Шығыс Қазақстан облысында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы

Шығыс Қазақстан облысында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы

Шығыс Қазақстан облысында 394 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді: 192 шағын орталық, 202 балабақша, оның ішінде 86 жекеменшік балабақша, бұл 43% құрайды. Мектепке дейінгі біліммен 36,5 мыңға жуық бала қамтылған, оның ішінде 6 мыңнан астамы мектепалды даярлық сыныптарында оқиды.

Облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтамасыз етілген, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 97,8% - ға жетті. Бұған 2022 жылы 1080 жаңа орынның ашылуы ықпал етті.

Бүгінгі таңда 2-3 жастағы 1675 бала кезекте тұр. Екі ауданда кезекте тұрған балалар жоқ, бұл Самар және Катонқарағай аудандары.

Өңір алдында 2025 жылға дейін осы санаттағы балаларды 100 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы мақсатта қадамдық жоспар әзірленді, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін қосымша 2875 жаңа орын ашу жоспарлануда.

Жаңа орындарды Өскемен қаласында 1280 орындық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша 5 балабақша салу, 880 орындық 5 балабақша ғимаратын нысаналы мақсатқа қайтару, 415 орындық 4 жеке балабақша ашу, сондай-ақ 300 орындық жұмыс істеп тұрған балабақшаларды кеңейту есебінен ашу жоспарланып отыр.

Жоспар бойынша ашылатын 2875 жаңа орынның ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларында 2 балабақша ашылды: Өскемен қаласында Челюскин көшесі, 17/1 мекенжайы бойынша 140 орындық балабақша ғимараты қайтарылды және Протозанов көшесі, 139 мекенжайы бойынша 150 орындық жеке балабақша ашылды.

Осылайша, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар және бизнестің мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейтуге белсенді қатысуы 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды 100% қамту бойынша қойылған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.