
Тіл – халықтың жаны, ұлттық болмысы мен өзіндік кескін-келбетін айқындайтын басты белгісі. Тілі тұғырлы елдің тәуелсіздігі ғұмырлы, рухы асқақ, іргесі берік болары сөзсіз. Алаштың алқаракөк аспанына «өрмелеп шығып күн болғысы келген» ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Сүйемін туған тілім – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
«Шыр» етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнін», - деп жырлап, ана тіліне деген перзенттік сүйіспеншілігі мен шынайы құрметін өрнекті өлең жолдары арқылы білдірген.
Тәулік сайын түрленген өзгермелі әлемде өркениет биігіне ұмтылған кез-келген ел ата-бабасынан аманатқа қалған және қазіргі заманның ағымына қарай жаңарып, толығып, жаңа сипатқа ие болған құдіретті тілі арқылы ғана ұлттық болмысы мен тәуелсіздігін сақтай алады. Төл тарихын сонау сақ пен ғұн, ежелгі түркі дәуірінен тарататын көшпелі халықтың көшелі ұрпағы болған біз үшін Қазақстан – Ұлы Отан! Ал Отанымыздың тілі – қазақ тілі.
Тіл мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жатқан Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деп атап өткен болатын. Иә, Ана тіліміз – «шыр» етіп дүние есігін ашқаннан бастап, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған байлығымыз. Ол түп тамыры есте жоқ ескі замандардан бастау алатын, бірнеше мыңжылдықтар бойы қалыптасудың барлық сатыларын бастан өткеріп, мейлінше жетілген өте бай тіл. Ендеше баға жетпес рухани құндылығымыз бен ұлттық мақтанышымызға айналуға тиіс болған осындай мәртебелі тіліміздің қазіргі хал-ахуалы қандай?!
Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде ел басына күн туған алмағайып шақта халқымыздың біртуар ұлы Міржақып Дулатов:
Алыстан «Алаш» десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын! – деп, Алаштың азаттығы жолында бел шешпей күресіп өткен болатын. Ал, тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп өскен біз – бүгінгі жалынды жастар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге белсене атсалысып, оның талап деңгейінде насихатталуына өз үлесімізді қосып жүрміз бе? Ақиқатында болашағын тәуелсіз қазақстанымен байланыстыратын әрбір азамат үшін ана тіліміздің тағдыры ойландыратын мәселе болуға тиіс.
Марал Кульджабазар
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты академик Серік Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының IV курс студенті.