"Стоп кредит": қызметін қосу жөніндегі іс-қимыл алгоритмі

"Стоп кредит": қызметін қосу жөніндегі іс-қимыл алгоритмі

Несиелік алаяқтар әлеуметтік инженерия мен IT-технологиялардың заманауи әдістерін қолдана отырып, банктердің, микроқаржы ұйымдарының клиенттерінің дербес деректерін іздейді.

Қазақстанда қаржылық қылмыстардың санын азайту мақсатында арнайы қорғау тетігі әзірленді, оның шеңберінде әрбір азамат жаңа кредиттер алуға тыйым салуды дербес енгізе алады.

 

Қарыздың берілмеуіне өз-өзіне тыйым салу («Стоп кредит» немесе «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту») - бұл адамның банктерден және микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) жаңа кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуы. Мұндай тыйымды тек қарыз алушының өзі орната алады. Бұл опция қолданылған кезде Қарыз алушының несиелік тарихында оның несие алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны туралы белгі пайда болады. Несиелік ұйым несиелік бюролардан деректерді сұрай отырып, мұндай шектеу белгісін көреді және автоматты түрде клиентке несие бермеу туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихын бағаламайтын басқа ұйымдарға қатысты емес.

 

Назар аударыңыз: егер адамның атына кредиттер ресімдеуге дербес тыйым салынғаннан кейін оның хабарынсыз қарыз ресімделсе, берешек автоматты түрде жойылады.

«Стоп кредит» қызметін қалай пайдалануға болады?

«6 айға банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» кредиттік алаяқтардан қорғау болып табылады және eGov.kz сайты мен       E-gov mobile қосымшасында қолжетімді.

Қызметті компьютер арқылы алу үшін төмендегілер қажет:

*  ЭЦҚ көмегімен, логин және парольді пайдалана отырып eGov.kz сайтына кіріңіз;

* сайттың басты бетінде «Сервистер» – «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» – «Қызметке онлайн тапсырыс беру» бөлімін таңдаңыз;

* барлық қажетті жолдарды толтырыңыз және ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қойыңыз.