GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Все материалы
ТЖ профилактикасы
08 октября 2026
Жетісуда биылғы жылыту маусымында 2 мыңға жуық улы газ датчигі орнатылады

Жетісу облысында түтіннен және улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылыту маусымы барысында өңірдегі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне улы газ бен түтінді анықтайтын 2 мыңға жуық датчик орнату жоспарланған. Жалпы, 2023 жылдан бері осындай 3 330-дан астам датчик орнатылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тамыз айының ортасынан бастап азаматтық қорғау саласының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, полицияның өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп облыстың барлық аудандары мен қалаларында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 200-ге жуық датчик орнатылды.

Осындай профилактикалық аралау жұмыстарының бірі Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында да жүргізілді.

Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Арнұр Сейіткамалдың айтуынша, орнатылып жатқан датчиктерді пайдалану оңай, себебі ол автономды түрде жұмыс істейді.

– Бұл құрылғылар сертификатталған және автономды қуат көзінен жұмыс істейді. Оның қуаты шамамен бір жылға жетеді. Қуат көзі таусылар кезде құрылғы арнайы дыбыстық белгі арқылы алдын ала ескертеді. Датчиктің негізгі міндеті – адамдарға қауіп туралы дер кезінде ескертіп, қажетті шараларды қабылдауға уақыт беру, – деп түсіндірді азаматтық қорғау лейтенанты.

Алайда профилактикалық жұмыстар тек датчик орнатумен шектелмейді. Пеш пен түтін мұржаларының жай-күйін тексерумен қатар, тұрғындарға пешті, электр және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріледі. Мамандар тұрғындарға пештің, түтін мұржалары мен түтін арналарының жарамдылығын үнемі тексеріп отыру, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау және өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау қажеттігін еске салады.

– Бүгін мамандар үйімізге арнайы құрылғы орнатты. Біз қатты отынмен жылытылатын пешті пайдаланамыз. Енді өзімізді қауіпсіз сезінетін болдық: түтін пайда болған жағдайда датчик дер кезінде іске қосылады. Жергілікті атқарушы органдарға қамқорлығы үшін алғысымызды білдіреміз, – дейді Жеңіс көшесінің тұрғыны Алтынай Ысқақова.

Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыстың тағы бір бағыты. Профилактикалық іс-шараларға тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, Төтенше жағдайлар басқармасының, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының, «Тавиди» ЖШС және «Жетісугаз» корпорациясы» АҚ мамандары қатысуда.

- Жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында мамандарымыз тұтынушылар арасында профилактикалық рейдтер жүргізеді. Мұндай іс-шаралар барысында газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері мен тиісті құрылғыларды орнату қажеттігі түсіндіріледі. Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді жасалған шарт негізінде арнайы ұйымдар жүргізуі тиіс, - деді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының инженері Әділет Нүсіпқали.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар қауіп-қатерді азайтуға жағдай жасайды. Мәселен, өткен жылыту маусымының қорытындысында өңірде өрт саны 29%-ға азайған.

Сонымен қатар облыста рейдтік жұмыстар жалғасып жатыр. Мамандар тұрғындарға пеш, газ және электр жабдықтарындағы ақауларды дер кезінде анықтауға, ықтимал қауіптердің алдын алуға және үйлерінің қауіпсіздігін арттыруға көмектесіп келеді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді Жетісу облыстық ТЖД ұсынды, сол сияқты облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.

ТЖ профилактикасы
30 сентября 2026
60 секундтық қауіпсіздік: жылыту маусымына дайындық

Күннің суытуымен пештерге, жылыту қазандықтары мен электр құрылғыларына түсетін жүктеме артады. Жылыту маусымы басталар алдында жылыту жабдықтарының, түтін мұржалары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеру қажет. Пеш пен түтін мұржасы күйеден тазартылып, анықталған жарықтар мен ақаулар уақытылы жөнделуі тиіс.

Газ жабдығын пайдаланған кезде қосылу орындары мен желдету арналарының жай-күйін тексеріңіз, жұмыс істеп тұрған жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз және қолдан жасалған немесе ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбаңыз, пештер мен жылытқыштардың жанына тез тұтанатын заттарды қоймаңыз.

Жеке үйлерде пешпен жылытуға ерекше назар аудару қажет. Пешті жағар алдында түтін мұржасындағы тартудың қалыпты екеніне көз жеткізіңіз, от жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз және қызып тұрған пештің маңында балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

Ең бастысы, үйге автономды өрт хабарлағышын орнатыңыз. Ол түтін пайда болған жағдайда дер кезінде дыбыстық белгі беріп, өртті ерте анықтауға көмектеседі. Жылыту маусымына дайындық көп уақытты қажет етпейді, алайда өрт қаупін азайтып, үйіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты

Фототілші: Жұмабай Мұсабеков

60 секундтық қауіпсіздік: жылыту маусымына дайындық

ТЖ профилактикасы
21 сентября 2026
60 секундтық қауіпсіздік: көлік өртенген кездегі алғашқы әрекеттер

Автомобильдің өртенуі күтпеген жерден болуы мүмкін. Бұған электр сымдарының ақауы, жанармайдың ағуы немесе техникалық ақаулар себеп болуы ықтимал. Қозғалыс кезінде түтін немесе өрт байқалса, ең алдымен көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, қозғалтқышты өшіріп, автомобильден шығу қажет.

Қозғалысты жалғастыруға немесе капотты толық ашуға тырыспаңыз. Капотты ашқан кезде ауа ағыны күшейіп, өрттің таралуына себеп болуы мүмкін. Автомобильден қауіпсіз қашықтыққа алыстап, жақын маңдағы адамдарға ескертіңіз.

Өрт туралы дереу "112" нөміріне хабарласыңыз. Операторға оқиға болған нақты орынды айтып, мүмкіндігінше автомобильдің маркасы мен моделін хабарлаңыз. Егер көлікте өрт сөндіргіш болса және оны қауіпсіз қолдануға мүмкіндік болса, өрт сөндіргішті жалынның негізіне бағыттаңыз.

Құжаттар, телефон немесе басқа заттарды алу үшін жанып жатқан көлікке қайта бармаңыз. Шұғыл қызметтерді шақырғаннан кейін қауіпсіз жерге алыстап, өрт сөндірушілердің келгенін күтіңіз.

Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты

60 секундтық қауіпсіздік: көлік өртенген кездегі алғашқы әрекеттер

 

18 сентября 2026
Жолда қабылдау: Жетісуда полицейлер тұрғындардың сауалдарына жауап берді

Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындармен тиімді кері байланысты нығайту мақсатында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы өтуде.

Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері және прокуратура қызметкерлері қатысты.

Акция барысында тұрғындар жол қозғалысы қағидалары, әкімшілік заңнама, автомобиль жолдарының жай-күйі, жол белгілерін орнату, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша сауалдарын қойды.

Әрбір өтініш бойынша сала мамандары түсіндірме беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын нақтылады. Сонымен қатар азаматтарға жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

"Жолда қабылдау" акциясының негізгі мақсаты – тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою, жол қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз ету.

Жетісу облысының полициясы мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты

Жолда қабылдау: Жетісуда полицейлер тұрғындардың сауалдарына жауап берді

Цифрландыру
10 сентября 2026
Жетісу облысында биыл бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыс ашылды

Жетісу облысында биыл бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыс ашылды.

     Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи цифрлық технологияларды пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

     Осы жылдың 8 айында облыс аумағында бейнебақылау камераларының көмегімен 281 қылмыс ашылып, 24 434 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

     Оның ішінде полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары аталған кезеңде 193 қылмыстың ашылуына ықпал етіп, 10 814 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

     Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

     Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау процесін жетілдіру мақсатында “Омниканалды” жоба іске асырылуда. 2026 жылы аталған жүйе арқылы 542 хабарлама тіркеліп, оның 439-ы “Заң мен тәртіп” мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен.

     Азаматтардың белсенділігі мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктері құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.

     Сондай-ақ жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген адамдарды анықтап, олардың тарапынан жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

     Полиция “Заң мен тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми интернет ресурсы 

Жетісу облысында биыл бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыс ашылды

ТЖ профилактикасы
07 сентября 2026
Жетісуда азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша 2 мыңға жуық жадынама таратылды

 Демалыс күндері Жетісу облысында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыс жүргізді.

Профилактикалық іс-шара барысында азаматтарға алаяқтықтың кең таралған және жаңа түрлері туралы түсіндірілді. Әсіресе егде жастағы адамдарға ерекше назар аударылды.

Полиция қызметкерлері алаяқтардың банк, құқық қорғау органдары және басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде танысып, азаматтарды алдайтын тәсілдері туралы айтып, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті.

