GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Цифрландыру
16 октября 2026
Jetisu Digital Forum 2026: Жетісуда жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдану мәселелері талқыланды

Жетісу облысында цифрлық шешімдер мемлекеттік басқару, жер ресурстары мен инфрақұрылымды мониторингілеу, инвестицияларды қолдау, білім беру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және IT-мамандарды даярлау салаларында қолданылады. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымы дамып, халықтың цифрлық сервистерге қолжетімділігі кеңейіп келеді. Осы және өзге де мәселелер Талдықорғанда өткен «JETISU IN THE AGE OF AI» – «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» форумында талқыланды. Форумға Yandex, Google компанияларының өкілдері, сондай-ақ Түркия, Қытай, Үндістан, Испания елдерінен және Астана мен Алматы қалаларынан келген IT саласының спикерлері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Форум жасанды интеллектіні дамыту перспективаларын талқылау, тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдардың, IT-индустрияның, бизнес пен білім беру саласының өкілдерінің басын қосты.

Форумды ашқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Егінбаев өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды құттықтады.

-  Жетісу облысының цифрлық трансформациясының негізі қаланды, жаңа жобалар мен даму бағыттары пайда болуда. Қазіргі кезеңде облыс әкімінің қолдауымен жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдану аясын кеңейту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, болашақ мамандарды даярлау бағытында жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі форум тәжірибе алмасуға, перспективалы бастамаларды талқылауға, өңірдің цифрлық дамуына жаңа серпін беретін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады деп сенемін, – деп атап өтті Н. Егінбаев.

Жиында жасанды интеллектіні дамыту мен технологиялық шешімдерді енгізуге арналған «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» атты панельдік сессия өтті.

Жетісу облысындағы цифрлық шешімдер туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев баяндады.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бері жер ресурстары мен инфрақұрылым нысандарын бақылауға мүмкіндік беретін «Smart Jetisu» өңірлік геоақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар мен өнеркәсіп нысандары қамтылған инвестициялық карта бар. Биыл жыл басынан бері E-Jetisu жүйесі арқылы мектепке дейінгі білім беру саласында 29 мыңнан астам өтініш өңделген. Ал коммуналдық қызметтер, қалалық инфрақұрылым және тұрмыстық мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай 109 байланыс орталығына 17 мыңнан астам өтініш түсті.

– 2025 жылдан бастап Жетісу облысында 65 аналитикалық кейсі бар ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қауіпсіздік саласында 25 мыңнан астам бейнекамера пайдаланылып, халықтың 90%-дан астамын қамтитын Mass Alert ерте хабарлау жүйесі енгізілді. IT-мамандарды даярлауға «Jetisu Digital» IT-хабы мен «Tomorrow School» кампусы үлес қосып келеді. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс елді мекендерінің 97,7%-ы интернет желісіне қосылған, – деді А. Темірбаев.

«Target AI» компаниясының бас директоры Дамир Жаримбетов өңірде қолданылып жатқан компанияның цифрлық шешімдері туралы айтып берді.

– Өңірде платформаға 1,5 мыңға жуық бейнекамера қосылған. Мектептердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Біз цифрлық технологиялардың Жетісу тұрғындарына нақты пайда әкелгенін қалаймыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қарапайым бейнебақылау камералары арқылы оқушыларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға мүмкіндік беретін модуль әзірледік. Келер жылы бұл шешімді облыстағы барлық мектепке енгізе аламыз деп үміттенеміз, – деді ол.

Панельдік сессияға қатысушылар жасанды интеллектінің кәсіби даму мен білім берудегі рөлін талқылай отырып, мектеп оқушыларына, IT саласына енді қадам басқан және жас әзірлеушілерге оқу, жазу, математика және аналитикалық ойлау дағдыларына ерекше көңіл бөлуді ұсынды. Бұл дағдылар жасанды интеллектіні одан әрі тиімді қолданудың берік негізін қалайды. Ал кәсіби тұрғыда қалыптасқан мамандарға жасанды интеллектіні жұмыс үдерістерін жеделдету мен еңбек тиімділігін арттыру үшін пайдаланған маңызды.

Жаңа технологияларды енгізудің практикалық тәсілдері туралы «Tech Lead Kolesa Group» компаниясының басқарушы директоры Амангелді Қадыл баяндады. Ал Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының GR-директоры Әсел Абақова «Жасанды интеллектінің жолын ашу. Қазақстанның AI-экожүйесін дамыту» тақырыбында сөйледі.

Бағдарламаның тағы бір бөлімі кәсіпкерлікті цифрландыруға арналды. Онда Жетісу облысындағы бірқатар компаниялардың негізін қалаушылар цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті. «Google DevFest» аясында «Google Developer Experts» халықаралық сарапшылары сөз сөйледі. Форум соңында стартап-командалар қазылар алқасы мен инвесторларға өз жобаларын таныстырды.

Форум аясында жетекші IT-компаниялар өздерінің технологиялық өнімдері мен инновациялық әзірлемелерін ұсынған көрме де ұйымдастырылды.

Сонымен қатар іс-шара барысында өңірдің цифрландыру саласын дамытуға үлес қосқан мамандар мен компания өкілдері марапатталды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

Цифрландыру
09 октября 2026
AI-Sana: Жетісу университетінде AI-DOS дауыстық көмекшісі әзірленді

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің инженер-бағдарламашысы Бекзат Тоқтаған университет туралы ақпаратты жедел ұсынуға арналған AI-DOS дауыстық көмекшісін әзірледі. Цифрлық көмекші ауызша сұрақтарды қабылдап, университет туралы ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілінде ұсынады.

Көмекші құралдың білім базасы университетте қолданыстағы құжаттар негізінде қалыптастырылған. Бұл жүйенің тез әрі нақты ақпарат ұсынуына мүмкіндік береді. Егер пайдаланушының сұрағы білім базасында қамтылмаған болса, AI-DOS интернеттен қажетті мәліметті іздеу функциясына жүгінеді.

«Жоба идеясы тәжірибелік қажеттіліктен туындады. Ауқымды іс-шаралар кезінде қатысушыларға университет туралы ақпарат беріп, кампус аумағында бағыт-бағдар көрсету үшін көптеген қызметкерді жұмылдыруға тура келеді. Ал AI-DOS дауыстық жасанды интеллект ассистентіне ауызша сұрақ жолдау жеткілікті. Жүйе сұраққа сіз таңдаған тілде жауап береді. Осылайша университетке келген қонақтар, білім алушылар мен талапкерлер қажетті ақпаратты жылдам алады. Бұл құрылғы, әсіресе, шетелдік қонақтар мен білім алушылар үшін тиімді», – дейді жоба авторы Б.Тоқтаған.

AI-DOS университеттің білім беру және ғылыми қызмет бағыттары, студенттерге арналған мүмкіндіктер, спорттық секциялар, университеттік іс-шаралар мен цифрлық сервистер, соның ішінде Smart Zhetysu жүйесі туралы ақпарат ұсынады. Сонымен қатар қабылдау комиссиясына жиі қойылатын сұрақтарға, атап айтқанда, білім беру бағдарламалары бойынша оқу ақысы, оқуға қажетті құжаттар, факультеттер мен мамандықтар жөнінде жауап береді.

Жобаның техникалық негізін OpenAI API технологиялары құрайды. Жүйеде сөйлеуді тану, жауапты қалыптастыру және мәтінді дыбыстау үшін арнайы жасанды интеллект модельдері пайдаланылған. Оларды таңдау кезінде жұмыстың жылдамдығы мен экономикалық тиімділігі ескерілген. Атап айтқанда, типтік сұрақтарға жауап беру үшін ресурсты көп қажет ететін модельдер емес, жылдам әрі шығыны төмен mini санатындағы модельдер таңдалған. Жауаптың ұзақтығы да жүйе деңгейінде шектелген. Бұл токен шығынын азайтып, пайдаланушының сұрағына жауап беруді жеделдетуге мүмкіндік береді. Серверлік бөлігі Python және Flask негізінде, визуалды бөлігі Unity платформасында әзірленген. Жасанды интеллект қызметтеріне қатысты токендер пайдаланушы жүйеге нақты сұраныс жасаған кезде ғана жұмсалады.

