АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕ ТАЗАРТУ ҚҰРЫЛЫСТАРЫН САЛУ ЖӘНЕ СУ САПАСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ: МИНИСТР НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ СУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН РЕСУРСТАРЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Астанада өтіп жатқан «Global Water» халықаралық форумы аясында су технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесті.
Министр «ВодЭкоФильтр» ЖШС басшысы Сергей Рабцевичпен ауылдық жерлерде кәріз тазарту жүйелерінің құрылысын талқылады. Нұржан Нұржігітов жаңа Су кодексі осындай тазарту құрылыстарын салуды және техникалық суды пайдалануды көздейтін нақты іс-шараларды қажет ететінін атап өтті.
«Апта сайын жаңа Су кодексі бойынша жұмыс тобының кеңесі өтеді. Бірнеше сағат бойы біз әр тарауды мұқият қарастырамыз. Құжаттың су саласына қатысты барлық мәселелерді қамтып, уақыт талабына сай болғаны маңызды. Сондықтан біз сарапшылардың, қоғам мен бизнес-қауымдастықтың ұсыныстарына ашықпыз», - деді министр Нұржан Нұржігітов.
«SUECO» ЖШС министрге коммуналдық ағынды суларды тазарту саласындағы өз әзірлемелерін таныстырды. Нұржан Нұржігітов жақын болашақта, кәсіпорындар суды өз бетінше тазартуға міндетті болған кезде мұндай технологияларға сұраныс айтарлықтай артатынын атап өтті.
CLEVER GROUP өкілдері арнайы қондырғылардың көмегімен су сапасын бақылаудың ұлттық жүйесін әзірлеуді ұсынды. Тараптар әзірлеменің техникалық мүмкіндіктерін талқылады. Нұржан Нұржігітов бұл ұсынысты Экология министрлігімен бірге қарастыратынын айтты.