Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдірудегі маңызды қадам
«Қазір мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшеюде. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұстанымдық принциптерін өзгерту талабын тудырады. Алда осы арнадағы жұмысты жандандыруды көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысы, Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады» деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін меңзеген болатын.
Өкінішке орай, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінен өзге, олардың қоғамдағы болмысы мен тұлғасына қатысты саналы жаңғыруға бағытталған бірде-бір құжат жоқ. Сондықтан, еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын жүйелейтін арнайы Доктрина жобасын дайындауды қолға алдық. Онда мемлекеттік қызметшілердің қоғамның сұранысына жауап бере алатын мақсатты дағдылары, құндылықтық ұстанымдары топтастырылды. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейді.
Ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Осылар мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысынан көрініс тапқанда мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін береді».
Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіру туралы МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Egemen Qazaqstan»газетіндегі мақаласынан
Мақаланың толық нұсқасы: egemen.kz/article/342201-memlekettik-qyzmet-dganha-kezenhdegi-manhyzdy-mindet