Ұлттық спорт түрінен "Құсбегілік" чемпионаты

2025 жылдың 26 қаңтарында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ұлан ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған Құсбегілік бойынша алғашқы чемпионат өтті. Бұл шара ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және жастардың арасында ұлттық дәстүрлерді сақтауға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Чемпионатқа Зайсан, Күршім, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласынан 13 қатысушы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
• 1 орын — Шәлап Ынтымақ (Зайсан ауданы)
• 2 орын — Хамитжанов Архат (Өскемен қаласы)
• 3 орын — Нәжітбан Айзере (Ұлан ауданы)
Жеңімпаз Шәлап Ынтымақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және шаруашылық қожалық басшысы Жапышев Жұмабек Қайырбердіұлының сыйы — атқа ие болды. Бұл сыйлық Құсбегілікке деген құрметтің көрінісі болып, ұлттық спорттың одан әрі дамуына ықпал ететін маңызды қадам болды.
ШҚО Экономикалық тергеу департаменті жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық спорт түрлерін дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Департамент басшысының орынбасары Дәукенов Жасұлан Дүйсенбекұлы екі жас бүркітшіге 25 000 теңге сомасында сертификаттар табыс етті. Бұл сыйлық жастарға өз мүмкіндіктерін әрі қарай дамытуға ынталандыру үшін берілді.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз! Бұл чемпионат тек жеңіс пен жетістіктер ғана емес, ұлттық спорт түрлерін сақтау мен дамытуға қосылған маңызды үлес болды. Ұлттық спорттың болашағы жастардың қолында, сондықтан осы бағытта жасалған әр қадам үлкен маңызға ие.