Ұлыстың күні – әз-Наурыз құтты болсын!

Құрметті округ тұрғындары, ардақты ағайын, қадірлі қонақтар!

Баршаңызды жаңару мен жасампаздық, ізгілік пен береке – бірлік, ынтымақ пен еңбек мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Биыл күллі мұсылман асыға күтетін қасиетті рамазан айы да Наурыз тойы мен тұспа тұс келіп отыр. Ораза ұстаған барша ағайынға оразаларыңыз қабыл болсын, осы айда алладан тілеген барлық дұға – тілектеріңіз қабыл болсын!

Наурыз мерекесін өткізудің бұл жылы жаңа Тұжырымдамасы қабылданып, мерекені тойлаудың жаңа форматы ұсынылды. Ұлыстың ұлы күні 14 – наурыз «Көрісу» күнінен басталып, 23 – наурыз «Тазару» күнімен аяқталып 10 күн тойланатын болды. Әр күнде ұлттық дәстүрімізді, салтымызды, мәдениетімізді елдік құндылықтарымызды дәріптейтін мағналы іс – шаралар өтеді. Қазір округтегі мекемелер, ұжымдар, жеке адамдар осы Тұжырымдама бойынша көңіл қуантарлық жұмыстар атқаруда. Мәселен, 17 – наурыз «Шаңырақ» күнінде Қарлығаш ауылынан отасқандарына дәл 50 жыл болған қарапайым отбасы – Самархановтар отбасын аудан әкімі А.С. Абдинов арнайы келіп құттықтап, сый – сияпатын жасады. Бұл сол әулетке ғана емес, бүкіл ауылға құрмет деп түсінеміз.

Наурыз елді қайырымдылыққа, кешірімділікке, татулыққа, ізгі істер жасауға үндейді.

«Бұл кезде табиғат қалай өзгерсе, адамдардың рухани болмысына да сондай өзгерістер болуы керек» деген екен Шәкәрім бабамыз.

«Ол игі өзгерістер – адамдардың қастерлі амалдар жасауға ұмтылуы – қайырымдылық жасауға, кешірімділік жасауға асығуы, кішілік пен кісілік танытуы. Бұл, әрине, көже ішіп, ет асағаннан ауыр», - деп ой түйіндейді бабамыз.

«Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық жай адамдынң ісі, жамандыққа жақсылық ер жігіттің ісі» деген сөздерді өзек еткен кешірімшіл ағайын бір дастарханнан дәм татып табысқан.

Қыс ауыртпалығынан құтылып, тәубәласқан көпішілік – үш ауылдың үлкен кішісі бүгін осы мерекеде бас қосып отыр.

Бүгін шақыруымызды қабыл алып ортамызға келген барша ағайынға, қыстан қалған сүрлерін, бар дәмділерін қазанға салып дайындап әкелген ауыл адамдарына, жалпы халыққа дастархан жайып отырған мекемелер мен ұжымдарға алғысымды білдіремін!

Әрине, жалпы халық тойлайтын мерекені лайықты деңгейде өткізу үшін қаржылық қолдау қажет. Бұл орайда мен Сіздердің аттарыңыздан Қолдау жасап отырған азаматтар – Майқынов Е.С., Шаяхметов Тұрсынбекке алғысымды білдіргім келеді. Жиналған қаржы осы той үстінде ел игілігіне жұмсалады.

Біз той үстінде бірқатар қарапайым еңбек адамдарын марапаттайтын боламыз. Олар кезінде халыққа аянбай еңбек еткен, қазір еңбек етіп жүрген қарапайым адамдар.

Адал еңбек адамды қашан да ұмыт қалмауы тиіс. Бір мерекеде барлығын қамту мүмкін емес, бірақ, жылда, кезегімен, ел алдында, халыққа қызмет етіп жүрген адмадарды көтермелеп отыратын боламыз.

Құрметті қауым! Жақсылық жасау үшін ер көңіл, жомарт жүрек болса жеткілікті сияқты.

Бүгінгі мерекелерің қызықты сәттерінің бірі – қошқар көтеру болары сөзсіз. Жылда Наурыз мерекесіне жүлдеге қойылатын малды қолы ашық азматтар ұсынып жүр. Биылғы мерекеге бәске тігілетін малды ауылдың қарапайым еңбек адамы Жұмеке Мейрам ұсынып отыр.

Құрметті ағайын, Наурыз мерекесі тек табиғаттың жаңару, түлеу мерекесі емес. Ол адамдардың рухани жаңару мерекесі. Ол – басқаларыңызға ізгі қарым – қатынас. Жасы кішінің жасы үлкенді құрметтеуі.жақсы іс жасауға ұмтылыуымыз, бір – бірімізге кешірімді болуымыз, өзара сыйласымдылық.

Бүгінгі күні, «Дос көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші ренжіскен ағайын болса татуласуға, бірін – бірі кешіруге таптырмайтын мүмкіндік күні. Ренішті көтеріп жүру жүрекке ауыр салмақ. Жүрегіңіз тазарсын, ренішіңізді бойыңыздан шығарып тастаңыз!

Құрметті ағайын, қонақтар!

Жаңарудың түп қазығы – татулық пен сыйластық, жарасымды тірлік!

Биылғы жыл әр шаңырақ үшін құтты, берекелі жыл болсын. Отбасыларыңызға амандық, бақ – дәулет, құт – береке тілеймін! Әр шаңыраққа Қыдыр қонсын!

Мереке құтты болсын!

Жарияланған күні

22 наурыз 2024 11:31

Жаңарту күні

22 наурыз 2024