
Кейкі батыр үңгірі
Кейкі батыр үңгірі Қорғасын ауылының солтүстік төскейінде 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Ер етігімен су кешіп,ат ауыздығымен су ішкен қысылтаяң заманда батыр сол үңгірді паналап,жауларынан қорғанған екен.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан.
Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Азан шақырылған шын аты – Нұрмағамбет. Жастайынан аңшылықпен айналысып, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған. Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерден белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болған. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші - мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсеткен. Кейкіні көрген, кешегі қиын кезде соңына ерген адамдар оның өлімнен қорықпайтын өжеттігін, көздегенін құр жібермейтін мергендігін жыр қылып айтады екен. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Дұшпандарынан жасырына жүріп Батыр біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды.
1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған.Жолда оның шын ниетін сезіп қалған Кейкі, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ, Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді.