Еліміздің су қоймаларынан ағызылатын сулар туралы

Еліміздің су қоймаларынан ағызылатын сулар туралы

Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 100% - ға толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды. Кеше тасқын суы «Альва» лиманды суару жүйесінің «Ескі грейдер» бөгетін арқылы асып кетті. «Қазсушар» мен жергілікті тұрғындардың күшімен тасқын суының бөгеттен асуы тоқтатылып, Қараөткел кентін су басу қаупі сейілді.

Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасуда. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұо, бұзылу қаупі жоқ. Су тораптары көп факторлы тексеруден өтті, нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық.

Осы уақытқа дейін Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі-1330 см, бір тәулікте ол 27 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 80% құрайды.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 83% - ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберу жұмысы жалғасуда. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 77%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әзір Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде.

Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98%-ға толы, өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 93%, мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастыруда.

Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасуда, сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіледі.