Бірыңғай қабылдау күні Ұлытау облысында 120-ға жуық адамның мәселесі тыңдалды

Бүгін Ұлытау облысында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті. Тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау іс-шарасына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, бөлім басшылары қатысты.
Бірыңғай қабылдау күнінде Ұлытау облысы бойынша жалпы 119 адамның, облыс әкіміне жеке мәселемен келген 27 азаматтың мәселесі қаралды.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жергілікті билік өкілдеріне тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер және баспана кезегі т.б.мәселесі бойынша жүгінді.
Айта кету керек, аталған ауқымды іс-шара Ұлытау облысында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні алдағы уақытта әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, бұдан бөлек, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы әр бейсенбі күні әкімдік ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.