Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушылар Ақсу ауданындағы әйгілі Тамшыбұлақ бұлағының маңына 35 шырша отырғызып, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған облыстық жобаны бастап берді. Ағаш отырғызу шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Қапал орман шаруашылығының қызметкерлері де қатысты.
«Jetisy jastary» директоры Арнай Байжұрыновтың айтуынша, жоба көрікті жерлердің тазалығын сақтауға, тарихи мұраны насихаттауға және облыстың көрікті орындарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Іс-шара бағдарламасы аясында келушілерге бұлақтың тарихы мен мәдени құндылығын таныстырылды.
Акцияға қатысушылардың бірі, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Диана Абуталипова әсерін бөлісті. Ол бұл іс-шараның түрлі мәдениет өкілдері мен әр буынның басын қосқанын айтады. Сондай-ақ ол туған ауылының біртіндеп көркейіп, абаттанып, туристер үшін тартымды бола түскенін атап өтті.
- Отырғызылған шыршалар уақыт өте келе табиғи ландшафтың бір бөлігіне айналады әрі біздің бірлесіп жасаған еңбегімізді еске салып тұрады. Мұндай бастамалар табиғатқа қамқорлық нақты істерден басталатынын көрсетіп берді. Ал табиғи мұраны сақтау әр адамның атсалысуын қажет етеді, - деді ол.
«Жетісудың 7 қазынасы» жобасы арқылы Жетісудың табиғи және тарихи ескерткіштерін насихаттау жұмысы жалғастырылады. Жобаның басты мақсаты - туған өлкенің байлығына қоғам назарын аударып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылатын мұраларымызға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі бастама туған өлкенің табиғи мұрасын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және өңірдің көрікті жерлерін келер ұрпаққа аманат ету мақсатында жүзеге асырылды.
Акцияның негізгі мақсаты - Жетісу өңірінің табиғи мұрасын дәріптеу, Тамшыбұлақ бұлағының экологиялық тазалығын сақтау, жастардың экологиялық мәдениеті мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру болды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау, туған өлкенің табиғи байлықтарына жанашырлықпен қарауды насихаттау және жастардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуына ықпал ету көзделді.
Экологиялық акция аясында Жетісу облысының жастары Тамшыбұлақ бұлағының бойына алма көшеттерін отырғызды. Бұл бастама табиғи аумақты көгалдандыруға, жасыл желек көлемін арттыруға және бұлақ маңындағы қоршаған ортаны көркейтуге бағытталды. Ағаш отырғызу арқылы жастар туған жердің табиғатына қамқорлық танытып, экологиялық жауапкершіліктің нақты іспен көрініс табатынын көрсетті.
Акцияның ерекшелігі - оның нәтижесі бір күндік шарамен шектелмей, уақыт өте келе жемісін беретін игі іске айналуында. Акция барысында отырғызылған әрбір алма көшеті алдағы жылдары тамырын тереңге жайып, саялы ағашқа айналып, жеміс береді деп күтіледі. Жылдар өткен соң осы аумақта жайқалған алма ағаштарын көріп, олардың игілігін келер ұрпақ көреді. Бұл бастама бүгінгі буынның болашақ алдындағы жауапкершілігін білдіріп, табиғатқа деген жанашырлықты нақты іспен ұштастырды.
- «Жетісудың 7 қазынасы» бастамасы өңірдің табиғи мұрасын кеңінен танытуға, оның құндылығын ұғындыруға және туған өлкенің байлығын қорғауға қоғам назарын аударуға мүмкіндік берді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылған бұл жұмыс жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін насихаттады. Бүгін отырғызылған алма көшеттері - келешек ұрпаққа қалдырылған игі мұра. Табиғатты қорғауға бағытталған осындай бастамалар туған өлкенің көркеюіне үлес қосып, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын көрсетті, деді волонтер және қоғам белсендісі Владимир Чепель.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазамемлекет #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Жетісу облысында жастарға кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсету, жұмыспен қамту, жеке ісін ашуға грант беру сияқты мемлекеттік қолдау тұрақты көрсетілуде. Соның нәтижесінде облыстағы NEET санатындағы жастар саны 7219-дан 2 792-ге, яғни 61% қысқарған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, былтыр «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы бойынша жалпы көлемі 30 млн теңге көлеміндегі грантты он жетісулық жас иеленген. Бұл жоба ауылда тұратын, жұмыссыз ретінде тіркелген 34 жасқа дейінгі жастарға арналған. Грант иегерлері балық шаруашылығы, асыл тұқымды мал өсіру, сүт өңдеу, агротуризм, киім тігу сияқты бірқатар бағыттарда бастамаларды қолға алған.
Солардың бірі Анель Елубаева өткен жылы жоба аясында 3 млн теңге қайтарымсыз гранттың арқасында өзінің жеке ісін ашты.
- Грант қаражаты менің Талдықорған қаласындағы сауда үйлерінің бірінен ұлттық киімдер тігіп, жалға беретін орын ашуыма септігін тигізді. Бұған дейін менің жұмыс тәжірибем болған жоқ. Медицина колледжін бітіргеннен кейін тұрмыс құрып, бала сүйіп, үй шаруасымен айналыстым. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгін өз жеке ісімді жүргізіп отырмын, - дейді А. Елубаева.
Ал биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына облыстық бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, қажетті мемлекеттік қолдауға ие болғысы келетін азаматтардың жобалары қазіргі кезде конкурстық іріктеуден өтуде.
Сол сияқты өңірде жастарға жұмысқа орналасу, кәсіби бағдар беру және әлеуметтік бейімделу мәселелері бойынша қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта былтыр NEET санатындағы және ауыл жастарына арналған Жастармен жұмыс орталығы құрылған болатын. Осы орталық пен облыстағы жұмыс берушілер арасында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған 100 меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда жұмыссыз жастарға 263 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Олардың арасында дәрігер-нарколог, колледждегі орыс тілі пәнінің мұғалімі, балабақша тәрбиешісі және басқа да мамандықтар бар.
Оған қоса Талдықорған қаласында биыл наурыз айында ашылған «Jastar INFO» орталығы бүгінде жастарға бағыт-бағдар беруде жемісті жұмыс істеп келеді. Кез келген жас азамат мұнда мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыс іздеу және қажетті өтініштерді рәсімдеу бойынша толық ақпарат ала алады.
- «Jastar INFO» консультациялық пункті мен NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың бірлескен «Qosyl» кешенді жобасы аясында 7 мыңға жуық жас ақпараттық-консультациялық қолдаумен қамтылды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 635 жас маусымдық жұмыспен қамтылды, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексейітова.
Талдықорған қаласының Мансап орталығының басшысы Азамат Балтабековтің айтуынша, жастар орталықтарымен бірлесіп жастарды жұмыспен қамту шараларына тарту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі, соның ішінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің рөлі үлкен.
– Жуырда өткізілген ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 100 кәсіпорын тарапынан 400-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында «ТАТЭК» АҚ, «Қайнар АКБ» зауыты, «Темірбетон» және басқа да кәсіпорындар бар. Жәрмеңкеге 700-ге жуық адам қатысты. Сонымен қатар биыл «Жастар практикасы» аясында 380 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан асты. Мансап орталығы арқылы жастар бір жыл бойы жұмыс істеп, 30 АЕК мөлшерінде жалақы алады. Биыл оның көлемі 129 500 теңгені құрады. Егер қызметкер өзін жақсы маман ретінде танылса, кейін тұрақты жұмысқа қалуға мүмкіндігі бар, – деді ол.
Бір атап өтерлігі, жұмысты жүйелеу мақсатында заманауи цифрлық тәсілдер енгізілуде. Мәселен, биыл «FSM Social» ақпараттық жүйесінің көмегімен жұмыссыз жастарды бірыңғай есепке алу және олармен жүргізілетін жұмысты жүйелі түрде бақылау қамтамасыз етілуде. Ал жауапты мемлекеттік органдардың қызметі цифрлық бақылауға көшіріледі. Қазіргі таңда бұл платформаға 2 800-ге жуық жастың деректерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл NEET санатындағы жастармен жүргізілетін жұмысты бірыңғай есепке алуға, олардың әлеуметтік жағдайы мен қабылданып жатқан шараларға тұрақты цифрлық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 186 мың жас бар, соның жүз мыңнан астамы ауылдық жерде тұрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау және мемлекеттік қолдау шараларына тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. «Отбасының цифрлық картасы» деректеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірдегі NEET санатындағы жастардың саны 61%-ға – 7 219 адамнан 2 792 адамға дейін қысқарды. Бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың, мансап орталықтарының және жастар ұйымдарының атаулы жұмыстарының арқасында қол жеткізілді. Өңірде 14 пен 35 жас аралығында 186 мыңнан астам жас тұрады. Оның 100 мыңнан астамы ауылдық жерлерде. Осыған байланысты жастарға тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Жастарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі – Талдықорған қаласында жұмыс істейтін «Jastar INFO» консультациялық пункті. Мұнда жастар бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, білім алу және жеке кәсіп ашу мүмкіндіктері туралы қажетті ақпарат ала алады. Пунктке күн сайын орта есеппен 67 жас келеді. Қазіргі таңда NEET санатындағы жастар үшін 263 бос жұмыс орны ұсынылған.
Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жастардың нақты мысалдарынан көруге болады. Мәселен, жас кәсіпкер Анель Елубаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, Талдықорған қаласында балалардың концерттік костюмдерін, киімдерін және ұлттық нақыштағы бұйымдарды тігу және жалға беру бойынша кәсібін ашқан.
Жастарды мамандығына сәйкес жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Нурила Нурбол жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін қалалық Мансап орталығына жүгініп, бір ай ішінде «Жетісу» телеарнасына жұмысқа орналасты. Ал Алмаз Токтасын «Jastar INFO» консультациялық пунктіне жүгініп, тиісті бос жұмыс орны туралы ақпарат алып, қазіргі уақытта мемлекеттік мекемеде жүргізуші болып ресми жұмыс істеп жүр.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 10 жобаға қолдау көрсетілді. Олардың қатарында сүт өңдеу, балалар киімін тігу, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасау, балық шаруашылығын және агроэкотуризмді дамыту жобалары бар. Гранттардың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, жобаларды конкурстық іріктеу жүргізілуде.
Жастарды жұмыспен қамтуда Талдықорған қаласының Мансап орталығының жұмысы да маңызды. Биыл жастар орталықтарымен бірлесіп 380 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан асты.
Сонымен қатар, өңірде жұмыс берушілермен жұмыс орындарын ұсыну бойынша 100 меморандум жасалды. «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 635 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 87,1 млн теңге бөлінді.
«Qosyl» кешенді жобасы, «Jastar INFO» консультациялық пункті және NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың бірлескен жұмысы аясында 7 мыңға жуық жас ақпараттық-консультациялық қолдаумен қамтылды. 240 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 1 963 жас оқытылып, жұмыспен қамтудың түрлі шараларына тартылды. Оның ішінде 1 306 жас жұмысқа орналастырылды.
Жастармен жұмысты жүйелеу мақсатында цифрлық тәсілдер де енгізілуде. Облыста «FSM Social» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жүйе NEET санатындағы жастарды бірыңғай есепке алуға және қабылданып жатқан шараларға тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеге 2 792 жастың деректері енгізілуде.
Әрбір жас бойынша оның әлеуметтік мәртебесі нақтыланып, жұмыспен қамту, оқыту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту бойынша тиісті шаралар айқындалады. Бұл жастармен атаулы жұмысты күшейтіп, қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Осылайша, NEET санатындағы жастар санының азаюы – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, әрбір жаспен жүргізілген нақты жұмыстың нәтижесі. Негізгі міндет жастарға жұмысқа орналасу, білім алу, мамандық меңгеру және өз кәсібін дамыту мүмкіндіктерін ұсыну арқылы олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау.
Qazaqstan Media Awards аясындағы «Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 6 қазанға дейін ұзартылды.
Өтінімдер байқаудың ресми QMA.kz сайты арқылы жолданады.
Байқауға 2025 жылғы 18 қыркүйек пен 2026 жылғы 18 қыркүйек аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан жұмыстар қабылданады. Ұлттық сыйлықтар байқауына қазақстандық журналистер, тележүргізушілер, медиажоба авторлары мен жасаушылары, редакциялар және шығармашылық ұжымдар қатыса алады.
Байқау номинациялары:
Телевизиялық журналистика:
Үздік тележүргізуші
Үздік телевизиялық материал (репортаж, сұхбат)
Үздік телесериал
Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама
Үздік деректі жоба
Қоғамдық жауапкершілік саласындағы үздік жоба («Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан»)
Баспа, интернет және радио журналистикасы:
Жылдың үздік журналисі
Жылдың үздік материалы (сұхбат, репортаж, мақала)
Үздік талдамалық материал
Үздік медиажоба (YouTube, подкаст)
Үздік радиожоба
Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба
2026 жылы жаңа технологиялар мен журналистиканың болашағына айрықша мән беріліп отыр. Биыл алғаш рет жасанды интеллект саласындағы жобаларға арналған номинация енгізілді. Бұл медиадағы жаңа технологиялардың қолданысын және осы бағыттағы тың жобаларды қамтиды.
Байқау жұмыстарын танымал журналистер, салаға еңбегі сіңген мамандар мен медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
2026 жылы ұлттық сыйлықтардың 10 жылдығына орай «Тұмар» және «Үркер» алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында өтіп жатыр. Он жыл ішінде қос сыйлық отандық медиа саласындағы айтулы жобалардың біріне айналып, журналистика мен медианың дамуына үлес қосқан журналистерді, редакциялар мен медиажобаларды жыл сайын марапаттап келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Тұмар» және «Үркер» мерейтойлық сыйлықтарына өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды
Жаркент қаласында қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Ортақ шаңырақ» форумы өтті.
Жиында этносаралық байланыс, отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы және қоғамдағы келісімді қалыптастырудағы жастардың рөлі талқыланды.
Сондай-ақ азаматтар арасындағы сенім мен татулықты сақтауда ортақ құндылықтар мен ашық диалогтың маңызы айтылды.
Форум соңында қоғам өміріне белсене араласып, татулықты дәріптеуге үлес қосқан тұрғындарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Мұғалімдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі ұстаздарға алғыс білдіруге және олардың еңбегін дәріптеуге бағытталған «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясын бастайды.
Бастама 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде өтетін «Ұстаз - ұлт шамшырағы» іс-шаралары аясында жүзеге асырылады. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық кәсіпті дәріптеуге бағытталған мерекелік, ағартушылық және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бүгінде Қазақстандағы 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі білім сапасын қамтамасыз етуде, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және еліміздің адами капиталын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Акция аясында әрбір азамат өзінің ұстазы немесе тәлімгері туралы айтып, естелігімен бөлісіп, алғысын білдіре алады.
Қатысушылар әлеуметтік желілерде ұстазы туралы фото, видео немесе оқиғасын #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялай алады, хат немесе ашықхат жолдай алады, сондай-ақ алғысын жеке білдіре алады.
Министрлік оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды, қоғам өкілдерін және барша қазақстандықтарды акцияға қосылып, өмірінде із қалдырған ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісуге шақырады.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Кәсіби мереке аясында еліміздің барлық өңірінде педагогтердің, білім саласы ардагерлерінің, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты
Қазақстанда «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды
Жетісу облысында биыл пайдалануға беру жоспарланған үш экопарктің соңғы - үшіншісі ашылды. Жалпы, экопарктер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру аясында құрылған. Текелі қаласында ашылған жаңа «Серкесай» экопаркі табиғат аясындағы демалыс пен белсенді өмір салтын ұштастырып, өңірдегі туризмді дамытуға ықпал етпек, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Текелі қаласының тұрғындары мен қонақтары, жергілікті бизнес өкілдері, ұлттық қолөнер шеберлері, спортшылар, туризм саласының өкілдері, жалпы табиғат аясында белсенді демалысты ұнататын тұрғындар қатысты.
Өңір басшысының атынан жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында үш экопарк ашылды, олар - Сарқан ауданындағы «Қойтас», Талдықорған қаласындағы «Тасбақа» және Текелі қаласындағы «Серкесай» экопарктері. Облыс әкімінің қолдауымен үш экопаркке де жайлы демалыс үшін қажетті инфрақұрылым тартылды. Оларды дамыту жұмыстары жалғасады. «Серкесай» паркінде өз бетінше демалуға арналған орындар құру, жарықтандыру жүйесін және бейнебақылау камераларын орнату, интернет желісін жүргізу кезең-кезеңімен жоспарлануда. Бұл жерге келген әр адамның жайлы әрі жақсы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Сонымен бірге экопарктің тазалығы мен табиғатын сақтау әрқайсымызға байланысты екенін есте ұстауымыз керек. Демалғаннан кейін қоқыс қалдырмай, табиғатқа ұқыпты қарайық. Бұл орындарды балаларымыз бен келер ұрпақ үшін осындай көрікті қалпында сақтап жеткізейік, – деді ол.
Ашылу бағдарламасы бірнеше тақырыптық бағытты қамтыды. Негізгі алаңдардың бірі жергілікті тауар өндірушілер, шеберлер мен қолөнершілердің өнімдері ұсынылған «Табиғаттан туған өнер» көрмесі болды. Келушілер омарташылық өнімдерімен, шөптер мен майлар негізінде дайындалған табиғи косметикалық өнімдермен, ұлттық зергерлік бұйымдармен танысып, Текелінің танымал прәндігінен дәм татты.
Ұлттық этномәдени мұраға арналған көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнда бүркітшілік өнері, тазы өсіру дәстүрі, сондай-ақ ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау үлгілері таныстырылды.
Бағдарламаның шығармашылық бөлігі «Өнер әлемі» көрмесімен және жергілікті балалар шығармашылық орталығының өнері көрсетуімен жалғасты. Қонақтар жас суретшілердің туындыларын тамашалап, домбыра, қобыз, жетігенде орындалған музыкалық шығармаларды тыңдады.
Текелі кәсіптік колледжі туристік бағыттарды таныстырды. «Туристік қоржын» көрмесі аясында туристік құрал-жабдықтар мен саяхатқа қажетті керек-жарақтар ұсынылды. Туристік орталық мамандары туристік көпсайыс пен спорттық альпинизм көрсетілімдерін ұйымдастырды. Іс-шара бағдарламасы скандинавиялық жүрістен өткен жарысқа қатысушыларды марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Экопарктің ашылуына дейін «Серкесайды» абаттандырудың бірінші кезеңі толық аяқталды. Аумақта автотұрақ жасалып, демалуға арналған бес шатыр орнатылды. Сонымен қатар 10 жеке орындық, шатырлардың ішіне 10 орындық және бес үстел қойылған. «Таутеке» екі шағын сәулет нысаны жасалып, орнатылды. Санитарлық торап та толық жабдықталды. Бұдан бөлек, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте таулардың көркем көрінісі ашылатын шолу алаңы орналастырылды.
Осы кезеңге жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалды. Осылайша бұл абаттандырылған аумақ Текелі тұрғындары мен қонақтарының демалуына, спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар өткізуге арналған жаңа орынға айналмақ.
Іс-шараға қатысқан азаматтар пікір білдірді. Солардың бірі – Талдықорған қаласының тұрғыны Анна Хохарина:
– Бүгін «Серкесай» экопаркінің ашылуына арнайы келдік. Мұнда кішкентай сәбиіммен келдім. Ол «кенгуру» сөмкесінде менімен бірге таудың ең биік бөлігіне дейін көтерілді. Текеліге жиі келіп, осында серуендеп тұрамын. Енді соқпақ абаттандырылып, демалуға арналған шатырлар орнатылып, орындықтар қойылғанын көріп қуанып қалдық. Қазір күздің әдемі мезгілі басталды. Сондықтан мұндай мезгілде үйде отырмай, осылай табиғатқа шыққан дұрыс. Тауға келіңіздер! – деді ол.
– Мен Алматыдан Текеліге қонаққа келдім. Мұнда негізінен парапланмен ұшуға арнайы келдік. Экопарктің ашылатынын біліп, осында келіп тамашалауды жөн көрдік. Ауа райы тамаша, табиғаты да керемет. Бұған дейін де осы жерде болғанмын, дегенмен барған сайын бұл жер қатты ұнай бастады. Мұнда келген сайын бойыңа күш-қуат алып қайтасың. Оның үстіне аумақты өте ұқыпты әрі жақсы абаттандырған, – деді Алматы қаласының тұрғыны Балтабай Саусақов.
Жергілікті тұрғындар да пікір қосты:
– Біздің қалада экопарктің ашылғанына өте қуаныштымыз. Жоғарыға көтеріліп, таза ауамен тыныстадық, кәдімгідей тынысымыз ашылды. Мұнда бәрі өте әдемі жасалған. Енді осыған ұқыпты қарап, қоқыс тастамай, әркім өзінен кейін жинап жүрсе дейміз. Өйткені мұның бәрі әрқайсымыздың игілігіміз үшін жасалып отыр.
– Экопарктің ашылуымен құттықтаймын! Табиғат аясында белсенді демалып, таза ауада серуендеу денсаулыққа пайдалы, денені шынықтырады. Енді мұнда текеліктерге демалуға қолайлы жағдай жасалды, қала қонақтарын да қызықтырады деп ойлаймын, - деді олар.
Осылайша, «Серкесай» экопаркінің ашылуын өңірдегі туризм мен туристік инфрақұрылымды дамыту жолындағы кезекті қадам деуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Қазақстанда «Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында 21-28 қыркүйек аралығында өтетін «Мейірімділік апталығы» басталды. Бастама волонтерлік пен қайырымдылықты қоғамда кеңінен насихаттауды көздейді.
Сегіз күн бойы еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік органдардың, білім беру және медицина ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлердің қатысуымен түрлі акциялар мен іс-шаралар өтеді. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуге, жануарларға қамқорлық танытуға және қоршаған ортаны қорғауға басымдық беріледі.
Жоба қазақстандықтарды игі іске жұмылдырып, қайырымдылықты күнделікті өмірдің игі дәстүріне айналдыруды, қоғамдағы ауызбіршілік пен бір-біріне қол ұшын беру ниетін арттыруды мақсат етеді. Апталық аясындағы іс-шараларға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам қатыспақ.
«Кішкентай қадам – үлкен өзгеріс!» ұраны әр адамның қоғам игілігіне қосқан үлесі маңызды екенін айшықтайды.
Әрбір азамат әлеуметтік желіде мына хэштегтерді белгілеп, игі іске өз үлесін қоса алады:
#МарафонДобрыхДел2026 #ИгіІстерМарафоны2026 #MarathonOfGoodDeeds2026
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Үкіметтік емес ұйымдар арасында «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған республикалық байқау басталды.
Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның азаматтық альянсы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырады.
Республикалық байқау үкіметтік емес ұйымдар арасында өткізіліп, «Заң мен Тәртіп» қағидатын күнделікті өмір салты ретінде орнықтыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететін үздік қоғамдық бастамаларды анықтап, қолдауды көздейді.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Өңірлік кезеңде ҮЕҰ өтінімдерін тиісті өңірлік азаматтық альянсқа жолдайды. Өңірлік байқау комиссиясы келіп түскен өтінімдерді қарап, республикалық кезеңге қатысушыларды іріктейді.
Республикалық кезеңде өңірлік іріктеуден өткен жобаларды республикалық байқау комиссиясы бағалап, жеңімпаздарды анықтайды.
Үкіметтік емес ұйымдар байқауға қатысып, заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы үздік жобаларын ұсына алады.
Конкурс туралы толық ақпаратпен төмендегі сілтемелер арқылы танысуға болады:
https://civilalliance.kz/ru/news/detail/603
https://drive.google.com/drive/folders/1PsjKgRX0uzaFiESx9lrOG5ULQ4_3ACl8?usp=sharing
Қосымша ақпарат бойынша 8 708 290 28 78 нөміріне хабарласуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҮЕҰ арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған республикалық байқау басталды