Бүгінде Ресей Федерациясы Курган қаласындағы «Группа ГАЗ» холдингінің өнімі Тараз қаласында 2 апта бойы тест-драйвтан өтуде. Осы мақсатта 8 мамырдан «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС холдингі жұмыстар жүргізуде. Бұл жайлы қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен қоғамдық көлік тасымалдаушы мекемелердің директорларымен өткен жиында айтылды.
Бүгінде аталған зауытта шығарылатын үлкен сыйымдылықты 1 бірлік автобус Тараз қаласына жеткізілді. КАВЗ-4270 сығылған табиғи газ отынымен жүреді. Ұзындығы 10,3 метр. Сыйымдылығы 90 адам. Төмен еденді және пандуспен жабдықталған. Автобустың құны жинақтауына байланысты 53-55,5 млн. теңгені құрайды.
Кеңесте қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңарту секілді өзекті мәселелер қаралды. Қаладағы автобустарды табиғи газға көшіру, тазалығы, жүргізушілер мен жолсеріктердің қызмет көрсету мәдениеті және жолда жүру ережелерін сақтау мәселелері әлі күнге дейін өзекті. «Халықты тасымалдау – үлкен жауапкершілікті, жоғары мәдениеттілік пен сабырлықты талап ететін жұмыс. Әр саланың өз қиындығы, ауыр жүгі бар. Сондықтан жүргізушілер өз міндетін дұрыс атқару керек. Өйткені, оның ар жағында қаншама адамның өмірі тұр. Сондықтан халықпен жұмыс істеген соң, халықпен санасу қажет» деген қала әкімі Ержан Жұматұлы аталған проблемаларды шешуге баса назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірмановқа қатаң тапсырды.
Қалалық бағыттардағы автобустарға төлем қабылдайтын 319 стационарлы валидатор және 390 мобильді терминалдар орнатылған. Қазіргі таңда Тараз қаласында 34 бағыт бойынша күнделікті 270-280 бірлік шамасында автобустар қызмет көрсетуде.