Жоба тәжірибелік сынақтан да өтті. AI-DOS университет ұйымдастырған іс-шараларда қатысушылардың сұрақтарына жауап беру үшін қолданылып, қабылдау науқаны кезінде талапкерлермен жұмыс барысында апробациядан өтті.

AI-DOS дауыстық көмекшісі университеттің цифрлық экожүйесін дамытуға, ақпаратты қолжетімді етуге және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде практикалық тұрғыдан қолдануға бағытталған.

Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты

AI-Sana: Жетісу университетінде AI-DOS дауыстық көмекшісі әзірленді

08 октября 2026
Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен (ЖОМС) қамтуды кеңейту және жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Мемлекеттік аннуитеттік компания өз сайтында жұмыс берушілерге кеңсеге бармай-ақ, менеджердің көмегіне жүгінбей, ЖОМС шартын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа онлайн-сервисті іске қосты.

Енді шартты рәсімдеудің барлық кезеңін онлайн режимде жүзеге асыруға болады: тіркелу, қажетті мәліметтерді енгізу, сақтандыру құнын есептеу, шартты қалыптастыру және оған қол қою. Құжаттар мен анықтамалар белгіленген талаптарға сәйкес тікелей портал арқылы жүктеледі.

Мәліметтердің белгілі бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде алынады. Қалған ақпаратты жұмыс беруші өзі енгізеді. Шартқа қол қойылғанға дейін енгізілген мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетуге мүмкіндік қарастырылған.

Шарт жасасу үшін заңды тұлғаның жарамды электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Негізгі рәсімдердің барлығы бір сайтта жүзеге асырылады, бұл ретте басқа сервистерге өтіп қажет емес.

«Онлайн-сервистің іске қосылуы, ең алдымен, жұмыс берушілер үшін сақтандыру рәсімін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған. Рәсімді цифрлық форматта өз бетінше жүзеге асыру уақытты үнемдеуге және кеңсеге бармай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Олжас Ашкеев.

Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – қызметкерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерінің бірі. Заңнамада көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдері еңбекке қабілеттіліктен айырылуға байланысты келтірілген зиянды өтеуді, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға арналған заңда белгіленген шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты қызметкерлерді сақтандыру Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен шамамен 3,5 млн қызметкер қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 млн 130 мың адамға артық.

2026 жылдың соңына дейін ЖОМС шарттарын жасасқан жұмыс берушілердің санын 130 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Цифрлық сервистің іске қосылуы жұмыс берушілерге қызметін жүзеге асыратын өңіріне қарамастан, сақтандыру шарттарын рәсімдеуге қосымша мүмкіндік береді.

Министрлік өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы жұмысты да жалғастыруда. Осы мақсатта кәсіпорындардың қызметін бақылауға арналған цифрлық құралдар қолданылып, жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесі жетілдірілуде.

Осылайша, ЖОМС рәсімдеу үдерістерін цифрландыру жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталса, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндірістік жарақат алу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет ресурсы

Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады

Цифрландыру
06 октября 2026
Робототехникадан 3D-модельдеуге дейін: Жетісуда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қысқа мерзімдік курс ашылды

Жетісу облысында ерекше қажеттілігі бар балалар инновациялық технологияны меңгеру бағытында оқытыла бастады. «Future-IT» робототехника мектебінде ұйымдастырылған қысқа мезімдік курстарда жас тыңдаушыларға робототехника, 3D-модельдеу, лазерлік технология үйретілуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Аталмыш курсты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен «QRobotics foundation» қоғамдық қоры тегін өткізіп отыр.

«Future-IT» робототехника мектебінің директоры Дамир Нұркежановтың айтуынша, мұнда есту, сөйлеу қабілеттері, тірек-қимыл аппараты бұзылған 5 жастан 18 жасқа дейінгі кем дегенде 25 бала оқытылмақ, оқыту ұзақтығы – 36 сағат. Балалар жас ерекшеліктері мен робототехника саласындағы дағдыларына қарай топтарға бөлінген. 5-8 жас аралығындағы кіші жас тобына әрқайсысы 1,5 академиялық сағаттан 24 сабақ өткізіледі. Ал 9-18 жас аралығындағы жоғары жас тобына әрқайсысы 3 академиялық сағаттан тұратын 12 сабақ қарастырылған. Курстардың ұзақтығы 90 күн шамасында. Әр қатысушы 3D-принтерде кемінде үш бұйым ал лазермен кесу әдісімен бір бұйым дайындайды. Жеке сүйемелдеу, тапсырмаларды кезең-кезеңімен түсіндіру, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру да қарастырылған.

- Өзім І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің физика-математика факультетін бітірдім. Осыдан жеті жыл бұрын осы мектептің негізін қаладым. Менің басты мақсаттарымның бірі – инклюзивті оқытуға жағдай жасау болды. Өзімнің жеке өмірлік тәжірибем ерекше қажеттілігі бар балаларға қолжетімді курстарды ұйымдастыру талпынысыма үлкен себеп болды. Жобаның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың заманауи цифрлық және инженерлік технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың әлеуметтенуіне және ерте кәсіби бағдар алуына жағдай жасау. Оқыту үш бағыт бойынша - робототехника және бағдарламалау, 3D-модельдеу және жоғары жылдамдықты технологиялар, лазерлік технологиялар бойынша жүргізіледі. Білім беру процесі әр баланың жас ерекшелігіне, жеке білім алу қажеттіліктеріне және материалды меңгеру қарқынына қарай бейімделеді, - деді Дамир Нұркежанов.

Сабақтарды робототехника, бағдарламалау және цифрлық өндіріс салаларында кемінде үш жылдық тәжірибесі бар төрт бейінді маман жүргізеді. «Бізге курсқа келген балалардың арасынан біреуі болса да робототехникаға шын қызығып, өз бағдарламаларын жаза бастаса, өмірде жетістікке жетсе – бұл үлкен жетістік» – дейді мамандар.

Талдықорғандық Гүлнар Асанова мұнда немересі Әлинұрді алып келді.

- Әлинұр 10 жаста. Робототехникамен бұрыннан жақсы таныс. Бұл  курстар баланың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілетін дамытуға өте пайдалы. Әлинұрға балалармен бірге білім алған ұнайды, - дейді Г. Асанова.

Атап өтсек, курс аяқталғаннан кейін қалалық инклюзивті робототехника турнирі өткізіледі. Турнирде «Роботтар сайысы» және «Кегльдерді шығарудың уақыт бойынша есептеу» бағыттарында жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылардың бәріне сертификат, диплом мен медаль табысталады.

Әрине, мұндай жобалар ерекше қажеттіліктері бар балаларға мемлекеттің оларға деген қамқорлығын сезінуге мүмкіндік беріп, тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру жолында тағы бір маңызды қадам жасауға жол ашады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынды 

Цифрландыру
06 октября 2026
«Digital Qazaqstan»: Жетісуда облыс орталығының тіршілігін басқару орталығын құру жоспарлануда

Жетісу облысында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында Талдықорған қаласының инфрақұрылымын қадағалауды орталықтандыру және қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін Қаланың тыныс-тіршілігін басқару орталығын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жалпыұлттық стратегияға сәйкес мемлекеттік басқару, әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялау және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жобалар іске асырылуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметіне қарағанда, мемлекеттік басқару саласында халықпен өзара іс-қимыл жасау және деректер негізінде шешім қабылдаудың цифрлық құралдары енгізілген. «Қызмет-109» бірыңғай байланыс орталығы, облыстық ахуал орталығы жұмыс істейді.

Цифрлық экономика үшін кадрлық және инновациялық база қалыптастырылуда.

- «Jetisu Digital» IT Hub базасында Samsung Innovation Campus бағдарламасы бойынша 300-ден астам адам оқытылып, әртүрлі салалардағы 10 стартап-жобаға сүйемелденуде. Жуырда Талдықорған қаласында Tomorrow School кампусы ашылды. Алғашқы қабылдауға 600-ден астам өтінім түсіп, 70-тен астам адам оқуға қабылданды, 28 қыркүйекте оқудың екінші легі басталды, - деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев.

Цифрландыру денсаулық сақтау саласындағы медициналық процестерге де тікелей енгізілуде. Ауруханалардың бәрі PACS жүйесімен интеграцияланған, «Жетісу», «ДамуМед», «Көмек 103» медициналық ақпараттық жүйелері жұмыс істейді. Облыстың 3 медициналық ұйымында КТ-ны талдау және инсультті ерте анықтау бағытындағы CEREBRA AI жүйесі енгізілді. 32 қабылдау бөлмесі бейнебақылаумен толықтай қамтамасыз етіліп, «Смарт-жетон», «Суық тізбек» жүйесі және телемедицина кешендері енгізілді.

Қауіпсіздік және Smart City бағытында зияткерлік бейнемониторинг жүйелері кеңейтілуде. Облыс жолдарында 579 камерасы бар 137 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді, ал биыл «Target-EYE» жүйесі кеңейтілген.

Оған қоса цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасуда. Оосы мақсатта 2026–2027 жылдары талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу арқылы 160 ауылдық елді мекенді Интернетке қосу жоспарлануда. Атап өтсек, бүгінде облыстың 356 елді мекенінің 348-інде немесе 97,7% Интернет бар.

Осылайша, Жетісу облысында «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жұмыстары мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, IT-мамандар даярлау және цифрлық инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі бағыттарды қамтып отыр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды

06 октября 2026
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізілуде

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оларды азаматтарға ыңғайлы ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осы мақсатта медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекте ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ.

Электронды кезек жобасы алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін бұл сервис Алматы қаласында да енгізілді.

2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жазылуға болады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет.

Азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы керек. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу сәтті аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Белгіленген қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.

Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.

Электронды кезек жүйесі медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуді жеңілдетіп, азаматтардың күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоба екі өңірде іске асырылғаннан кейін оның нәтижелері сараланып, электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралмақ.

Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсы

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізілуде

Цифрландыру
Интернетпен қамтамасыз ету
30 сентября 2026
Qazaqstan IGF 2026: Национальный форум по управлению интернетом пройдет в Алматы

IV Qazaqstan IGF 2026: Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форум – Қазақстандағы цифрлық кеңістік пен киберқауіпсіздікті дамытуға ықпал ететін жыл сайынғы ірі іс-шара. Форум 2026 жылдың 14 қазанында Алматы қаласындағы SmArtPoint IT-хабында өтеді.

Дәстүр бойынша, Qazaqstan IGF Қазақстандағы интернетті басқару мәселелері бойынша ашық әрі нәтижелі диалог орнату үшін мемлекеттік органдар, бизнес және IT-қоғамдастық, азаматтық сектор және академиялық орта өкілдерін біріктіреді.

Биыл форумның басты назарында, Цифрлық кодексті іс жүзінде қолдану, жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалану, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау және елдің интернет-инфрақұрылымының орнықты дамуын нығайту мәселесі.

Форумның негізгі тақырыптары:

  • Жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану
  • Интернеттегі балалардың қауіпсіздігі
  • Парламенттік бастама: Цифрлық кодексті іске асыру
  • Қазақстандағы цифрлық активтерді реттеу
  • «Цифрлық құқықтардың сақталуы рейтингі – 2026» нәтижелерінің таныстырылымы
  • Интернетті көп тарапты басқару – орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру тәсілі және басқа да мәселелер.

«Цифрлық экономикаға арналған цифрлық мамандықтарды даярлау» сессиясы аясында Киберқұқық мектебінің сарапшылары «Заңгерлерге арналған ЖИ» атты жаңа курсты таныстырады. Курс мамандарға IT-жобалар мен жасанды интеллект технологияларын құқықтық сүйемелдеу үшін қажетті алгоритмдермен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын береді.

Qazaqstan IGF 2026 ұйымдастырушылары: «Eurasian Digital Foundation» қоры және «Қазақстанның цифрлық құқықтар орталығы» заң фирмасы. Форум Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшылығының ресми қолдауымен, Freedom Holding Corp., Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Maqsut Narikbayev University және «BlockchainKZ» қауымдастығымен серіктестікте өткізіледі. Форумға Алматы қаласында офлайн қатысуға немесе онлайн трансляцияға қосылуға болады.

Форумға тіркелу үшін Qazaqstan IGF сайтына кіріңіз. Онлайн трансляция қарастырылған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1301557?lang=kk

 

 

Цифрландыру
IT жобаларды енгізу
29 сентября 2026
Астанада KazHackStan 2026 киберқауіпсіздік конференциясы басталды

 

Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және AI MONTH 2026 аясында киберқауіпсіздік бойынша халықаралық KazHackStan 2026 конференциясы өз жұмысын бастады.

Екі күн ішінде конференцияға 7 елден 10 мың адам қатысады. Қазақстандық және шетелдік 100-ден астам сарапшы сөз сөйлейді. Биылғы негізгі тақырып – киберқауіпсіздікке төзімділік.

Конференцияның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қазіргі таңда мемлекеттік басқару, экономика және азаматтардың күнделікті өмірі цифрлық жүйелердің тұрақтылығына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік басқару, экономика және азаматтардың күнделікті өмірі цифрлық жүйелердің тұрақтылығына байланысты. Жасанды интеллект киберқауіптердің ауқымы мен таралу жылдамдығын арттырып отыр. Сондықтан оларға төтеп бере алатын тұрақты жүйелерді қалыптастыру аса маңызды. Қазақстан киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесін қалыптастыруда. «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды, аса маңызды 400-ден астам цифрлық нысан айқындалды, киберқауіпсіздік бойынша 40-тан астам жедел әрекет ету орталығы жұмыс істейді. Цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллект неғұрлым жылдам дамыған сайын, олардың қорғалуына қойылатын талаптар да арта түседі. Бүгінде киберқауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікке, мемлекеттің және экономиканың тұрақтылығына, сондай-ақ азаматтардың сеніміне тікелей қатысты. Мемлекет, бизнес, ғылыми және кәсіби қауымдастық бірлесіп әрекет етуі қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Халықаралық электр байланысы одағының Global Cybersecurity Index индексінде Қазақстан Tier 2 деңгейіне кіреді. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір Tier 1 деңгейіне өту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жаслан Мәдиев бес негізгі бағытқа назар аударуды ұсынды. Олар: жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалану, посткванттық қорғанысқа дайындық, халықаралық техникалық өзара іс-қимыл, кадр даярлау және кибермәдениетті дамыту, отандық шешімдерді дамыту. Сонымен қатар посткванттық криптографияға көшу бойынша ұлттық жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Конференцияның алғашқы күнінде азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, дербес деректердің таралып кетуі, дипфейктер және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелері талқылануда. Негізгі залда «Қазақстанның кибертұрақтылығы: мемлекет, технологиялар және ортақ жауапкершілік» тақырыбында панельдік сессия өтеді. Сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік багхантерлеріне CyberNomad Awards марапаттары табысталады.

Сонымен қатар Government, Cyber Resilience және OSINT & Forensics бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар өтуде. Government бағыты аясында Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығының отырысы ұйымдастырылады.

Бүгін практикалық киберқауіпсіздік бойынша CyberKumbez жарысы және Қазақстан құрамасының Италияда өтетін Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық ICO 2027 олимпиадасына қатысатын мектеп оқушыларын іріктеу кезеңі де басталды. Финалдық кезеңдер конференцияның екінші күні, ертең өтеді.

30 қыркүйекте конференцияның екінші күні – Secure Development & Hack Day өтеді. Қатысушыларды қазақстандық және халықаралық сарапшылардың техникалық баяндамалары, кибершабуылдар мен олардан қорғану әдістерінің көрсетілімдері, нақты осалдықтар мен киберинциденттерді талдау күтеді.

Қонақтарға арналған көрме аймағында қазақстандық және халықаралық компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы өнімдері мен технологияларын таныстырады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1300938?lang=kk

 

 

 

Цифрландыру
Интернетпен қамтамасыз ету
29 сентября 2026
Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды

 

 

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан Starlink Mobile компаниясымен бірлесіп Direct to Cell технологиясы арқылы спутниктік мобильді байланысты іске қосады. Бұл технология жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде үйлесімді смартфон арқылы байланыс қызметтерінің жекелеген түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Starlink Mobile технологиясын енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылды. Сол жылдың қараша айында Министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ал желтоқсан айында алғашқы практикалық сынақтар өткізілді.

«2025 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік байланысын енгізу жөнінде келісімге келді. Бүгінде сол келісімнің нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпей, үйлесімді смартфонды Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктеріне тікелей қосуға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі мүлдем жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырып, шалғай аудандарда, қала сыртындағы трассаларда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қосылу жерүсті байланысы болмаған жағдайда және спутникпен байланыс орнатуға қажетті жағдайлар болған кезде мүмкін болады.

Қазақстанның аумағы кең екенін ескерсек, спутниктік мобильді байланысты дамыту ерекше маңызға ие. Технология шалғай және жетуі қиын жерлерден хабарлама жіберуге, сондай-ақ жерүсті инфрақұрылымы зақымданған жағдайда байланыста болуға қосымша мүмкіндік береді. Бұл қызмет туристерге, шалғай елді мекендердің тұрғындарына, жол және коммуналдық қызметтердің қызметкерлеріне, елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға пайдалы болуы мүмкін.

«Beeline Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде біз байланыс пен жаңа технологияларды дамытуға тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі, ал қашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту - елдің бәсекеге қабілеттілігі мен өмір сүру сапасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», - деді қазақстандық кәсіпкер, «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

«Спутниктік мобильді байланысты іске қосу - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Beeline Қазақстан командасының және Starlink мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Beeline Қазақстанда бұл технологияны алғаш болып іске қосып отыр. Ол мобильді байланыстың мүмкіндіктерін қолданыстағы қамту аймағынан тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұзақ әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі енді қазақстандықтардың күнделікті пайдалануына қолжетімді. Біз бұрын байланыста болу мүмкін болмаған жерлерде де байланыста қалуға мүмкіндік беретін қарапайым әрі жаңа байланыс деңгейін ұсынамыз», - деді Beeline Қазақстан компаниясының CEO-сы Джаббор Каюмов.

Жоба Министрлік, Beeline Қазақстан және Starlink компанияларының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылуда. Ынтымақтастықтың тағы бір негізі - Beeline Қазақстанның бақылау пакетін иеленетін VEON тобы мен Starlink арасындағы жаһандық негіздемелік келісім.

Технологияны қалай пайдалануға болады

Қазіргі кезеңде қызметке Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғылар арқылы қосылуға болады. Алдағы уақытта басқа операциялық жүйелерді қолдауды кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңартып, қосымшада Starlink қызметін іске қосу және телефон баптауларынан деректер роумингін қосу қажет. Жерүсті байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады: Beeline Starlink. Кей жағдайда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1299787?lang=kk

 

Цифрландыру
24 сентября 2026
Астанадағы Халықаралық HackAlem AI хакатоны GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты

Астанада өтіп жатқан AI Month аясында HackAlem AI хакатоны қатысушылар саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты.

HackAlem AI 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында орнатылған алдыңғы әлемдік рекордтан асып түсті. Сол кезде Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға 2 089 қатысушы жиналған болатын.

«Хакатон басталғанға дейін мен бұл рекордтың бұған дейін орнатылғанын айтқан едім. Оны өткен жылдың желтоқсан айында Үндістанда Google компаниясы орнатып, оған 2 089 адам қатысқан. Менің міндетім іс-шараның өту барысын бақылап, стюардтар және тәуелсіз куәгерлермен бірге Guinness World Records талаптарының толық сақталғанына көз жеткізу болды. Біз хакатонға нақты қатысқан, қажетті талаптарды орындаған және белгіленген уақыт бойы алаңда болған қатысушыларды ғана есепке алдық. Қатысушылардың барлық деректері мен жұмыстарын тексергеннен кейін HackAlem AI нәтижесі 2 415 адам болғанын ресми түрде жариялай аламын. Сіздер Guinness World Records жаңа әлемдік рекордын орнаттыңыздар!» — деп GUINNESS WORLD RECORDS ресми төрешісі Гленн Поллард мәлімдеді.

«GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнату — Қазақстанның технологиялық қоғамдастығының ортақ жетістігі және еліміздің жоғары әлеуетінің дәлелі. HackAlem AI озық технологияларды қолдана отырып, экономиканың нақты міндеттерімен жұмыс істеген мыңдаған дарынды әзірлеушіні, студентті және жас маманды біріктірді. Біз үшін мұнда жасалған жобалардың идея мен прототиптен бастап пилоттық жобаға және нақты енгізуге дейінгі жолын жалғастыруы маңызды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаһандық технологиялық күн тәртібіне қатысып қана қоймай, оны қалыптастыруға да қабілетті екенін көрсетеді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай өтіп жатқан AI Month аясында ұйымдастырылды», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев. 

Әлемдік рекорд GUINNESS WORLD RECORDS талаптарына сәйкес орнатылды. Қатысушылар тіркеуден және сәйкестендіруден өтті, олардың алаңға кіріп-шығуы жеке бейдждерді сканерлеу арқылы тіркелді. Әр секторда ережелердің сақталуын стюардтар бақылап отырды. Қорытынды нәтижеге белгіленген талаптарды орындаған және хакатон барысында жобалармен тікелей жұмыс істеген қатысушылар ғана енгізілді.

«Бүгін Қазақстан Guinness World Records әлемдік рекордын орнатты. Бұл нәтижеге ең алдымен адамдар, біздің жас әзірлеушілеріміз, студенттеріміз және AI энтузиастары үлес қосты. Мыңдаған қатысушы Астанаға жиналып, бірнеше сағат ішінде өз идеяларын нақты AI шешімдеріне айналдырды. Біз үшін бұл рекорд HackAlem AI ауқымының көрсеткіші ғана емес, Қазақстанда және өңірде мықты технологиялық қоғамдастық пен таланттардың жаңа буыны қалыптасқанын да көрсетеді. Біз олар үшін жаңа мүмкіндіктер жасап, жаһандық технологияларға, білімге және серіктестікке жол ашуға ұмтыламыз. Бұл олардың идеяларын бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдырып, әлемдік нарыққа шығаруына мүмкіндік береді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының маңызды оқиғаларының біріне айналды», — деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған іс-шаралар сериясы — AI Month бағдарламасын бастады. Іс-шаралар сериясы Astana Hub қолдауымен, AI & Digital Bridge 2026 қарсаңында және Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтуде.

HackAlem AI ұйымдастырушылары мен серіктестері: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center (BAITC), AI & Digital Bridge, OpenAI, NVIDIA, Arizona State University, Palo Alto Networks, MSSP.GLOBAL және «Романовский продукт».

HackAlem AI демеушілері: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Freedom Holding Corp., «Kaspi.kz» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank), «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, Beeline Қазақстан және Firebird Inc.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1297750?lang=kk

 

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы