2026 жылдың 9 айындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс қорытындылары туралы
Көру саны:11
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы жүйелі түрде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңды сыйлайтын мінез-құлықты қалыптастыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруда.
«Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында «Конституция негіздері» (5-7-сынып оқушылары үшін), «Заң және тәртіп» (8-11-сынып оқушылары үшін) және «Жеке қауіпсіздік» (5-11-сынып оқушылары үшін) курстары оқытылуда. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға және заңға құрметпен қарауды тәрбиелеуге бағытталған «Заң және тәртіп» бағытына ерекше назар аударылады.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Жасөспірім», «Профилактика», «Қауіпсіз мектеп ортасы», «Түнгі қаладағы балалар» сияқты профилактикалық іс-шаралар мен акциялар өткізілуде. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған тәлімгерлік жобалары іске асырылуда.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын 2026-2030 жылдарға іске асыру шеңберінде 97 нысаналы көрсеткішті қамтитын облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны іске асыру білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және құқық қорғау салаларындағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылымен жүзеге асырылады.
Профилактикалық жұмыстың басым бағыттарының бірі – жасөспірімдерді қоғамдық, шығармашылық және спорттық қызметке тарту. Облыста 921 балалар мен жасөспірімдер бірлестігі жұмыс істейді, оның ішінде мектеп парламенттері, дебат клубтары, еріктілер қозғалыстары және «Саналы ұрпақ» клубтары бар. Жалпы қамту 45 мың баладан астам.
Сонымен қатар жасөспірімдердің, соның ішінде қатер тобындағылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған «Күш бірлікте» пилоттық жобасы іске асырылуда. 12 білім беру ұйымында қатысушылары 350-ден астам оқушы болатын көшбасшылар клубтары құрылды.
Назар аударуды қажет ететін балалармен мақсатты профилактикалық жұмысқа, оларды жеке педагогикалық сүйемелдеуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен және заңды өкілдерімен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен сауалнама арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлық қатерлерін анықтауға және саралауға мүмкіндік беретін «Qolda» платформасы енгізілді. Қыркүйек-қазан айларында 26 мыңнан астам бала диагностикадан өтті. Оның нәтижелері бойынша 530 кәмелетке толмағанға сүйемелдеу ұйымдастырылды.
Қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты қатерлерді уақтылы анықтауға және қажетті көмек ұйымдастыруға арналған BALAZHAN бірыңғай мемлекеттік платформасын да іске қосты.
Қосымша білім беру ұйымдарында «Кеңес беру пункті», «Бірыңғай ата-аналар жиналыстары», «Бірыңғай профилактикалық сабақтар» жобалары, сондай-ақ қайырымды және қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыруға бағытталған «Досболайк» буллингке қарсы бағдарламасы іске асырылуда.
Құқық бұзушылықтардың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң серпін байқалады.
Биылғы жылдың 9 айында ерекше назар аударуды қажет ететін 252 мектеп оқушысы анықталды. Ювеналды полиция бөлімшелерінде 142 кәмелетке толмаған есепте тұр.
Сонымен қатар есепті кезең қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейінің, сондай-ақ балаларға қатысты жасалған қылмыстар санының төмендегені байқалады.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 10,3%-ға – 116-дан 104-ке дейін азайды. Кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстар саны 40,9%-ға – 66-дан 39-ға дейін кеміді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық тәрбие беру, қатерлерді ерте анықтау және жасөспірімдерді қолдау жөніндегі кешенді жұмыс жалғасады. Басты міндет – қауіпсіз білім беру және әлеуметтік ортаны қалыптастыру, әрбір баланың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету және жас ұрпақта заңға да, қоғамға да жауапты көзқарасты тәрбиелеу.
10 қараша 2026
10 қараша 2026