ЖУАСОВ АСАН АЙТҚҰМАШҰЛЫ
1958 жылы 5 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Өскемен Жол құрылысы институтын, Шымкент қаласындағы медицина институтын «Фармацевт-провизор» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1975 жылы Ақсу ауылындағы Жоғарғы Катунь марал кеңшарында токарь-дәнекерлеуші мамандығы бойынша бастаған. 1976-78 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеді. 1984 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман Жоғарғы Катунь марал кеңшарының автокөлік қоймасында машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып орналасады. 1985 жылы Ақсу атқару комитеті ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланады. 1988 жылы Коробиха кеңшарында партия комитетінің хатшысы және Катонқарағай аудандық партиясы бірінші хатшысының көмекшісі лауазымына тағайындалады. 1991-95 жылдары Ақсу ауылында Жоғарғы Катунь марал кеңшары директорының өндіріс жайындағы орынбасары қызметін атқарады. 1995 жылы “Ақсу” акционерлік қоғамының Вице-президенті болады. 1996 жылдан бастап Қазақстан-Корей бірлескен «Ақсу-Дэен» кәсіпорынының негізін қалаушы және директоры қызметін атқарады. Кәсіпорын марал мүйізінің пантысынан, маралдың қанынан, жергілікті бал мен дәрілік шөптерден түрлі дәрі-дәрмек жасайтын ірі өндіріске айналады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан Республикасында тұңғыш рет “Пантокрин”, “Пантогематоген”, прополис тұнбасы, әр түрлі бальзамдар мен жақпа майлардың жаңа стандарттары тағайындалады. «Ақсу-Дэен» бірлескен кәсіпорыны 2011 жылы «Алтын сапа» Республикалық сайысының Күміс жүлдегері атанады. 2011 жылы Асан Айтқұмашұлы марал шаруашылығының «Ақсу» ЖШС директоры болып сайланады. Шығыстың брендіне айналған Алтай балын Еуропа, БАЭ, Жапон, Қытай еліне сату арқылы дүние жүзіне таныту мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Қазір уақытта Асан Айтқұмашұлы Өскемен қаласындағы «Су проект» ЖШС директоры қызметін атқарады. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.
2025 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Асан Айтқұмашұлына VIII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/324-VIII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.