Түркістан облысының Жетісай ауданында суармалы су тұрақты беріліп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша, оның кеңесшісі Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында суармалы суды бөлу жұмыстарын үйлестіру үшін Түркістан облысына іссапармен барды. Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы жағдай тұрақты, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы су көршілес елдермен жасалған келісімдерге сәйкес келіп жатыр.
Қазір ауданда суды кезекпен беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдымен «Достық» каналынан төменгі ағыс аймағында орналасқан шаруа қожалықтары су алады.
Шілденің басында «Достық» каналы арқылы су берудің азаюы Сырдария өзенінің жоғарғы жағындағы су шаруашылығы жағдайының тұрақсыздығына байланысты болған. Қазір жағдай қалпына келді.
Қазақстанның оңтүстігінде суару маусымы 20 күнге ерте басталғанын еске сала кетейік. Бұған жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы себеп болды.