Жамбыл облысында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Көру саны:4
Жамбыл облысында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
2026 жылғы 19 қарашада Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің төрағалығымен облыстық аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырысқа облыстық және қалалық сайлау комиссиясының мүшелері, МБА бойынша жұмыс тобының мүшелері, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары – Самат Төрегелдиев, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы – Аслан Оразбеков және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғайтын өңірлік қоғамдық ұйымдардың төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан С. Айдапкелов Мемлекет басшысының 2026 жылғы 12 қазандағы Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға тағайындалғанын атап өтіп, сайлау науқанын ұйымдастыру және өткізу барысында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету, оларға тең әрі кедергісіз дауыс беру жағдайларын жасау және сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Отырыс барысында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев алдағы сайлау кезеңінде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, «Кедергісіз орта» қалыптастыру мәселесі бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков ақпарат беріп, қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі – мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізуді ұйымдастыру болды.
Осы мәселе бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі Абылхайыр Боранбаев сайлау учаскелерін мүгедектігі бар азаматтардың үш санаты – көру, есту қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған сайлаушылар үшін бейімдеу қажеттігін айтып, сайлау учаскелерінде кедергісіз кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету, пандустар мен тактильді жолақтардың талаптарға сәйкестігі, шақыру құрылғыларының жарамдылығы, арбамен қозғалатын азаматтарға арналған дауыс беру кабиналары, сондай-ақ, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы жабдықталған бұрыштар мен қажетті техникалық құралдардың болуы мәселелеріне назар аударды.
Абылхайыр Боранбаев алдағы сайлау науқаны барысында сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне қайта мониторинг жүргізудің маңыздылығына тоқталып, бұл жұмысқа аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс тобы мүшелерінің, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарту қажеттігін жеткізді.
Отырыс барысында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне толыққанды қатысуы үшін өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелеріне сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізу, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдау және дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтарға инватакси, сурдоаударма қызметтері мен қажетті көмек түрлерінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыру міндеттері атап көрсетілді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы сайлау науқанында әрбір азаматтың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың конституциялық сайлау құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы