Еңбек адамын ардақтау – ел болмысының бір белгісі. Биылғы жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Жамбыл ауданы, Бұрған ауылының тұрғыны, саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Жылқыбаев Селмұхан туралы айтып өтпекпіз. Оның өмір жолы – тек өз отбасына ғана емес, ауыл-аймаққа үлгі боларлық шежіреге айналған.
1948 жылы Бұрған ауылында дүниеге келген Селмұхан ата жастайынан еңбектің қадірін біліп өсті. Өмірдің сан түрлі сынақтарында шыңдалған ол өз қолымен ел игілігіне қызмет етуді басты мақсаты етті. 1985 жылы Қарақастек ауылында сол кездегі «Ауылдық кеңестің» төрағасы Елікбай Сариевтің бастамасымен алғашқы көлік жөндеу орнын ашып, бұл істі қолға алады. Көлік жөндеу ісінің дамуы ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек болды. Шеберлігімен аты шыққан Селмхан ата ел алғысына бөленіп, 2000 жылға дейін осы кәсіпті абыроймен атқарды.
Зейнетке шыққан соң да оның еңбек жолы аяқталған жоқ. Ұлдары Жылқыбаев Ерлан мен Жылқыбаев Ержан 2016 жылы әке бастаған істі жалғастырып, Қарақастек ауылындағы көлік жөндеу орнын қайта жаңғыртып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Қазіргі таңда бұл кәсіп отбасылық дәстүрге айналып, немерелері Құрақбаев Мұрат пен Құрақбаев Азамат та осы кәсіпте еңбек етіп жүр.
Адал еңбекке деген сүйіспеншілік пен кәсіби шеберлік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Жылқыбаевтар әулеті ауылдың дамуында ерекше рөл атқарып, көлік жөндеу ісінде талай жанға көмек көрсетіп келеді. Олардың есімі бүгінде ауылда еңбекқорлықтың символы іспетті.
Селмұхан атаның өмір жолы – маңдай термен келетін берекенің айқын дәлелі. Осындай қарапайым еңбек адамдарының ел алдындағы еңбегі қашанда ардақты. Мұндай азаматтардың ісі көпке үлгі болып қала бермек.