қолдап, оның корпоративтік басқаруды нығайтудағы, бәсекелестік ортаны дамытудағы және Қазақстан экономикасына жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Бәсекелестікті дамыту
Бәсекелестікті қорғау
24 сентября 2026
БҚДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ РЕТТЕУДІ КҮШЕЙТЕДІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы заңнаманы жетілдіруге бағытталған кешенді өзгерістер әзірлеуде. Өзгерістер тергеп-тексеру мерзімдерін ұлғайтуды, айналымға байланысты айыппұлдарды енгізуді, Leniency бағдарламасын реформалауды және елеулі бұзушылықтар бойынша хабарламаларды қолдануды қысқартуды көздейді. Реформаның негізгі бағыттары туралы ҚР БҚДА төрағасы Марат Омаров Алматы қаласында өткен XVI Қазақстандық заң форумында (Kazakhstan Legal Forum 2026) айтып берді.

Бәсекелестік саясатын одан әрі жетілдірудің негізіне ЭЫДҰ-ның Қазақстанның бәсекелестік заңнамасы мен саясатына жүргізген Екінші сараптамалық шолуы алынды. Оның қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар 67 ұсыным әзірледі. Агенттік олардың ішінен 23 негізгі ұсынымды қолдап, заңнамалық және институционалдық өзгерістер пакетін әзірледі.

«Сарапшылар Қазақстандағы қолданыстағы монополияға қарсы режимде белгілі бір дәрежеде «жұмсақ құқыққа» қарай ауытқу қалыптасқан деген қорытындыға келді. Бұл жазалаудың тежеуші әсерін – deterrent effect деп аталатын факторды әлсіретеді. Соңғы жылдары БҚДА превентивтік тетіктерді – хабарламаларды, алдын ала ескертулерді, комплаенсті белсенді түрде дамытты. Біз бизнеспен тікелей диалог жүргізу айларға созылатын сот процестерінсіз тәртіпті тезірек орнатуға мүмкіндік береді деп санадық. Алайда ЭЫДҰ-ның шолуы мұндай тәсілдің кері жағын көрсетті. Тежеуші фактор іс жүзінде жойылды. Бүгінде компания бірінші рет бұзушылық жасаған жағдайда қатаң санкцияларға тартылмайтынын, тек істі ерікті түрде және айтарлықтай салдарсыз жабуға мүмкіндік алатынын түсінеді», – деді Марат Омаров.

Осыған байланысты жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі монополияға қарсы тергеп-тексерулерді жетілдіру болады. Заң жобасында тергеп-тексерудің негізгі мерзімін үш айдан тоғыз айға дейін ұзарту және оны тағы үш айға ұзарту мүмкіндігі көзделген. Бұл дәлелдемелік базаны жинау және экономикалық талдау жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бұзушының жылдық кірісінің 0,5 пайызы мөлшерінде айналымға байланысты айыппұлдарға көшуге бағытталған түзетулер әзірленді. Тағы бір өзгеріс жауапкершіліктен босату бағдарламасы – Leniency-ге қатысты. Өтініш берілгенге дейін Агенттікте картель туралы ақпараттың болмауы туралы талапты, сондай-ақ келтірілген залалды толық көлемде алдын ала өтеу міндетін алып тастау ұсынылады. Картельді ерікті түрде ашып, бұзушылықты мойындаған бірінші қатысушы жауапкершіліктен толық иммунитет ала алады.

БҚДА сондай-ақ хабарламалар қолданылатын бұзушылықтар тізбесін қысқартуды және қайталама бұзушылық мерзімін бір жылдан екі жылға дейін ұлғайтуды ұсынады. Осы кезеңде бұзушылықтың қайталануы тергеп-тексеру жүргізуге негіз болады. Жоғары шоғырланған нарықтарда хабарламаларды қолдануды алып тастау ұсынылады.

Өзгерістердің едәуір бөлігі Алтыншы монополияға қарсы пакетке біріктірілді. Заң жобасының Үкіметтік редакциясы алты блокты қамтиды: тергеп-тексерулер, комплаенс және монополияға қарсы аудит, экономикалық шоғырлану, тауар нарықтарын талдау, мемлекет иелігінен алу және ұжымдық талап-арыздар.

Конституциялық реформадан кейін заң жобасы Құрылтайдың қарауына беріліп, онда жаңа жұмыс тобы құрылды.

«Алтыншы пакеттің логикасы – назарды постфактум жазалаудан превенцияға, құқық қолданудың болжамдылығына және, ең бастысы, тұтынушылар үшін келтірілген зиянды нақты өтеуге ауыстыру. Біз заң бұзудың тиімсіз болатындай ашық әрі түсінікті ойын ережелерін қалыптастыруға ұмтыламыз», – деді БҚДА басшысы.

Тергеп-тексерулерді жетілдіру аясында оларды жүргізудің жеке әдістемесін бекіту ұсынылады. Онда құқық бұзушылық белгілері, ақпарат көздері және дәлелдемелердің түрлері бекітіледі. Сонымен қатар бәсекелестік заңнамасын қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру үшін құқық қолдану практикасын жыл сайын жинақтау көзделеді.

Превентивтік тетіктерді күшейту үшін монополияға қарсы аудит енгізу ұсынылады. Бизнес сыртқы сарапшыларды тарта отырып, бұзушылық белгілерін өз бетінше анықтап, оларды жойып, жауапкершілікке тартылу тәуекелінсіз бұл туралы Агенттікке хабарлай алады. Бұзушылыққа жол берген компаниялар үшін міндетті монополияға қарсы комплаенс енгізу көзделеді.

Заң жобасының алтыншы блогы бәсекелестікті қорғау саласында ұжымдық талап-арыздар институтын енгізуді көздейді. Мұндай талап-арызды беруге Агенттіктің шешімі немесе монополияға қарсы іс бойынша заңды күшіне енген сот актісі негіз болуы тиіс. Қаржылық қызметтер мен бағалы қағаздар нарығы бұл тетіктің қолданылу аясынан шығарылады. Сот шығындарын талап-арыз бастамашысына жүктеу, ал зардап шеккен тұлғаларға өтемақыны растайтын құжаттар негізінде жауапкердің төлеуі ұсынылады.

Сонымен қатар Агенттік жаңа цифрлық нарықтарды реттеу тәсілдерін пысықтауда. Ұсыныстардың қатарында сауда желілері мен цифрлық платформалардың үстем жағдайын айқындаудың арнайы критерийлерін белгілеу, монополиялық нарықтардағы динамикалық баға белгілеуді реттеу және монопсония шегін 35 пайызға дейін төмендету бар. Цифрлық платформаларға қатысты пайдаланушылар, сатушылар саны және кіріс көлемі көрсеткіштерінің жиынтығын ескеру ұсынылады.

БҚДА өз қызметіне де цифрлық құралдарды енгізуде. Тауар нарықтарын талдауды, тергеп-тексерулерді, экономикалық шоғырлану рәсімдерін және сот процестерін қамтитын Antitrust ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Агенттік тарифтік сараптама жүргізуге, сатып алулардағы картельдерді анықтауға және нормативтік құқықтық актілерді талдауға арналған үш мамандандырылған жасанды интеллект шешімін қолданады.

 

23 сентября 2026
БҚДА ДӘРІЛІК ЗАТТАР БАҒАСЫН РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Агенттіктің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеуге қатысқан кезеңінде баға белгілеу тәсілдері қайта қаралып, сауда үстемелері мен әкімшілік кедергілер төмендетілді, сондай-ақ дәрілік заттардың едәуір бөлігі бәсекелестік ортаға шығарылды.

Жүйелі жұмыс алты жыл бойы жүргізілді. 2020 жылдың соңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік заттар (ДЗ) мен медициналық бұйымдардың (МБ) бағасын қалыптастыру жүйесіне қосалқы реттеуші ретінде енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыстың негізгі міндеті дәрілік заттар құнының негізсіз өсуіне және нарыққа қатысушылардың бәсекелестікке қарсы әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған теңгерімді баға реттеуін қамтамасыз ету болды.

2020-2026 жылдар аралығында Агенттік ДЗ мен МБ-ға шекті бағаларды бекіту туралы бұйрықтардың жобаларын 38 рет келісті. Оларды қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне бағалардың негізсіз өсуіне ықпал ететін факторларды жою, әкімшілік кедергілерді қысқарту және баға белгілеу тетігін жетілдіру жөнінде ұсынымдар жолданды.

Бастапқы кезеңде, пандемия жағдайында, Агенттік дағдарыстың теріс салдарын азайту бойынша жедел шаралар қабылдады. COVID-19-ға қарсы препараттардың бағасын қалыптастырудың ерекше тәртібі енгізіліп, негізсіз сауда үстемелері қайта қаралды. Нәтижесінде COVID-19-ға қарсы препараттардың құны 30-40%-ға, медициналық маскалардың құны үш еседен астам, ПТР-тестілердің құны екі есеге төмендеді. Кейін Агенттік реттеу тетігін жүйелі түрде өзгертуге және фармацевтикалық нарықта бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасауға басымдық берді.

2022 жылы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер енгізіліп, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Ол бағаны артық реттеуді қысқартуды, бағаларды қалыптастырудың ашықтығын арттыруды және ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуға нарық қатысушыларының қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.

Жұмыс барысында Агенттік ДЗ мен МБ құнының негізсіз өсуіне алғышарттар жасаған бірқатар факторларды анықтады. Атап айтқанда, бағаларды қалыптастыру кезінде маркетингтік, көліктік және кедендік шығыстар, сапаны бағалау шығындары ескеріліп, сондай-ақ елеулі сауда үстемелері қолданылған. Бұл ретте тетік өндірушілердің нақты бағалары мен импорт құнын ескермеді.

Анықталған проблемаларды жою мақсатында Агенттік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп баға белгілеу тәсілдерін қайта қарады. Негізгі өзгеріс дәрілік заттардың нақты құнына, оның ішінде өндірушілермен жасалған шарттармен және импорттық бағаларды инвойстармен міндетті түрде растауға көбірек бағдарланған референттік баға белгілеуге көшу болды.

Референттік баға белгілеудің объективтілігі мен ашықтығын арттыру үшін сыртқы және ішкі референттеу құралдары енгізіліп, ақпарат көздерінің тізбесі кеңейтілді. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрілік заттардың бағалары жөніндегі NALVIN ақпараттық ресурстары пайдаланылды. Сондай-ақ бағаны қалыптастыру кезінде ескерілетін шығыстардың құрамы қайта қаралды. 2025 жылдан бастап сапаны бағалау, кедендік және көліктік шығыстар есептеуден толық алынып тасталды. ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттарды сатып алу кезінде де маркетингтік шығыстар алынып тасталды.

Сонымен қатар сауда үстемелері төмендетілді. Бөлшек сауда сегментінде үстеме 2022 жылғы 55%-дан 2026 жылы 30%-ға дейін, ерекше тәртіп бойынша 27,5%-дан 15%-ға дейін кезең-кезеңімен қысқартылды. Көтерме сауда сегментінде ерекше тәртіп бойынша үстеме 10,5%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.

Бұдан бөлек, дәрілік заттардың бағасын саралау көзделді: қайта өндірілген дәрілік заттың (генериктің) бағасы түпнұсқа препараттың бағасынан 30%-ға, ал биоаналогтың бағасы биологиялық түпнұсқа препараттың бағасынан 10%-ға төмен болуы тиіс. Тиісті өзгерістер 2024 жылғы желтоқсанда дәрілік заттарға шекті бағалар мен үстемелерді қалыптастыру қағидаларында бекітілді. Баға белгілеу тетігі қайта қаралғаннан кейін дәрілік заттардың жалпы санының 76%-ы бойынша шекті бағалар орта есеппен 26,5%-ға төмендеді. Жекелеген позициялар бойынша төмендеу 10%-дан 90%-дан астамды құрады.

Агенттік жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі мемлекеттік баға реттеу саласын кезең-кезеңімен қысқарту болды. Егер 2022 жылғы тамызда шекті бағалар дәрілік заттардың 7 537 сауда атауына белгіленсе, тізбені кезең-кезеңімен қайта қарау және препараттарды бәсекелестік ортаға шығару нәтижесінде қазіргі уақытта 4 994 ДЗ бағасы реттеледі. Барлығы 4 918 дәрілік зат бағаны реттеуден шығарылды.

2023 жылы рецептсіз босатылатын 302 препарат реттеуден шығарылды, 2024 жылы – 952 препарат. 2025 жылы рецептсіз босатылатын дәрілік заттарды реттеуден шығару толық аяқталып, 1 868 позиция реттеуден шығарылды. 2026 жылғы мамырдан бастап құны 1 АЕК-тен төмен 3 050 рецептілік дәрілік зат қосымша реттеуден шығарылды. 2027 жылы коммерциялық сегментте бағаны реттеуді толық аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік баға реттеуі тек ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарға қатысты сақталады.

Дәрілік заттардың бір бөлігін мемлекеттік баға реттеуінен шығарғаннан кейін таңбалау жүйесінің деректері негізінде нақты бағалар динамикасына мониторинг жүргізілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылғы 8 тамыздағы және 2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша 2 635 ДЗ-ның өткізу бағаларын салыстырды.

698 дәрілік зат бойынша бағалар орта есеппен 26,2%-ға төмендеді: 456 позиция бойынша – 20%-ға дейін, 242 позиция бойынша – 20%-дан астам. 1 142 ДЗ бойынша бағалар өзгеріссіз қалды. 795 препарат бойынша бағаның өсуі тіркелді – орта есеппен 29,9%-ға, оның ішінде 646 позиция бойынша – 20%-ға дейін, 149 позиция бойынша – 20%-дан астам.

Мониторинг нәтижелері тұтастай алғанда реттеуден шығарылғаннан кейін бағаның айтарлықтай өсуі болмағанын көрсетеді және бәсекелестік орта жағдайында бағаларды дербес қалыптастыру мүмкіндігін растайды. Бұл ретте баға динамикасы Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша ерекшеленеді.

Баға белгілеу тетігін жетілдіру дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа шығаруға байланысты әкімшілік кедергілерді төмендетумен және рәсімдерді цифрландырумен қатар жүрді.

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шеңберінде «Бірыңғай терезе» жобасы іске асырылуда. Ол бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде бағаларды тіркеуді, тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуді, сараптамалар жүргізуді және препараттарды ұлттық дәрілік формулярға енгізуді автоматтандыруды көздейді. Цифрлық шешімдерді енгізу дәрілік заттарды нарыққа шығару мерзімдерін бірнеше жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне енгізілген, Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттарға шекті бағаларды дербес бекітуін көздейтін өзгерістер күшіне енеді. Осылайша, Агенттіктің ДЗ мен МБ бағасын қалыптастыру саласындағы қосалқы реттеуші ретіндегі қатысу кезеңі аяқталады.

Бұл тәсіл ЭЫДҰ-ның бәсекелестік жөніндегі ведомство мен салалық реттеушілердің функцияларын ажырату жөніндегі ұсынымдарына сәйкес келеді және Агенттіктің күш-жігерін бәсекелестікті қамтамасыз ету мен дамытуға шоғырландыруды көздейді.

Агенттік фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуді жалғастырады. Дәрілік заттарды таңбалау жүйесінің деректерін пайдалану бағалар динамикасы мен нарық қатысушыларының мінез-құлқын бақылауға, бағалардың негізсіз өсу белгілерін анықтауға және негіз болған жағдайда заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

18 сентября 2026
«ӘУЛИЕ-АТА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы» АҚ-ның авиаотынды өткізу кезінде баға белгілеу мәселесі бойынша қызметін зерделеді.

Департамент жүргізген бәсекелестіктің жай-күйін және бағалар динамикасын талдау нәтижелері негізінде монополияға қарсы орган Әуежайға қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеп-тексеру барысында авиаотынды өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеу бөлігінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталды.

Өз кезегінде, Әуежай тергеп-тексеру нәтижелерімен келіспей, оларды бірінші және екінші сатыдағы соттарда даулады. Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен тергеп-тексеру нәтижелері заңды және негізді деп танылды. Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында өткен сот отырысы барысында Әуежай өз кінәсін мойындады.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,2 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды және монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған 25,2 млн теңге мөлшеріндегі монополиялық кіріс тәркіленді.

Сонымен қатар, монополияға қарсы орган Әуежайға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тоқтату туралы тиісті нұсқама берді. Нұсқамаға сәйкес экономикалық негізделген баға белгілеу талап етілді.

Тергеу департаменті
24 августа 2026
ҚР БҚДА МЕДЕУДЕГІ АВТОТҰРАҚ ҚҰНЫН ТӨМЕНДЕТТІ

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Chimbulak Development» ЖШС-не қатысты монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерінің болуы туралы хабарлама шығарды.

ҚР БҚДА жүргізген тексеру нәтижесінде аталған компанияның «Медеу» биік таулы мұз айдыны жанындағы ақылы автотұрақ операторы ретінде көлік құралдарын қоюға, уақытқа қарамастан, сағатына 500 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф белгілеп, сондай-ақ тұраққа қоюдың кепілдендірілген тегін кезеңін қарастырмағаны анықталды.

Бұл ретте ірі нысандар орналасқан аумақтардағы басқа автотұрақтардың жұмыс істеу шарттарын талдау қалада көлік тұрағының құнын автокөліктің тұрақта тұру уақытына қарай саралау және 15 минуттық тегін тұрақ уақытын белгілеу қалыптасқан екенін көрсетті. Мысалы, өз көлігімен Медеу және Шымбұлақ биік таулы курорттарына келетін азаматтар 12 сағаттық тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген. Сонымен қатар төмен түскен кезде көлігін күтіп отырған азаматтар үшін тегін күту кезеңінің және баламалы автотұрақтардың болмауы қолайсыздық туғызған.

«Chimbulak Development» ЖШС-нің әрекеттері азаматтардың қоғамдық пайдаланудағы және табиғи-мәдени құндылықтарға жататын нысандарға қол жеткізуіне жасанды кедергі келтірді.

Қазіргі уақытта компания хабарламаны орындау аясында анықталған бұзушылық белгілерін жойды. 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін 15 минуттық тегін тұрақ уақыты белгіленеді, сондай-ақ автокөлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын мөлшерде шектелді. Бұл жалпыға бірдей қабылданған қалалық стандарттарға сәйкес келеді.

Агроөнеркәсіптік кешен департаменті
13 августа 2026
БҚДА ҚАНТ НАРЫҒЫНЫҢ ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІГІН ТӨМЕНДЕТУ БОЙЫНША ӨЗ ҰСЫНЫСТАРЫН ҰСЫНДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) Қазақстандағы қант нарығына талдау жүргізуді аяқтады. Жұмыс қорытындысы бойынша 2025 жылдың қорытындысында ішкі нарықтағы импорттық қанттың үлесі 70,4%-ға жеткен, ал отандық өндіріс ішкі тұтынудың тек 29,6%-ын қамтамасыз етеді. Бұл ішкі өндірісті дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Қазақстанның қант саласы бұрынғысынша импортқа тәуелді екенін көрсетеді. Ішкі сұраныстың негізгі бөлігі импорттық шикі қамыс қантын өңдеу және дайын импорттық қант жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі.

2022–2026 жылдарға арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың және Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының бірқатар нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізілген жоқ. Атап айтқанда, бұл қант қызылшасының егіс алқаптары, жалпы түсім, қант өндіру көлемі және ішкі нарықтың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бойынша көрсеткіштерге қатысты. Сонымен қатар, 2024 жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім алынғанына қарамастан, бұл қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермеді. Себебі қолданыстағы өндірістік қуаттардың құрылымы айтарлықтай дәрежеде импорттық қамыс шикі қантына бағдарланған. Бұл шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту арасындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді.

Талдау қанттың биржалық саудасының қолданыстағы моделінің тиімділігін арттыру және тауар биржалары туралы заңнама талаптарының сақталуына Сауда және интеграция министрлігі тарапынан бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті. Жекелеген отандық өндірушілерде өндіріс көлемінің ұлғаюы тауар биржалары арқылы өткізу көлемінің тиісті өсуімен қатар жүрмегені анықталды. Сондай-ақ отандық және импорттық қанттың айналымы үшін бірыңғай жағдайларды қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, импортталған қанттың кейіннен үшінші елдерге әкетілуінің жекелеген жағдайлары анықталған, бұл тауар ағындарының ішкі нарықты қамтамасыз етуге ықпалын қосымша бағалауды талап етеді.

Талдау қорытындысы бойынша БҚДА қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама енгізді. Мүдделі мемлекеттік органдарға отандық шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту, қант зауыттары мен қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды енгізу, биржалық саудаға бақылауды күшейту, қанттың реэкспортын мониторингтеу, сондай-ақ ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендету бойынша ұсыныстар жолданды. Тиісті ұсынымдарды жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, қант нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасына енгізу ұсынылады.

Қорытынды: https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/documents/details/1053864?lang=ru 

Социальные сети
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы