Атакәсіпке адалдық
Ел ризығын еселеуде мал шаруашылығының атқарар рөлі зор. Себебі, төрт түлік өнімі халықты азықпен ғана емес, ауыл шаруашылық өндірісін күш-көлікпен және табиғи тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Тарих беттерін парақтасақ, мал шаруашылығының осыдан ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын аңғарамыз. Ал ғалымдардың зерттеуі қазақ жеріндегі мал шаруашылығы қола дәуірінен бастау алады дейді. Бұған археологиялық қазбалар мен көшіп-қонып жүрген жұрттың атақонысы дәлел бола алады. Сондай-ақ 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылай ханды босатуға барған қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз мал баққан елміз...» толғауы да аталған шаруашылықтың атакәсіп екенін айғақтайды. Демек қазақ елі үшін қой бағып, жылқы асырау жат емес, ата-бабадан жалғасып келе жатқан үрдіс.
Бөрлітөбе өңірінде атап айтқанда Лепсі ауылында сол атакәсіпті өркендетіп отырған шаруашылықтардың бірі «Ауғанбаев» қожалығы. 2004 жылы құрылып, кәсібін бастаған шаруашылық бұл күнде сол өңірдің іргелі қожалығының бірі саналады. Шаруашылық басшысы Бақытжан Амангелдіұлының негізгі мамандығы теміржол экономисі. Бар ғұмырын шойынжол саласымен байланыстырған әкесі Амангелдінің ізін жалғап, теміржол оқуын оқыса да жүрек қалауы атакәсіпті өркендету болыпты.
- 2004 жылы төрт түлік малды өрбітіп, атакәсіпті жаңғыртамын деген оймен шаруашылық құрдық. 2 ауқымды мал қора-қопсымыз, 3000 гектар жеріміз бар. Басқа төрт түлікпен қатар неге түйе өсірмеске деген ой келді. Өз атам Қабдолда түйе бағып асыраған. Содан аз-аздан басталған ісіміз оңға басып, қазір шаруашылықта 120 бас түйе бар. Болашақта жылқы сауып қымыз өндірсек, түйе сауып одан шұбат алып халықты табиғи таза өніммен қамтысақ деген ой бар,-дейді Бақытжан Ауғамбаев.
Сонымен қатар кәсіпкер Лепсі ауылындағы кеңестік кезеңнен қалған бұрынғы СПТУ ғимаратын сатып алып, 100 бас бұқа, 100 бас жылқы бордақылайтын алаң ашу ойы барлығын да жеткізді. Ол бүгінге дейін 5 отбасыны тұрақты жұмыспен қамтып, барлық қажетті жағдайын жасап отыр.
Мал қоралары біріншісі Көктерек ауылының тұсында, екіншісі Арғанаты разьездінің бойында орналасқан. Бағымындағы сиырлары әулиекөл тұқымды, жылқы болса қазақи, түйе қос өркешті. Алғаш шаруашылық құрғанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласынан гиссар тұқымды 10 қозының біреуін 200 мыңнан сатып алған. Қазіргі таңда қой басы еселеніп келеді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.