
Адам әдептілігімен көрікті
Әдеп- адамдардың мінез-құлқына қойылатын қоғамдағы этикалық талаптарды білдіретін ұғым. “Әдептілік, ар-ұят - адамдықтың белгісі”, дегендей әдептіліктің мағынасы өте кең. Олай дейтініміз, адамның жасаған әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, оның әдептілігі мен мәдениеттілігінен сыр шертіп тұрады. Әдептілік - адамгершіліктің бастауы, қалыптасқан ұлттық мәдениеттің белгісі. Әрбір адам дүниеге келген соң өмірінде адал, жақсы қызмет етуі керек. Туған жерінің суын ішіп, жерін басып жүргеннен кейін аянбай тер төгіп, мемлекеттің болашағы үшін, айналасындағы қоғамның игілігі үшін еңбек еткені жөн. Қоғамда қызмет ете жүріп, сол ортада өзіңді мәдениетті ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту, өзіңді эстетикалық-этикалық талаптарға сәйкес ұстау - адамның рухани байлығының көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүріне сай кісіні сыйлау, құрметтеу - әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы жастайынан жақсы әдептерге баули отырып, “Әдеппен сөйлеп әдеттен” деп, ежелден сөйлеу мәдениетін талап еткен. “Әдепті бала - арлы бала, әдепсіз бала - сорлы бала” деп, әдепсіздікті қатты сынаған. «Көп сөйлеп созбайын, әдептен озбайын» деп, Хакім абай көп сөйлеудің өзі әдепсіздік екенін ашық айтты емес пе. Үлкенді сыйлап, ізет көрсету адамның ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Кіші үлкенді сыйласа, үлкендер де өз тарапынан оған лайық ықылас білдіреді. Адам – ең әуелі өзінің адамгершілігімен, әдебімен көрікті. Әдепті адам ыңғайсыздық тудыратын жағдайды болдырмауға тырысады. Әдепті болу үшін өзіңді-өзің ойша болса да басқа адамдардың орнына қоя білуің керек. Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін немесе өте жақсы көретінін көпшілік алдында білдірмейді. Адам мәдениеті жоғары болған сайын, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы сыпайы бола түседі. Қкзіргі таңда қоғамда ар, ұят, иман деген құндылықтар кеміп бара жатыр. Адамдар арасындағы қарым-қатынас әдептілікке негізделсе, жан-жағына жылуын шашады, әдепсіз болса қапаландырады. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Жұмыс бабында бізге мінезі әртүрлі ауыл тұрғындары келіп жатады. Өз тарапамыздан көмекке, ақыл-кеңеске мұқтаж жандарға қол үшін беруге, олардың сұрақтарына шыдамдылықпен, байсалдылықпен мәдениетті түрде жауап беруге, жұмысын нәтижелі бітіруге тырысамыз. Біз өзіміздің киім киісімізбен, әдептілігімізбен алдымызға келген әрбір тұлғамен сөйлесу мәдениетін сақтап, қоғамның мемлекеттік қызметшіге деген көзқарасының дұрыс болуын, олардың мемлекеттік қызметшіге деген сенімінің арта түсуін қалаймыз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген қанатты сөз бар. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Елге қалтқысыз, адал қызмет ету біздің міндетіміз. Біз бүгінгі таңда тұрғындарға адал қызмет етіп, әділ шешім қабылдап, бойымыздағы қарапайымдылық және адамгершілік қасиеттерімізді жеке мүддеміз үшін емес, ең алдымен елдің мүддесі үшін жұмсауға тырысамыз.