Жетісу облысында Кербұлақ ауданын газдандыруға жататын 26 елді мекеннің барлығына көгілдір отын жеткізілді. Атап айтқанда, Сарыөзек ауылынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қоғалы ауылына дейін магистралды газ құбыры тартылып, 21 ауылға газ жеткізілді. Дегенмен бүгінде тұрғындардың газға қосылу көрсеткіші төмен. Осыған байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесу барысында аудан әкіміне абоненттерді газға қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Тұрғын үйлерді табиғи газға қосу үшін тиісті техникалық құжаттаманы рәсімдеуді, газға қосу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ аудан тұрғындарының өтініші бойынша өңірді газдандыру схемасына енгізілмеген 6 елді мекенді - Сарыбастау, Қарашоқы, Арқарлы, Сәмен, Шилісу, Малайсары ауылдары газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті ұсыныс республикалық бюджетке жолданды. Нәтижесінде 2028 жылы ауданның 32 елді мекені немесе 31 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді, – деді Б. Исабаев.
Сонымен қатар алдағы уақытта облыста газ тапшылығының алдын алу мақсатында Алматы облысындағы Қазбек станциясынан Сарыөзекке дейінгі магистралды газ құбырының екінші желісін (лупинг) салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
– Биыл үйімізге газ кіргіздік. Бұрын көмір мен отын дайындап, күл шығаратынбыз. Мұның бәрі көп әуре еді. Ал қазір қажет кезде газды қосасың, үй ысып кетсе, өшіріп қоясың, үйді өзіңе қажетті температурада ұстауға мүмкіндік бар. Бөлмелер жылы әрі таза күйде тұрады. Жерлестеріме де газға қосылуға кеңес беремін. Газ қосылғанда үйге жылумен қатар, қолайлылық пен жайлылық та келді, – деді Сарыөзек ауылының тұрғыны Айман Ысқаққызы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
Жетісу облысы құрылғаннан бері орталық сумен жабдықтау деңгейі 93% ға жетті. Бұл ретте халықты ондаған жылдар бойы толғандырған суға қатысты күремеуі қиын мәселелер шешімін тапты. Соның бірі - Сарыөзек ауылын үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді, енді шалғайдағы Қоғалы ауылының су жүйесі жаңғыртылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының халқымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сол сияқты өңір басшысы өз сөзінде биыл ауданда жүргізілген ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.
- Жылдар бойы өзекті мәселе болған Сарыөзек ауылының ауыз су мәселесі шешімін тапты. Былтырғы кездесуде мен сіздерге жобаны 2026 жылы аяқтаймыз деп уәде берген болатынмын. Жоба аясында 110 шақырым жаңа су құбыры жүргізіліп, 3 169 абонентке ауыз су берілді. Әлеуметтік және коммерциялық нысандар да жаңа жүйеге қосылды. Енді аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылының ауыз су құбырын жаңғыртуға өтінім әзірлеуді тапсырамын, - деді Б.Исабаев.
Жалпы, ауданда 63 елді мекеннің 59 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Биыл Алтынемел, Көктал, Көксай ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыз су мәселесінің шешілгеніне қатысты тұрғындардың пікірін мынадай.
- Бұрын су мәселесі өзекті болған. Биыл су жаңа жүйеге қосылғалы, үздіксіз ағып тұр. Үйге газ тартылды. Сусыз оны қосу мүмкін болмас еді. Кір жуатын машина, басқа да техникалар жұмыс істеп тұр. Сарыөзекте тұрып жатқаныма отыз жылдан асты. Жұбайым аудандық ауруханада акушер маман болып жұмыс істейді. Өзім де сол ауруханада жұмыс істегенмін, қазір зейнеткермін. Көмір дайындау, от жағып, күл шығару қиындығынан құтылдық. Үйде жылу, су – барлық жағдай бар, - дейді Саоыөзек ауылының тұрғыны Қабікен Анықбаев.
- Біз осы жаңа тұрғын ауданда тұрып жатқанымызға алты жыл болды. Төрт жылдай судың қиындығын көрдік, флякпен тасыдық. Енді бұл мәселе шешілді, краннан су тоқтаусыз ағады. Газымыз үйге кіргізілген. Қазір қаладағы үйлердің жағдайынан бір мысқал кем емес жайлы жағадайда өмір сүріп жатырмыз, - деп пікір білдірді Шолпан Тынышбайқызы.
Сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес Малайсары бекетіндегі көп қабатты 4 тұрғын үйдің кәріз жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы жылдың қараша айында аяқталады.
- Біз осы Малайсарыдағы кәріз жүйесінің мәселесін 2025 жылы облыс әкімінің алдында көтердік. Ол кезде аудан әкіміне осы мәселеге қатысты нақты тапсырма берді. Биылғы көктемде құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер ұйым өкілдері қараша айында бітіреміз деді, - деп атап өтті Малайсары станциясының тұрғыны Марат Шымболатұлы.
Атап өтсек, биыл облыстың 11 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде, соның 8-інде жыл соңына дейін аяқталады, 3 елді мекендегі жұмыстар келесі жылы жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,
Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңарған заманауи орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұл – биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды. Алдымен аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау хатта.
Тұрғындар атынан еңбек ардагері Рақымғали Өтегенов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң саябақтың ресми ашылғанының символы ретінде лентасы қиылды. Сондай-ақ жиналған қауым саябақ ішіне 50-ге тарта ағаш отырғызды.
Атап өтсек, Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен демалыс орны араға он жылдан астам уақыт салып, бүгінгі заман талаптарына сай жаңғыртылып, қайтадан халық игілігіне ұсынылып отыр. Оның жалпы аумағы - 6,6 гектар.
Абаттандырылған саябақта тұрғындар мен аудан қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасымен серуендеуіне және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Сол сияқты ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылса, соның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.
Саябақтың ашылуына келген тұрғындар өз пікірлерін білдірді.
- Үштөбе қаласында 1980 жылдардан бері тұрамын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мені осындағы «Үштөбе орман шаруашылығы» мекемесіне жолдамамен жұмысқа жіберді. Қазір зейнеткермін. Қаламыз жылдан жылға дамып келеді. Жолдар жасалып, көшелер көркейтіліп, жасыл желекке орануда. Әсіресе, осы парктің жаңа кейіпте қолданысқа берілгеніне қуаныштымыз. Бұрын бұл парк тозып тұрған, үлкен ағаштары ескіріп, қураған, демалысқа қолайлы емес еді. Бүгін орталық саябақ жаңа бет-бейнесімен халықты қуантып жатыр. Қазір жаңартылғаннан кейін паркті тіпті танымай қалдық десе де болады. Паркте бейнекамералар да қойылған. Ол мұндағы дүние-мүлікті сындырмай, тоздырмай ұстауға ықпал етеді деп ойлаймын. Әсіресе айналаға жастар жанашырлықпен қараса екен дейміз. Енді немерелерімізбен, қатарластарымызбен келіп, саябақта еркін демала аламыз, - дейді Көпбай Әкімов.
- Парктің ішінде спорт алаңдары бар. Балалардың ойын алаңдары да салынды. Бұл бізге өте жақсы болды. Енді спорттық ойындарды алаңсыз ойнауға мүмкуіндігіміз бар, - дейді оқушы Мұрат Айбын.
- Биыл Үштөбе қаласына 65 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой қарсаңында Республика күніне орай қалада жаңа саябақтың ашылуы аудан орталығының тұрғындары үшін үлкен тарту болды. Жыл басында облыс әкімі саябақты жөндеп, көркейтіп береміз деп уәде берген болатын. Бүгін, міне, сол айтылған уәденің орындалғанына куә болып отырмыз. Үштөбе қаласы тұрғындарының атынан облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Жерлестеріме айтарым, енді біз бұл игіліктерді балаларымызға, ұрпақтарымызға осы көрікті қалпында қалдыруымыз керек. Саябағымызды күтіп ұстайық! – деді Никита Опрышко.
Атап өтсек, облыста елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2022-2025 жылдары 40 саябаққа жөндеу жүргізілсе, биыл 7 парк, 1 сквер, 4 аллея жөндеуден өткізілуде. Жалпы, облыс құрылғаннан бері Талдықорған қаласында, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарында 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынды.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында «Тасбақа», Сарқанда «Қойтас», Текеліде «Серкесай» экопарктері құрылды. Төртінші экопарк ретінде Қапалдағы «Тамшыбұлақты» дамыту қолға алынбақ. Оларды құрудағы мақсат - Жетісуда экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамыту, сондай-ақ өңірдің табиғи және тарихи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында бір күнде бес елді мекенге табиғи газ берілді. Сөйтіп, Панфилов ауданының тағы 1500-ге жуық тұрғыны көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарына жалпы ұзындығы 58 км газ құбыры тартылды.
Алдымен Ақарал ауылында газ беру салтанатты шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады:
- Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі. Атап айтқанда, 110 елді мекен газдандырылып, 467,0 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар 16 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда Талдықорғанға дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында іске асырылды. Жыл соңына дейін облыста газдандыру деңгейі 74 %-ға жетеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, - деді Ә.Қанағатов.
Мұнан соң ресми түрде көгілдір отынның қосылғанын білдіретін газ алауын жағу рәсімі атқарылды.
