Қайтыс болуды тіркеу тәртібі

                                                        Қайтыс болуды тіркеу тәртібі

 

 

 

 Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер:

 

1)  медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат;

2)  қайтыс болу фактісін анықтау туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негіз болып табылады.

           Азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы құжат болған кезде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу автоматты түрде жүргізіледі.

          Азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы құжат болмаған кезде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатын құжаттарды ұсына отырып, мүдделі адамның өтініші бойынша жүргізіледі.

         Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін қайтыс болған адамның жақын туыстары, оның мұрагерлерінің аясына кіретін басқа да адамдар, қайтыс болған адаммен бірге тұрған адамдар, көршілер қайтыс болуды тіркеу туралы өтінішпен кез келген тіркеуші органға не Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша түрде немесе белгіленген нысан бойынша портал арқылы электрондық түрде жүгінеді.

          Жоғарыда көрсетілген адамдар болмаған жағдайда қайтыс болу туралы өтінішхатпен тұрғын үй-пайдалану ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың, қайтыс болған адамды күтіп-баққан не адам қайтыс болған ұйым әкімшілігінің қызметкерлері немесе мәйітті тапқан ішкі істер органы өтініш жасай алады.

               Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.

                Қайтыс болу туралы хабарламаны «электрондық үкімет» порталындағы «Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама» қосымша бетінен ала аласыз.

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҚЕ АҚ  Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының  Күршім аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі