Жетісу облысының Ақсу ауданында соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы 23 жаңа әлеуметтік нысан салынып, 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, аталған кезеңде облыста әлеуметтік нысандардың жаңару деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған Ақсу аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өткен аптада аурухана пайдалануға беріліп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтылды. Қазіргі уақытта медициналық мекеме жұмысын бастады.
- Келесі жылдың бюджетінде аудан тұрғындарына қажетті компьютерлік томограф пен оттегі станциясын орнатуға қаражат қарастырылған. Енді аудан тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына бармайды. Сонымен қатар былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген мәселені ескере отырып, Қарашілік ауылында блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Бұдан бөлек, Қызылағаш ауылында шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған трассалық медициналық-құтқару пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Онда тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсетіледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Б. Исабаев.
Білім беру саласында биыл Көшкентал ауылында бұрынғы бейімделген ғимараттың орнына 180 орынды мектеп пен 75 орынды шағын орталық пайдалануға берілді. Мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Сондай-ақ физика, химия, биология пәндеріне арналған кабинеттерді, екі мультимедиалық кабинетті қамтитын жаңа үлгідегі оқу кабинеттері жабдықталған. Бұған қоса, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мәдениет саласында өңірде 3 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның екеуі биыл Ақсу ауданындағы Матай, Есболатов ауылдарында ашылды. Қапал ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жылыту қазандығы ауыстырылды.
Бұған дейін жеке ғимараты болмаған аудандық кітапханаға Жансүгіров ауылындағы балалар спорт мектебінің ғимараты берілді. Бұл кітапхананың жұмысына қолайлы жағдай туғызды.
- Сонымен қатар Арасан ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта нысанның жалпы дайындық деңгейі 73%. Осыған байланысты аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырамын. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Ақсу аудандық М. Байсақұлы атындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аумағын абаттандыруға 150 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды келесі жылдың көктемінде аяқтау қажет, – деген өңір басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов және фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі де ұсынды.
Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.
- Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.
Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі - Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.
- Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, - деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.
2026 жылғы 10 қазанда Жетісу облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы «Таза Қазақстан» жалпы қалалық экологиялық акциясына қатысты.
Акцияның мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қала аумағын абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Тазалықты сақтау және қаламызды көркейту – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Таза әрі жайлы қаланы бірге қалыптастырайық!
Тазалық – әрқайсымыздан басталады! 🇰🇿🌿
Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі кеңейіп, қолжетімді бола түсті. Енді көптеген тексеру мен емдеу түрін аудан аумағында сапалы алуға мүмкіндік. Республика күні қарсаңында Жансүгіров ауылында сейсмикалық күшейту жасалып, күрделі жөндеуден өткен орталық аудандық аурухана іске қосылды. Жалпы, соңғы төрт жылда аудандағы медициналық инфрақұрылымның шамамен 40% жаңартылды. Осы уақыт аралығында 14 ауылдық округте жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бой көтерді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аурухана ғимараты 1974 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде медициналық қызметтер бейімделген ғимаратта көрсетілді. Бұған дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген аурухана ғимараты 52 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Балалар, терапия, хирургия, реанимация және босандыру бөлімдері, қабылдау бөлімі, балалардың консультативтік-диагностикалық бөлімі, асхана толық жаңартылып, ғимарат толықтай реттелді. Инженерлік желілер де жаңартылып, талапқа сай жағдайға келтірілді. Осылайша, денсаулық сақтау нысаны заманауи кейіпке еніп, пациенттер мен дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасалды.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
– 2024 жылдан бері ауруханаға 17 жас маман жұмысқа келді. Оның бесеуі биыл қызметке орналасты. Соның екеуі мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шараларын алып үлгерді. Тағы үш маман көтерме жәрдемақы алуды күтіп отыр. Облыс әкімінің қолдауымен ауылдық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 млн теңгеден мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау саласына осындай маңызды қолдау көрсетіліп отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ақсу аудандық орталық ауруханасының директоры Байқадам Құрымбай.
Қазіргі таңда Ақсу ауданында 56 дәрігер, 310 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданға 5 дәрігер жұмысқа қабылданды. Олар – хирург, оториноларинголог, реабилитолог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтар да жаңартылды. Ауруханада заманауи операциялық блок жұмыс істейді. Өкпені жасанды желдету аппараттары, ФГДС жүргізуге, флюорографиялық және рентгенологиялық зерттеулер жасауға арналған жабдықтар сатып алынды. Ауыр жағдайдағы пациенттер үшін көпфункционалды төсектер бар. Бұл заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға, сондай-ақ пациенттерді диагностикалау мен емдеуге жағдай жасап отыр. Онкологиялық қызметті дамыту аясында да қосымша құрал-жабдықтар жеткізілді. Ауруханаға цифрлық маммограф және жылжымалы флюорографиялық аппарат орнатылды.
Дәрігерлер аурухананың жаңаруын тек ғимараттың жаңа кейіпке енуі ғана емес, диагностика мен емдеу мүмкіндіктерінің кеңеюі деп есептейді.
Бірінші санаттағы педиатр дәрігер, трансфузиолог Әсел Жолдасованың айтуынша, бүгінде ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді.
– Ауыл тұрғындарының денсаулығына және аудандық ауруханаларды дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Соның арқасында біздің аудандық орталық ауруханамыз күрделі жөндеуден өтті. Бұл бүкіл ұжым үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Ендігі басты міндетіміз – ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсету. Алдағы уақытта оңалту, педиатриялық қызмет, жедел және хирургиялық көмекті одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде ауруханада эндоскопиялық емдеу әдістері, трансфузиологиялық және оңалту көмегі көрсетіледі. Мұның бәрі тұрғындарымыздың денсаулығы үшін жасалып отыр, – деді дәрігер.
Хирург дәрігер Ақылбек Көшкінов те жаңа техникалық жабдықтардың медициналық қызметкерлердің мүмкіндігін едәуір кеңейткенін айтады.
– Қазір бізде жаңа құрал-жабдықтар бар, заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға жағдай жасалды. Дәрігер үшін диагноз қойып қана қоймай, пациентке қажетті көмекті дер кезінде көрсете алғаны маңызды. Енді мұндай мүмкіндіктеріміз артып отыр, – деді ол.
– Бүгін біз үшін шынымен де маңызды күн. Аурухананың жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, осындай жағдай жасауға атсалысқан барша азаматқа алғысымызды білдіреміз. Енді жаңарған ғимаратта тұрғындар үшін бұдан да үлкен жауапкершілікпен еңбек етуге дайынбыз, – деді хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Раушан Қазиева.
Аурухананың ашылу салтанатына аудан тұрғындары да қатысты. Ауыл тұрғындары заманауи аурухананың ең алдымен қажетті тексеру мен емді тұрғылықты жеріне жақын маңда алуға жасалған мүмкіндік деп біледі.
Аудан тұрғыны Айгүл Кукузованың айтуынша, бұған дейін кейбір тексеру мен ем алу үшін облыс орталығына баруға тура келген. Бұл жол шығындарын, уақыт шығындауды қажет ететін, оған қоса әсіресе қарт адамдар мен балалы отбасылар үшін қосымша қолайсыздықтар туғызатын.
– Біз бұл күнді көптен күттік. Ауруханада жақсы жағдай жасалып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, қызметкерлері де мұқият. Басты байлық денсаулыққа лайықты көңіл бөлінгені қуантады. Енді өз ауданымызда сапалы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндігіміз бар, – деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында кезектегі азаматтар жаңа тұрғын үйлерге ие болды. Баспана кілтін беру салтанаты Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында өткізілді. Жаңа үй иелеріне кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданы Зылиха Тамшыбай ауылында салынған үйлердің кілтін беру барысында Бейбіт Исабаев жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады:
- Бүгін ауылдарыңызда қос қуаныш. Бақытын еңбектен тапқан Зылиха Тамшыбаева апамыздың 90 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтіп жатыр. Сонымен қатар осы ауылда салынған жаңа үйлердің алғашқы қоныстанушыларына кілт тапсырғалы отырмыз. Президенттің халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес бұл үйлерде өмір сүруге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Осы жаңа қоныста ұрпақтарыңызбен өсіп-өне беріңіздер, үйлеріңіздің іші құт-берекеге толсын, - деді Б. Исабаев.
Баспаналы болған кезекте тұрған азаматтар ризашылық пікірін білдірді. Солардың арасында көп балалы ана Лаура Азамбаева да бар.
- Біздің отбасымызда 8 баламыз бар, немерелі де болдық. Жолдасым Марат Әбдіғали Көксу қант зауытында жұмыс істейді. Тұрғын үй кезегіне 2023 жылы тұрғанбыз. Бүгін, міне, көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, - деді ол.
Атап өтсек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Зылиха Тамшыбай ауылында 15 жеке тұрғын үй салынған болатын. Осы күні кезекте тұрғандарға 5 үй берілді. Қалған 10 үй де пайдалануға дайын. Мұндағы әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы 73,0 шаршы метр. Бұл үйлерді азаматтарға «Отбасы банк» АҚ белгіленген тәртіппен беруді жүзеге асырады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ‼️
360° БЕЙНЕШОЛУДЫ ҚАЛАЙ ДҰРЫС ӨТУ КЕРЕК?
📌360° форматта бейнешолуда:
— бөлменің барлық қабырғалары мен бұрыштарын;
— төбе мен еденді;
— жұмыс үстелінің үсті, асты және жан-жағын;
— монитор, пернетақта және компьютер тінтуірді;
— жүйелік блокты (пайдаланылған жағдайда) көрсетіңіз.
✅Бейнешолу аяқталған соң смартфонды жұмыс орны толық көрінетіндей етіп орналастырыңыз.
🔷Камерадан:
— кандидаттың қырынан көрінісі;
— жұмыс орны мен монитор аймағы;
— монитордың артындағы кеңістік толық көрінуі тиіс.
‼️Ескерту!
Тестілеу немесе конкурс кезеңі толық аяқталғанға дейін смартфонның орнын өзгертуге болмайды.
‼️Тыйым салынады:
бөгде адамдардың қатысуына
қосымша бейнекамераларды орналастыруға тыйым салынады.
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.