Талдықорғанның Орталық базарында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтықтан сақтану жолдары көрсетілген 2 мыңға жуық ақпараттық жадынама таратылды.

Полиция азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сенбеуге шақырады.

Күмәнді жағдай туындаған кезде әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тиісті ұйымдардың ресми байланыс арналары арқылы нақтылау қажет.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты

Жетісуда азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша 2 мыңға жуық жадынама таратылды

ТЖ профилактикасы
07 сентября 2026
60 секунд қауіпсіздік: «Балкон - қойма емес!»

 Балкондар мен лоджияларды қажетсіз заттарды сақтайтын орынға айналдыру өрт қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Көп жағдайда тұрғындар балкондарда ескі жиһаздарды, картон қораптарды, қағаздарды, пластик бұйымдарды және басқа да тез тұтанатын материалдарды сақтайды.

  Мұндай заттар өрт шыққан жағдайда жалынның жылдам таралуына себеп болуы мүмкін. Кейде өрттің шығуына бір ғана сөндірілмеген темекі тұқылы немесе ақаулы электр құрылғысы жеткілікті.

  Жоғары қабаттан немесе сырттан балконға түскен сөндірілмеген темекі тұқылы жанғыш материалдарға тиіп, қысқа уақыт ішінде өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар электр сымдарының ақаулығы, қысқа тұйықталу немесе жарамсыз электр құрылғыларын пайдалану да өрттің туындау қаупін арттырады.

  Осыған байланысты тұрғындарға балкондар мен лоджияларда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі.

  Балконды қажетсіз заттарды сақтайтын қоймаға айналдырмаңыз. Ескі жиһаздарды, қағаздарды, картон қораптарды, пластик және басқа да жанғыш материалдарды балконда жинамаңыз.

  Өрттің алдын алу үшін:

  - балкондар мен лоджияларда жанғыш және тез тұтанатын заттарды сақтамаңыз;

  - ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбаңыз;

  - электр сымдары мен құрылғыларының жарамдылығын үнемі тексеріңіз;

  - темекі тұқылдарын терезеден немесе балконнан тастамаңыз;

  - өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаңыз.

 Өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз! Есіңізде болсын: балкон - қойма емес! Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау - мүлікті, денсаулықты және ең бастысы, адам өмірін қорғаудың маңызды кепілі.

Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты

60 секунд қауіпсіздік: «Балкон - қойма емес!»

Білім
03 сентября 2026
«Заң мен тәртіп»: Жетісуда Білім күнінде төрт бірдей «Жас сақшы» жас сарбаздар сыныбы ашылды

Жетісу облысының мектептерінде Білім күні «Жас сақшы» жас сарбаздар сыныптары ашылды. «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Білім күні «Жас сақшы» сыныптары Ескелді ауданы Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектепте, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы Күреңбел қазақ орта мектебінде, Қаратал ауданы Достық ауылындағы Б. Римова атындағы мектеп-гимназияда және Көксу ауданы Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ашылды.

Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген С. Сейфуллин атындағы мектепте мамандандырылған сыныптың салтанатты ашылуына облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сарқытбай Құсайынов қатысты. Ол «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына патриоттық мазмұндағы кітаптар табыстады. Салтанатты жиын барысында «Жас сақшы» қатарына қабылданған оқушылардың ант беру рәсімі өтті. Мектеп оқушылары тәртіпті сақтауға, білімге ұмтылуға және Отанды сүюге ант берді.

Ал Елтай орта мектебінде ашылған жаңа сынып – Жетісу облысындағы тоғызыншы «Жас сақшы» сыныбы. Мұнда 8 «А» сыныбының 24 оқушысы білім алады. Сынып жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Гүлмира Қабылашева тәрбиеленушілерінің басым бөлігі оқу озаттары мен жақсы оқитын оқушылар екенін атап өтті. Ол оқушылар мектеп басшылығы мен ішкі істер органдарындағы аға тәлімгерлерінің өздеріне артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

– Біздің басты мақсатымыз – заңды құрметтеуді, Отанға деген сүйіспеншілікті және «Заң және тәртіп» қағидатын өмірлік маңызды бағдар ретінде қабылдайтын білімді, тәртіпті әрі жауапты жас азаматтарды тәрбиелеу. Бұл ретте «Жас сақшы» сыныбының маңызы зор. Сонымен қатар бұл сынып бірқатар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына жасалған алғашқы қадам деуге болады, – дейді ол.

«Жас сақшы» сыныбының оқушысы Айзере Жүсіпқан өз ойын білдірді.

– Менің әкем – полиция қызметкері. Бала кезімнен оның формасына, жинақылығына қызығып, әкем сияқты болуды армандадым. Бүгін бұл арманыма бір қадам жақындап, «Жас сақшы» сыныбының оқушысы атандым. Бізге бұл сыныпта білім алу Полиция академиясына түсу кезінде белгілі бір артықшылықтар беретінін түсіндірді. Бұған өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым – жақсы оқу, болашақта әкемнің жолын қуып, Отан игілігі үшін қызмет ету, – деді ол.

Жалпы, Білім күні Жетісу облысында осындай төрт арнайы сынып ашылды. Бүгінде жобада облыстағы 9 мектептің 210 оқушысы қамтылған. Оның 4-еуі Талдықорған қаласында орналасқан. Құқықтық тәрбие аясында полиция қызметкерлері оқушыларға қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдылықты сақтау мәселелеріне арналған тақырыптық әрі профилактикалық сабақтар өткізеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ТЖ профилактикасы
26 августа 2026
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету: Талдықорғанда 30 мыңнан астам тұрғынға жаңа өрт сөндіру депосы қызмет етеді

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жаңа өрт сөндіру депосының ашылу салтанаты өтті. Барлық қажетті техникамен қамтылған, кадрлық құрамы толық өртке қарсы кешен қаланың жаңа шағын аудандарында тұратын 30 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы наурызда құтқару кезіндегі қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Дамир Тарановтың құрметіне мамандандырылған жаңа №20 өрт сөндіру бөліміне оның аты берілді.  

Стратегиялық маңызы бар нысанның ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ Дамир Тарановтың отбасы мүшелері мен жақындары қатысты.

Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде төтенше жағдайлар саласының инфрақұрылымы мен материалдық базасын нығайту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жасалса, биыл Көксу ауданы Балпық би ауылында жаңа өрт сөндіру депосы салынып, пайдалануға берілді. Бүгін Талдықорған қаласында да заманауи ғимаратын ашып отырмыз. Сол сияқты «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде 18 өрт сөндіру бекеті салынуда. Оның бүгінгі күнге 10 пайдалануға берілді. Қабылданған жүйелі шаралардың арқасында Төтенше жағдайлар департаментінің техникамен жабдықталуы 84%-ға жетті. Алдағы кезеңде бұл жұмыстар жалғасады, - деді Б. Исабаев.

Шыңғыс Әрінов Мемлекет басшысының халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты. Ол осыған байланысты жүйелі шаралар қабылданып, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған заманауи өрт сөндіру депосының Талдықорғанда ашылуы осы бағытта атқарылған маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті:

- Бүгінгі шараның маңызы ерекше. Азаматтық қорғау майоры Дамир Тарановтың рухына тағзым етіп, есімін құрметтеп, Талдықорғанда азаматтық қорғаудың маңызды нысанын ашып отырмыз. Дамир Таиржанұлының ерлігі – бүгінгі және болашақ құтқарушыларға қашанда үлгі. Жаңа өрт сөндіру бөлімінде төтенше жағдайларға жедел әрі уақтылы ден қою үшін барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-жабдықтар мен техника бар. Мұның бәрі, ең алдымен, құтқарушылардың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Адамдарды құтқару үлкен жүректі, жауапкершілікті және жоғары кәсіби дайындықты қажет етеді. Жаңа өрт сөндіру бөлімі талдықорғандықтардың игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етеді деп сенемін, – деді ол.

Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін қонақтар мен қатысушылар өрт сөндіру бөлімінің ғимараты мен оған іргелес аумақтың жабдықталуымен танысты.

Белгілі болғандай, депо құрылысының қажеттілігі қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде халықтың тығыз орналасуының арта түсуіне байланысты туындаған. Оның қызмет көрсету радиусы 10 км. Бұл 30 мыңнан астам тұрғыны бар бірнеше жаңа шағын аудан мен оған іргелес тұрғын секторларды өрттен қорғауға мүмкіндік береді.

Депо ғимаратында тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті жағдай жасалған. Мұнда мультимедиялық экранмен жабдықталған оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық техникасы бар ас үй, демалыс және психологиялық тұрғыдан тынығуға арналған бөлмелер қарастырылған. Жеке құрамның дене дайындығын жетілдіру үшін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залы бар. Сондай-ақ аумақта волейбол және спорт алаңдары, жүгіру жолы жасақталған.

Жалпы, депо кешенінің құрамына гараж бокстары, мұнарасы бар оқу-жаттығу алаңы, көлемі 50 текше метр өрт сөндіру су қоймасы және бақылау-өткізу пункті кіреді. Бөлімшенің қару-жарақ және техникалық жарақтануына жеті негізгі және арнайы техника берілді. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, байланыс және жедел ден қою автомобилі, авариялық-құтқару автомобилі бар.

Атап өтсек, жаңа ғимаратта Жоспарлау және жедел басқару орталығы да орналасқан. Оның жұмысына заманға сай жағдай жасалып, төтенше жағдайлар туындаған кезде күштер мен құралдарды тиімді жоспарлау, үйлестіру және жедел басқаруға мүмкіндік беретін жаңа техникалық және мультимедиялық жабдықтар орнатылды.

Ашылу салтанатында Дамир Тарановтың отбасына министр сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың өкілдері ТЖМ және облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Дамир Тарановтың туған ағасы Заир Таранов пікір білдірді:

– Дамир өте білімді, салмақты әрі жауапты адам еді. Ол өз жұмысын шын жүрегімен жақсы көрді, өз міндеттерін абыроймен, адал атқарды. Адамдарды құтқару жолында ойланбастан өз өмірін құрбан етті. Әрине, оның отбасы үшін жаңа өрт сөндіру бөлімі оның құрметіне аталғаны үлкен қуаныш. Осылайша оның есімі мен ерлігі ел тарихында мәңгілікке қалды, – деді Заир Таранов.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ТЖ профилактикасы
22 августа 2026
Жетісуда жаңа өрт сөндіру бекеті үш ауылдың тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Жетісу облысы Көксу ауданының Алғабас ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл -  өңірдің ауылдық жерлерінде ашылған өртке қарсы инфрақұрылымның оныншы нысаны. Жыл соңына дейін тағы осындай 13 өрт сөндіру бекетін пайдалануға беру жоспарлануда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа бекет бірден үш елді мекеннің – Алғабас, Қызылтоған және Айнабұлақ ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда жалпы саны шамамен 2 900 адам тұрады. Енді өрт немесе басқа да төтенше оқиға болған жағдайда тұрғындарға көмек едәуір жылдам көрсетіледі.

Жетісу облысы ТЖД бастығы, полковник Қанат Алтынбеков атап өткендей, тікелей ауылдық елді мекендерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту халықтың қауіпсіздігі бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі болып отыр.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағдарламасы аясында облысымызда ауылдық жерлерде оныншы өрт сөндіру бекеті ашылды. Жыл соңына дейін тағы 13 осындай нысан ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өрт немесе басқа да оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Негізгі күштер мен құралдар аудан орталықтарында шоғырланған, сондықтан елді мекендердің тікелей өзінде өрт сөндіру бекеттерін ашудың маңызы зор», - деді Қанат Алтынбеков.

Салтанатты шара аясында жобаның қатысушылары мен қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекшеленген ауданның өртке қарсы қызмет қызметкерлері марапатталды.

Алғабас тұрғындары жаңа нысанның ашылуын қауіпсіздік жолындағы маңызды қадам деп есептейді. Бұл ретте өрттің алдын алуға және балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйретуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біздің ауылда мұндай маңызды нысанның ашылғаны құптарлық. Біз балаларға ерте жастан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретеміз. Тақырыптық сабақтар мен сынып сағаттарында оқушыларға тұрмыстық құралдарды дұрыс пайдалануды түсіндіріп, көрсетеміз. Оларға бұл қызық, алған білімдері мен дағдыларын бір-бірімен қуана бөліседі», - деді жергілікті орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Шағатаева.

Жаңа бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылды. Мамандар үшін қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, оның ішінде диспетчерлік бөлме, жеке құрам тұратын және демалатын бөлмелер, сондай-ақ техникаға арналған бокс қарастырылған. Бекет өрт сөндіру автомобилімен, байланыс құралдарымен, арнайы жабдықтармен және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті барлық құралдармен жабдықталған.

Осылайша, ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту шұғыл көмектің халыққа әрі жақын, әрі жылдам көрсетілуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл әсіресе аудан орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдар үшін маңызды саналады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы