Ағымдағы жылғы 17 маусымда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Жоғарғы сот төрағасымен бірлесіп, заң қоғамдастығымен кездесу өткізіп, сот жүйесіне құқықтың жекелеген салаларында мамандарды тарту мәселелерін талқылады.
Кездесу Нұр-Сұлтан қаласының сотында аралас форматта (офлайн және онлайн) өтті. Сонымен қатар, YouTube ресми арнада тікелей эфир жүргізілді https://www.youtube.com/watch?v=TeL3fQZ75fw.
Іс-шараға барлығы 100-ге жуық маман қатысты. Олардың ішінде: Қазақстандық заңгерлер одағының, Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері, академиялық қоғамдастықтың өкілдері, мемлекеттік органдар мен заң компанияларының заңгерлері бар.
Кездесу барысында а. ж. 31 мамырында Жоғары Сот Кеңесі жариялаған Нұр-Сұлтан қаласы соты судьяларының 2 бос лауазымына (салық, қаржы құқығы, зияткерлік меншік құқығы және жер қойнауын пайдалану саласындағы мамандар үшін) және Алматы қалалық соты судьясының 1 бос лауазымына (жер құқығы саласындағы мамандар үшін) конкурстық іріктеудің ерекшеліктері туралы ақпарат ұсынылды.
Өз сөзінде Кеңес төрағасы жоғарыда аталған конкурсқа кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар туралы айтып берді. Бұл жоғары заң білімінің, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерінің, мінсіз беделінің, заң мамандығы бойынша кемінде 15 жыл жұмыс өтілінің, медициналық куәландырудың, тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы отырысы қорытындысының болуы, сондай-ақ құқықтың тиісті салалары бойынша мамандануын растайтын жұмыс өтілінің кемінде соңғы 5 жыл болуы.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған салаларда жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (еңбек кітапшасы, кандидаттың сот процестеріне тиісті санаттағы істер бойынша сот өкілі ретінде қатысуын растайтын сот актілерінің көшірмелері (жылына кемінде 5 сот отырысына қатысу), ғылыми және оқытушылық қызмет) нақтыланды.
Бұдан басқа, Кеңес Төрағасы жиналғандарды құжаттарды қабылдау мен оларды алдын ала қарауды, белгіленген талаптарға сәйкес келетін адамдарды конкурсқа жіберуді қамтитын конкурстық іріктеудің өзі туралы хабардар етті.
Одан кейін үміткерлер оңтайландырылған біліктілік емтиханынан өтеді (оған психологиялық тестілеу және кейстік міндеттерді шешу кіреді), оны тапсырған кезде үміткерлер сұхбатқа жіберіледі. Кейін конкурстық комиссияның және Жоғары Сот Кеңесінің отырысы өткізіледі.
Қорытынды кезең судья лауазымына тағайындауға ұсынылған кандидаттардың өздері ұсыным алған сотта тағылымдамадан өтуі (жұмыстан қол үзіп, 1 ай) және сәтті өткен тағылымдаманың қорытындылары бойынша Президенттің Жарлығымен судья болып тағайындалуы болып табылады.
Заңгерлер өз кезегінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жауап алды. Атап айтқанда, тиісті облыстық және оларға теңестірілген соттардың жалпы отырыстарының қорытындыларын алу тақырыбы қозғалды. Кездесуге қатысушылар аталған отырыстарды онлайн-форматта өткізіп, қорытындыларды электронды түрде кандидаттарға және Кеңеске жолдауды ұсынды.
Бұдан басқа, қатысушылар заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне және құқықтың тиісті салалары бойынша мамандануын растайтын өтілге қатысты сұрақтар қойды, сондай-ақ істердің тиісті санаттары, сот отырыстарына және сот инстанцияларына қатысу саны бойынша сот процестеріне сот өкілі ретінде қатысуды растау мәселелеріне қызығушылық танытты.
Іріктеу рәсімімен, сондай-ақ құжаттар тізімімен толығырақ сіз Жоғары Сот Кеңесінің ресми сайтында таныса аласыз.
Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты