2026–2027 оқу жылындағы Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының қызметі

2026–2027 оқу жылында облыстың барлық білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істейді. АПҚО қызметі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы бағытындағы міндеттері және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты әзірлеген әдістемелік нұсқаулық негізінде ұйымдастырылады.

Орталықтың негізгі мақсаты – ата-аналардың педагогикалық құзыреттілігін арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, балалардың үйлесімді дамуына, психологиялық әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасау.

Оқу жылы барысында 1–11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған жүйелі сабақтар, тренингтер, практикалық кездесулер мен консультациялар өткізу көзделеді. Сабақтар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, үш бағытта ұйымдастырылады: 1–4 сынып ата-аналарына 8 сағат, 5–9 сынып ата-аналарына 8 сағат және 10–11 сынып оқушыларының ата-аналарына 8 сағат тақырыптық кездесулер.

Жұмыс барысында баланың мектепке бейімделуі, оқу қиындықтарын еңсеруде эмоционалдық қолдау көрсету, жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнату, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық қауіпсіздік, жауапкершілік пен дербестікті қалыптастыру, кәсіби бағдар беру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелері қамтылады.

Орталық қызметі ата-аналардың белсенді қатысуына негізделіп, ашық пікір алмасу, өмірлік жағдаяттарды талдау, топтық жұмыстар, практикалық тапсырмалар және отбасында орындауға арналған ұсынымдар арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында 12311 сабақ өткізіліп, оған 61 487 ата-ана қатысты.

Барлық мектептердегі ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жанынан «Даналық мектебі» клубтары құрылды. Клуб жұмысында ата-аналардың нақты қажеттіліктері ескеріліп, ұлттық құндылықтар мен педагогикалық дәстүрлерді қолдану бойынша оң тәжірибе алмасу қарастырылған. «Даналық мектебі» клубтарында 4 секция жұмыс істейді: «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі». Клуб аясында 1-11 сынып ата-аналарымен «Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі», «Ағасы бардың жағасы бар», «Әке — отбасының тірегі», «Әке көрген оқ жонар», «Әке — асқар тау, биік шың» тақырыптарда семинарлар мен тренингтер, «Әкем, анам және мен!» спорттық жарыстары, ата-аналарға арналған ашық есік күндері мен апталықтар өткізіледі. «Даналық мектебі» клубында барлығы 1125 іс-шара өткізіліп, 39755 ата-ана қамтылды.

Барлық өткізілген іс-шаралар әлеуметтік желілерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының #хэштегтерімен және АПҚО логатипімен орналастырылады.

Жыл бойы аудандық, қалалық білім бөлімдері ата-аналарды педагогикалық қолдау бойынша қызметке мониторинг жүргізеді.

Жарияланған күні

10 қараша 2026

Жаңарту күні

10 қараша 2026