Ауыл тұрғындары бұл айтулы жаңалыққа ризашылығын білдірді.
- Бұл ауылда тұрғаныма он жыл болды. Екі жыл бұрын осы жаңа үйге көшіп келдік. Үш баламыз бар. Бүгін ауылымызға газ келіп, қуанып жатырмыз. Енді бұрынғыдай көмір тасып, от жағып, күл шығармаймыз. «Балалар тоңып қалмады ма, үйдің іші суып қалған жоқ па» деп уайымдамай, жұмысымызға алаңсыз барып келетін болдық. Газ келгені әсіресе балалар үшін жақсы болды, - дейді Ақарал ауылының тұрғыны Раушан Кариева.
Бұл ретте Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметінше, 40 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Соның ішінде Жаркент қаласына газ құбыры бірнеше жыл бұрын тартылған. Өткен жылы Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек, Ақкент ауылдарына табиғи газ берілсе, биыл тағы 5 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Қалған 15 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 60,7 мың тұрғыны табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, 6 елді мекенді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Тұрпан, Садыр, Диқанқайрат ауылдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптаманың қарауында. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу 2027 жылға жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Талдықорған қаласында жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Атап айтқанда, «Талдықорған қаласындағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау, I кезең, диаметрі 700 мм» жобасы бойынша Жансүгіров көшесіндегі №3 сорғы станциясынан Гагарин көшесіне дейінгі учаскеде жұмыстар жүргізілді. Жоспарланған 3,5 шақырымның орнына 3,5 шақырым желі жаңартылып, жұмыс көлемі 100%-ға орындалды.
Сондай-ақ Біржан сал көшесінің бойындағы, Назарбаев даңғылынан Жабаев көшесі бағытындағы диаметрі 400, 300 және 250 мм жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоспарланған 1,02 шақырымның барлығы орындалып, жұмыс көлемі 100%-ды құрады.
Осылайша, Талдықорған қаласында екі жоба аясында жалпы ұзындығы 4,52 шақырым жылу желісінде жұмыстар жүргізілді.
Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаменті 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына электр және жылумен жабдықтау нысандарының дайындығына мониторинг жүргізуде.
Дереккөз: ҚР Энергетики министрлігінің ресми сайты
Талдықорғанда ұлттық жоба аясында 4,5 шақырым жылу желісі жаңартылды
Жетісу облысы Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақты» «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экопарк ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі төртінші экопарк болмақ. Ол жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы, туризм саласы – облыс экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Өңір басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 50,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 23,1 млрд теңге қарастырылды, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 17,8 млрд теңгеге 23 демалыс аймақтары салынуда. Туристердің жайлы демалысы үшін қажетті инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Алакөл жағалауын нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту қондырғыларының (КОС) құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Көл жағалауында коммуналдық жағажайлар салынуда, осындай 3 жағажай болады. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту жұмыстары атқарылады.
Ал экологиялық туризмді дамыту бағытындағы үлкен жоба – Ескелді ауданында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады.
- Ақсу ауданында да туризм саласын дамытуды қолға алу қажет. Әсіресе, таулы және экологиялық туризм бағыттарын жандандыру арқылы ауданның туристік әлеуетін арттырып, аудан экономикасын көтеруге толық мүмкіндіктер бар. Осы бағыттағы перспективалы нысандардың бірі – Қапал ауылында орналасқан «Тамшыбұлақ» табиғи нысаны. Аталған нысанға келушілерге қажетті жағдай жасау және туристік маршруттарға енгізу мәселелерін қарастыру қажет. Сметасын әзірлеңіздер. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Тамшыбұлақ» эко-паркін қолға аламыз, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бұған дейін 3 экопарк - «Қойтас», «Тасбақа» және «Серкесай» құрылған болатын. Болашақта «Тамшыбұлақ» экопаркі солардың қатарына қосылмақ.
Жалпы, облысқа жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушылар Ақсу ауданындағы әйгілі Тамшыбұлақ бұлағының маңына 35 шырша отырғызып, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған облыстық жобаны бастап берді. Ағаш отырғызу шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Қапал орман шаруашылығының қызметкерлері де қатысты.
«Jetisy jastary» директоры Арнай Байжұрыновтың айтуынша, жоба көрікті жерлердің тазалығын сақтауға, тарихи мұраны насихаттауға және облыстың көрікті орындарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Іс-шара бағдарламасы аясында келушілерге бұлақтың тарихы мен мәдени құндылығын таныстырылды.
Акцияға қатысушылардың бірі, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Диана Абуталипова әсерін бөлісті. Ол бұл іс-шараның түрлі мәдениет өкілдері мен әр буынның басын қосқанын айтады. Сондай-ақ ол туған ауылының біртіндеп көркейіп, абаттанып, туристер үшін тартымды бола түскенін атап өтті.
- Отырғызылған шыршалар уақыт өте келе табиғи ландшафтың бір бөлігіне айналады әрі біздің бірлесіп жасаған еңбегімізді еске салып тұрады. Мұндай бастамалар табиғатқа қамқорлық нақты істерден басталатынын көрсетіп берді. Ал табиғи мұраны сақтау әр адамның атсалысуын қажет етеді, - деді ол.
«Жетісудың 7 қазынасы» жобасы арқылы Жетісудың табиғи және тарихи ескерткіштерін насихаттау жұмысы жалғастырылады. Жобаның басты мақсаты - туған өлкенің байлығына қоғам назарын аударып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылатын мұраларымызға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Биылғы жылдың соңына дейін Жетісу облысында табиғи газбен қамтылған адам саны 518 мыңға жетеді. Бұл ретте Ақсу ауданының 31 ауылына газ тарту жұмыстары биыл басталады. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді газдандыру жобалары аяқталғаннан кейін өңірді газдандыру деңгейі 93,8%-ға жетеді. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, облыс құрылғанға дейін тек 5 елді мекен немесе халықтың 27%-ы ғана газ тұтынған болатын. Бүгінде Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда, Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен табиғи газға қосылған, жыл соңына дейін тағы 16 ауылда жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде бұл көрсеткіш 74%-ға жетеді.
- Өткен жылы «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Биыл осы жұмыстарды бастауға Инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы қаржы қарастырылды. Соның ішінде Ақсу ауданының 31 ауылында газ тарту жұмыстарын биыл бастаймыз, келесі жылы аяқталады - деді Бейбіт Исабаев.
Сол сияқты кездесу кезінде өңір басшысы ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Биыл облыста 11 елді мекенде жұмыстар жүргізілуде, жыл соңына дейін 8 елді мекенде аяқталады, 3 елді мекендегі жұмыстар келесі жылға өтпелі. Соның ішінде Ақсу ауданында орталық ауыз сумен қамту көрсеткіші - 99,7%. Биыл Бәйтерек, Алтынарық, Қопа, Ақтоған ауылдарындағы су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте Бейбіт Исабаев Жансүгіров ауылынның тұрғындары үшін 3 ұңғымадан су алынып отырғандықтан, мекеменің электр энергиясын тұтыну шығындарын азайту мақсатында және тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін келесі жылы облыстық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылып, күн панельдерін орнату жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Атап өтсек, қазіргі таңда облыстағы елді мекендердің 93% таза ауыз сумен қамтылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай
Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш ауданда орталық саябақты жөндеу қолға алынды. Соның бірі Ақсу ауданында орналасқан, яғни Жансүгіров ауылындағы бұл нысанда қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Орталық саябақтың күрделі жөндеуі келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қаратал, Көксу және Ақсу аудандарында саябақтарды жөндеу қолға алынған.
- Жансүгіров ауылындағы қараусыз қалған, жалпы алаңы 21 гектар алқапты алып отырған саябақты екіге бөлуге шешім қабылдадық. 10 гектарын демалыс орнына қалдырып, қалғанына ауданға қажетті заман талабына сай стадион салуды жоспарлап отырмыз. Саябақты күрделі жөндеу жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен бастапқы қаржы бөлінді. Қалған қаражатты келесі жылы қарастырамыз. Саябақтың құрылысын келесі жылы аяқталуы тиіс. Стадионның жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Құжаттарын дайындап, тиісті өтінім ұсыну қажет. Аудан әкіміне аталған жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді Б. Исабаев.
Өңір басшысы ақсулықтармен кездесуінде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, балалар мен спорт алаңдарын салу және абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Ақсу ауданында биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделуде, тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Ал өткен жылы Матай, Қызылағаш Жансүгіров ауылдарындағы 16 үйдің шатыры мен қасбеті, аулалары жаңарған болатын. Сол сияқты 2025-2026 жылдары Матай, Көлтабан, Көшкентал, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарында 40 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1300-ден астам дана көше жарық шамдары орнатылды.
Жансүгіров ауылында тұрғын үйлері абаттандырылған тұрғындар пікір білдірді.
- Бұрын біз тұратын көпқабатты үйлер жүдеу тартып, сырты тозып тұрған. Қазір абаттандырудың арқасында қабырғасы жаңарып, шатыры ауыстырылды. Жаңа үйден кем емес болды. Осы шараларды атқаруға атсалысқан азаматтардың бәрен алғыс айтамыз, - деді Мұратхан Жұманов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.
- Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.
Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі - Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.
- Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, - деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.