Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Солтүстік Аралға 2,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Осылайша, жыл сайынғы Аралға жіберілетін су көлемін 3 млрд текше метрге жеткізуге ниетті.
«Бүгінгі таңда біздің министрлік Қызылорда облысының ирригация жүйелерін қайта қалпына келтіру, су арналары бетондау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл су үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни, су жерге сіңбей, шаруашылыққа жетеді. Осының нәтижесінде үнемделген суды қосымша Солтүстік Аралға жіберуге ниеттіміз»,-деді министр Нұржан Нұржігітов.
Өткен жылы Қызылорда облысының 55 мың гектар күріш алқабында лазерлік тегістеу әдісі пайдаланылды. Министрлік алдағы уақытта егіс алқаптарын 100% лазерлік тегістеумен қамтуды жоспарлап отыр.
«Бүгінгі таңда Үкімет шаруалардың лазерлік тегістеуді сатып алу шығындарының 25%-ын субсидиялайды. Бірақ субсидия талаптарында бірқатар шектеулер болды. Мәселен, шаруа қожалықтарының кем дегенде 200 гектар жері болу керек деген талап болды. Маған дихандар тарапынан ұсыныс түсті. Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бұйрыққа өзгерістер енгізіп, аталған шектеуді алып тастадық. Нәтижесінде, енді кез-келген шаруа қожалығының лазерлік тегістегішті сатып алғаны үшін субсидия алу құқығы бар. Бұдан бөлек, біз субсидия көлемін 50%-ға дейін жеткіздік. Ол үшін 3-4 шаруашылық бірігіп, коператив ретінде сатып алса, шығындарының жартсына жуығын Үкімет субсидия түрінде қайтарып береді»,-деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.