Академик Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегіне арналған «Қ.О.Бітібаеваның әдебиет әлеміне салған дара жолы» әдістемелік семинар

2024 жылдың 8 қараша күні ШҚО ББ «Өркен» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы  ҚР Еңбек сіңірген мұғалімі, академик Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы зертхана филиалына 15 жыл толуына орай «Қ.О.Бітібаеваның әдебиет әлеміне салған дара жолы» облыстық әдістемелік семинарын    ШҚО ББ Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің «Абай атындағы орта мектебі» КММ-де өткізді.

Семинардың мақсаты – Қ.О.Бітібаеваның қазақ әдебиетін оқытудағы инновациялық технологиясының тиімділігі мен жаңашылдығын насихаттау. Қазақ педагогикасындағы шығармашылық ізденістерін ұсыну, тәжірибе алмасу.

         Семинарда ұстаз шәкірттері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.Т.Қасенов, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының профессоры, докторы А.М.Картаева, ШҚО ББ Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты Қ.О.Бітібеваның Республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшісі, педагог-шебер, PhD Мукашева Меруерт Козыкановна Қ.Бітібаева технологиясының заманауи оқытумен үндестігі, ғылыми тұжырымдамалар, ұстаздың сара жолы туралы естелік, зерттеулерімен бөлісті.

         Пән мұғалімдері  зертханадағы шығармашылық ізденістің нәтижесі, ұстаздың педагогикалық идеялары мен тәжірибесіне негізделген зертхана жұмыстары, тұлғаны дамытудың өнімді әдістері туралы практикалық сабақтар көрсетіп, шеберлік сыныптарын ұсынды, тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.

Жаңашыл педагогтің әдебиет әлеміне қосқан үлесін насихаттау мен салған ізін жалғастыруда Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің «Абай атындағы орта мектебі» КММ ұжымының  атқарып жатқан ізденіс жұмыстарына жоғары баға берілді.

Оқыту орыс және қазақ тіліндегі мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері (Т1, Т2), жас мамандар, зертхана филиалдары жетекшілері семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, тәжірибесін ұсынған әріптестеріне алғыстарын білдірді. Семинарға 40–тан астам мұғалімдер қатысты.