Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей қауіп төндіретін қауіпті құбылыс. Ол қоғамда әділетсіздікті қалыптастырып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан бұл дертпен күресу – уақытша шара емес, мемлекеттік басқару жүйесінің құрамдас әрі тұрақты бөлігі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде белгілеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бұл мәселеге ерекше тоқталып, сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою, мемлекеттік аппаратта ашықтықты қамтамасыз ету және тиімді қоғамдық бақылау орнату қажеттігін нақты атап өтті. Осы мақсатта елімізде заңнамалық және институционалдық деңгейде жүйелі шаралар қабылданып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтері енгізіліп, мемлекеттік сатып алулар мен көрсетілетін қызметтер автоматтандырылды. Мемлекеттік органдарда ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару тетіктері жолға қойылып, мемлекеттік қызметте ашықтық пен есептілік артып келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек нормативтік-құқықтық актілер қабылдаумен шектелмейді. Қоғамдық санада парасаттылық идеологиясын орнықтыру – басты басымдықтың бірі. Себебі сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заң арқылы ғана емес, сана арқылы да жүргізілуі тиіс. Бұл күреске тек уәкілетті органдар емес, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар, азаматтық қоғам және әрбір азамат атсалысуы қажет. Мемлекеттік қызметшілер үшін бұл – тек заң талаптарын сақтау ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Қызмет бабын жеке мақсатта пайдалану, мүдделер қақтығысына жол беру, туыстық байланысты артықшылық ретінде қолдану сияқты теріс әрекеттерге мүлдем жол берілмеуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін әрбір ұжымда тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұл тек ереже еске салумен шектелмей, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыруға, этикалық ұстанымдарын күшейтуге бағытталуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің әдебі, адалдығы, шынайылығы – халықтың оған және тұтастай мемлекеттік жүйеге деген сенімін қалыптастыратын негізгі фактор. Осы тұрғыда жас мамандарға үлгі көрсету, ұжым ішіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау – маңызды міндеттердің бірі.
Қазақстанда параға берілетін құқықтық баға жылдан-жылға қатаңдап келеді. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес, пара алған және берген тұлғаларға қатысты мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айыру, бас бостандығынан айыру секілді ауыр санкциялар көзделген. Мұндай қатал жауапкершілік парасатты қызметтің маңыздылығын көрсетеді. Алайда сыбайлас жемқорлықпен күресте ең тиімді тәсіл – қатаң жаза емес, оның алдын алу.
Бүгінгі таңда халық мемлекеттен ашықтықты, әділеттілікті және тиімділікті талап етеді. Бұл талапқа жауап беру – мемлекеттік аппараттың сапасына, ондағы қызметкерлердің ұстанымына, ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің лауазымдық өкілеттігін адал атқарып қана қоймай, өзінің іс-әрекетімен әділеттіліктің, заңдылықтың, тазалықтың үлгісі болуға тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Әділетті, парасатты және сенімді қоғам құру үшін әрқайсымыз заңды құрметтеп, адал қызмет ету қағидатын берік ұстануымыз керек. Бұл – мемлекетке деген құрметтің, қоғамға деген жауапкершіліктің және өз болашағымызға деген сенімнің көрінісі.
Кубиева Жанар Әнуарбекқызы
Көксу ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкілі