Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын іске асыру жалғасуда

Жоба аясында 2021-2022 жылдары 123 мектеп кітапханасы жаңғыртылды.
Облыстың білім беру ұйымдарының қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 150 кітапханашысы үшін біліктілікті арттыру курстары өткізілді.
2022 жылы және 2023 жылдың I тоқсанында «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша ШҚО білім беру ұйымдарында 96 мыңнан астам баланы қамтитын 30 мыңнан астам іс-шара өткізілді: бірінші сынып оқушыларын мектеп кітапханасымен таныстыру, «Әлемдік әдебиеттін бірге оқимыз», «Қысқы оқулар», «Демалыстағы оқуға құштар мектеп», «Мектепке кітап сыйла», «Балалар кітабы апталығы», «Бірге оқимыз, дауыстап оқимыз!» және «Мектеп кітапханасының үздік жобасы», «Оқуға құштар отбасы», «Мектеп буккроссингі: бірге оқимыз» облыстық байқаулары.
Оқушылар арасында кітап алмасу бойынша 340 тармақты қамтитын буккроссинг желісі тұрақты негізде жұмыс істейді, мектеп кітапханалары базасында 21 Coworking орталығы ашылды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында облыс мектептерінің оқушылары шығармашылық конкурстарға белсенді қатысады.
ШҚО ББ Күршім ауданы бойынша білім бөлімінің «№3 Күршім гимназиясы» КММ 10 сынып оқушысы Есманова Жанерке 2022 жылы «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерінде 1 орын алды. Жанерке әлемдік және қазақ көркем әдебиетінің шығармаларын көп оқиды және сапалы білім мен адал еңбектің арқасында өзін осындай жетістікке жетті деп санайды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы балалардың оқуға деген қызығушылығын оятуға, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған және оны іске асыру облыстың білім беру ұйымдарында жалғасатын болады.